Ескі қаланың жаңа келбеті: Бір жылда Түркістан қалай түрленді?

0
5809

«Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, облыс орталығына айналған тарихи қала соңғы екі жылда адам танымастай өзгерді. Ал, Түркістанның түрленетіндей жөні де бар. Өйткені, бір ғана 2020 жылдың 10 айында өңірдің мәдениет, спорт сияқты салаларына 93 млрд теңгеден астам инвестиция құйылыпты. Бұл толымды тірлік бюджет қаражатымен қатар демеушілер мен инвесторлар есебінен де жүзеге асып жатыр.

 ЕҢ ҚЫМБАТ СЫЙЛЫҚТЫ ШЫМКЕНТ ЖАСАДЫ

Түркістан облысы мен оның орталығын жаңартуға елдің әр өңірі өзіндік үлес қосып жатқаны белгілі. Мәселен, Шымкент қаласы «жақын көршісіне» ең қымбат сыйлықтардың бірін жасады. Қазақстанның үшінші мегаполисі тарихи қалада аумағы 8,4 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты ғылыми-әмбебап кітапханасын тұрғызып жатыр. Кітапхана 250 мың кітапты сақтауға есептелген және онда 392 орындық концерт залы болады. Бұл жұмысқа Шымкент қаласының Құрылыс басқармасы мен «Bazis-A» корпорациясы жауапты.

Шымкент әкімдігінің мәліметінше, кітапхана құрылысына барлығы 8 млрд теңге жұмсалмақ. Соның 1 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 7 млрд теңгесі қалалық бюджеттен бөлінген. Бүгінде 8 млрд теңгенің 5,5 млрд теңгесі игеріліп, еңселі ғимарат бой көтерді, сыртқы және ішкі әрлеу, инженерлік желілер тарту, абаттандыру жұмыстары ішінара орындалды. Енді кітапхана мен сахна жабдықтары сатып алынады.

Кітапхананың архитектуралық идеясын жас қазақстандық сәулетші Сабина Хамзина ұсынды. Оның жобасы 2018 жылы өткен «Turkistan Architect Awards» байқауында жеңіске жеткен-ді.

Шымкент әкімдігі кітапхана құрылысын 2021 жылдың 20 наурызында аяқтауға уәде беріп отыр.

БАСПАСӨЗ ҮЙІН АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ САЛДЫ

Екі млн халқы бар Алматы қаласы Түркістан қаласына ауданы 3 мың шаршы метрден асатын медиа орталықты сыйға тартты. Баспасөз үйінде телеарналар мен радиолардың, облыстық газеттердің редакциялары және түркітілдес елдердің БАҚ өкілдері орналасқан. Оның құрылысы алғашқылардың бірі болып 2019 жылдың соңында аяқталды.

Медиа орталықты Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасының тапсырысымен «BI Group» холдингі салды. Алматы әкімдігінің мәліметінше, жобаның жалпы құны – 4,8 млрд теңге болса, оның 2 млрд теңгесі медиа орталықты жабдықтауға жұмсалған.

ЕЛОРДА НҰР-СҰЛТАН АЛАҢЫН ТАРТУ ЕТТІ

Елорда еліміздің болашақ рухани орталығына аумағы 5,4 гектарды алып жатқан Нұр-Сұлтан алаңын тарту етті. Онда 30 мың шаршы метрге ағаштар егіледі, 20 мың шаршы метрге жаяу жүргіншілер жолдары төселеді, қалған жерлерге субұрқақтар орнатылады. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы мен Елорда атауын алған алаң түркістандықтардың көз қуанышына айналады.

Тапсырыс беруші – Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық ортаны регенерациялау басқармасы, бас жобалаушы – «Қала құрылысы жобасы орталығы» ЖШС, мердігер – «BI Urban Construction» ЖШС.

Мердігер мен тапсырыс беруші арасында келісім-шарт 3,95 млрд теңгеге жасалған. Яғни, жақында Түркістанда пайдалануға берілген алаң үшін Нұр-Сұлтан әкімдігі осынша қаржыға шығындалды.

ҮШ ОБЛЫС САЯБАҚҚА ҚАРЖЫ БӨЛДІ

2018 жылғы 12 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңес қорытындысы бойынша Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктері Түркістандағы 30 га аумақта аттракциондары бар саябақты абаттандыруды өз мойындарына алды. Саябақта балаларға арналған ойын алаңдары, дене шынықтыру және спорт кешендері, су бұрқақтары салынады. Бұқаралық іс-шаралар мен ландшафтық-серуендеу аймағы үшін орын бөлінеді.

Бүгінде саябақтағы барлық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Саябақ қала тұрғындары мен қала қонақтарына жақында есігін айқара ашады. Бұл күндері нысанды Түркістан облысының коммуналдық меншік балансына беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысын «Bazis-A» корпорациясы орындаған. Аталған жобаны жүзеге асыруға Алматы облысы 3,4 млрд теңге, Ақмола облысы 2,6 млрд теңге, Қарағанды облысы 2,5 млрд теңге қаржыны бюджеттен бөлген.

АТЫРАУ ЖОМАРТТЫҚ ТАНЫТТЫ

 Атына заты сай болған Атырау облысы жомарттық танытты. Ең бай облыс ең қымбат сыйлық жасады. Мұнайлы астана тарихи қалада ауданы 6 мың шаршы метрге жуық «Ұлы дала елі» мәдени-сауық орталығын салады. Онда Қазақ хандығының құрылу тарихын бейнелейтін экспозициялары бар тоғыз тақырыптық зал орналасады.

«Ұлы дала еліне» Атырау облысының Құрылыс басқармасы жауапты. Инвестиция көлемі – 10,8 млрд теңгені құраса, оның 8,1 млрд теңгесі облыс бюджетінен, қалған 2,7 млрд теңгесі демеушілерден бөлінді.

Атырау облыстық Құрылыс басқармасының хабарлауынша, «BI Group» холдингі орындаған құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды, нысан жақында пайдалануға беріледі.

ТҮРКІСТАННЫҢ СУ ЖАҢА ДРАМА ТЕАТРЫ БАР

 Тағы бір ең қымбат сыйлықтардың бірі – драма театр. Бес жүз көрерменге арналған төрт қабатты театрдың ауданы 10 мың шаршы метрді құрайды. Жобаның құны – 9,4 млрд теңге. Бұл қаржының жартысын Ақтөбе облысы көтерген, қалғанын Түркістан облысының өзі бөлген.

4,7 млрд теңгенің басым бөлігі Ақтөбе облыстық бюджетінен қарастырылса, 0,5 млрд теңгені «Парыз» қоғамдық қоры аударған. Ал, театрды сол баяғы «BI Group» салған.

БАСҚА ОБЛЫСТАР ДА ҚАЛЫС ҚАЛМАДЫ

 Батыс Қазақстан облысының бюджет қаражаты есебінен 550 орындық концерт залы, оқу сыныптары, конференция залы және демалыс аймағы бар ауданы 2,3 мың шаршы метрлік «Ақ Жайық» музыка мектебі салынды. Екі қабатты музыка мектебі Батыс Қазақстан облысының бюджетіне 1,9 млрд теңгеге түсті. «А.Р.Т.-Құрылыс» компаниясы бұл нысанды тапсырыс берушіге 2019 жылдың желтоқсанында тапсырды.

Қостанай облысы отбасылық құндылықтарға қаржы құйды. 2019 жылы облыс бюджетінен бөлінген 1,2 млрд теңгеге «B&A Contractors SA» компаниясының Нұр-Сұлтан филиалы Неке қию сарайын салды.

Түркістанда 2019 жылдың қазан айында жаңа су бұрқақ пайда болған еді. Жарқылдаған әрі әуенді 1,1 млрд теңгелік заманауи су бұрқақты Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі сыйға тартты.

Солтүстік Қазақстан облысы өз бюджетінен құны 1,1 млрд теңге болатын екі қабатты Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебін салуға қаражат бөлді. Баскетбол, волейбол, футбол және жекпе-жек залы бар спорт мектебінде болашақта облыстық, республикалық және халықаралық жарыстар өткізіледі. «СТРОИН» ЖШС нысанды 2019 жылдың қазан айында тапсырды.

Түркістан облысының батыстағы көршісі – Қызылорда облысы «Бақ-Береке 2030» ЖШС-нің «көмегімен» 100 адамға арналған шығыс моншасын салып берді. Құрылыстың жалпы ауданы – 8,6 мың шаршы метрді, сметалық құны – 1,1 млрд теңгені құрады. Монша құрылысы көне шығыс стилінде бекітілген эскиздік жобаға сәйкес жүргізілді.

Жамбыл облысының әкімдігі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жатақханасын визит-орталығына айналдырды. Оған облыстық бюджеттің 738 млн теңгесі жұмсалды.

Павлодар облысы Түркістандағы құрылысқа бюджеттен бір тиын да жұмсамады. Ауданы 4,2 мың шаршы метрлік Халыққа қызмет көрсету орталығы демеушілер есебінен салынды. Құрылысқа кеткен 1,2 млрд теңгені «Eurasian Resources Group» АҚ бөлді. Заманауи құрылысты салған «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС нысанды 2019 жылдың қазан айында тапсырды.

ТҮРКІСТАНҒА СЫЙЛЫҚ ЖАСАМАҒАН ЖАЛҒЫЗ ОБЛЫС

Қазақстанның барлық өңірі 2,5 жыл бұрын облыс орталығына айналған Түркістанға бір-бірден ғимарат «сыйлап» жатқанда, Маңғыстау облысы сыйлық жасаудан қалыс қалған екен. Еліміздегі донор, яғни бай облыстардың бірі Маңғыстау қаржыландырудың болмауына байланысты облысқа Елбасы жүктеген амфитеатрды салу «Самұрық-Қазынаға» міндеттеліпті.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Көп түкірсе – көл» дегендей, «түріктің Тәңірі берген несібесі» Түркістанды абаттандырып, көшелерді көркейту, мәдени нысандар салу жұмыстарына еліміздің Маңғыстаудан басқа барлық өңірі бір атаның баласындай үлес қосып келеді. Әкімдіктер қазірдің өзінде жергілікті бюджеттен тарихи қалаға 40 млрд теңгеден астам қаржы жұмсапты. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты фильмінде Түркістанды дамытудың бірінші кезеңінде 350 млрд теңге жұмсалатынын айтқан еді.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here