Бауыржан Қасымбергебаев: «Тәуелсіздік Отаныма оралуға мүмкіндік берді»

0
7282

Биыл азаттық алғанымызға 30 жыл толып отыр. «Әлемдік тарих тұрғысынан қарағанда онша көп те уақыт емес. Дегенмен, осы жылдарда біз әлемге және болашақ ұрпаққа тәуелсіз Қазақстан атты жасампаздықтың ұлы жемісін ұсына алдық. Сол себепті бұл кезең біз үшін Ұлы дәуір» (Н.Назарбаев). Ал, Тәуелсіздік тудырған есімдер де аз емес. Соның бірі – Ресейдегі «Синергия» университетінің Қазақстандағы өкілдігінің Бас директоры, «Bolashaq» қауымдастығының құрметті мүшесі, «Болашақтың» түлегі Бауыржан Қасымбергебаев.

 «ОН ТОҒЫЗ ЖАСЫМДА МӘСКЕУЛІК УНИВЕРСИТЕТТІ ҚЫЗЫЛ ДИПЛОММЕН АЯҚТАҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚПЫН»

– Бауыржан Тілеубергенұлы, Сізге сұхбатқа келмес бұрын өмірбаяныңызбен қысқаша танысып шыққан едім. Сонда тұрғыласынан озық, замандасынан ерек, қатарласынан үздік топжарғанды кезіктіргендей болдым. Алматыда өмірге келдіңіз, Омбыда балалық шағыңыз өтті, Мәскеуде жоғары білім алдыңыз, кейін елге оралдыңыз. Ал, Отанға оралуға не түрткі болды?

– Алматы облысының тумасымын. Алты жасымда асқар тау әкемнен айырылып қалдым. Содан тағдырдың жазуымен Омбыға (Ресей) қоныс аударуға тура келді. Негізі анам сол жердің қызы.

Бүкілресейлік бір байқауда жеңімпаз атанып, Мәскеуге оқуға жолдама алдым. Ресейдің талантты талапкерлерінің басын қосқан бұл байқауға екі санат бойынша талапкерлер іріктелді. Бірінші санат – талапкер міндетті түрде әлеуметтік аз қамтылған отбасынан болуы керек. Екінші санат – баланың үлкен мақсаты болуға тиісті. Әкемнің қайтыс болғандығы, құрылыста жұмыс жасайтын анамның мені жалғыз тәрбиелеп отырғандығы бірінші санатқа сай келетінімді көрсетсе, мақсатым да айқын еді. Мақсатым ретінде өзімді жиырма жылдан кейін қалай елестететінімді, нақтырақ айтқанда, тарихи Отаныма оралатынымды, Қазақстанды әлемнің ең бай елі етуге, халықтың бақытты, дәулетті және білімді болуына өз үлесімді қосатынымды айттым. Менің бұл ойым оларға ұнаса керек, іріктеуден сүрінбей өттім және сол байқауда жеңіске жетіп, Мәскеуден бір-ақ шықтым. Осылайша, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетіне оқуға түстім.

Менің оқуға байланысты барлық шығындарымды ресейлік бір кәсіпкер көтерді. Бірінші курста күндізгі бөлімде оқысам, екінші курста экстернатқа ауыстым (экстернат – студенттердің оқу орнының курсын сабақтарға қатыспаусыз дербес оқып, кейін осы курс бойынша емтихан тапсыруларына негізделген оқыту жүйесі). Бір жылда үш курсты оқыдым, яғни екі жылда университетті қызыл дипломмен бітірдім. Он тоғыз жасымда Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетін үздік бітірген тұңғыш қазақпын десем артық айтқандығым болмас. Сенесіз бе, оқудан шаршап, қатты күйзелгенім сондай 30 келі салмақ тастадым. Өйткені, бір жылда үш жылдың 36 емтиханын тапсыру оңай болған жоқ. Міне, «Оқу – инемен құдық қазғандай» деген осы болар.

Университетті аятқаған соң Мәскеуде қалдым. «Вокруг света» баспасы жетекшілерінің бірі болдым, нақты айтқанда, «Путеводитель» жобасын басқардым. Көп ұзамай туристік салаға кеттім, қарапайым курьерден бас директорлыққа дейінгі еңбек баспалдақтарынан көтерілдім. Ең ірі мәскеулік туристік компанияның  филиалына басшы болып тағайындалдым. Сол кезде туристік компанияның ең жас басшысы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына үміткер болдым. Бұл менің өмірімдегі ең қызықты сәттер еді. Сөйтіп, баспа, туризм саласында өнімді еңбек етіп жүргенімде, сол кездегі Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаевпен (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры) таныстым. Жансейіт Қансейітұлына менiң еңбекқорлығым, ізденімпаздығым әсер етті ме, әйтеуір, ол кісі ҚР Білім және ғылым министрі қызметіне тағайындалғанда мені Астанаға (Нұр-Сұлтан) жұмысқа шақырды.

«Қазақстанда сенің түп-тамырың, туған елге орал!» деген Жансейіт Қансейітұлының сөзі менің «Туған елдің бір кірпіші болып қалансам, туған елге туымды тіксем» дейтін арман-мақсатыммен тұспа-тұс келді. Осылайша, ойланбастан министрдің шақыртуын қабыл алып, «Болашақ» бағдарламасының вице-президенті болып тағайындалдым. Артынан «Болашақ» бағдарламасының президенті қызметін атқардым. «Болашақ» бағдарламасымен Лондон экономика және саясаттану мектебінде білімімді де шыңдадым. Қазір Мәскеудегі «Синергия» университетінің Қазақстандағы өкілдігінің Бас директоры қызметін атқарамын.

«ОТЫЗ ЕКІ ЖАСЫМДА АЛҒАШҚЫ МИЛЛИОН ДОЛЛАРЫМДЫ ТАПТЫМ»

– Бауыржан Тілеубергенұлы, екеуіміздің өмірбаянымыздан бірқатар ұқсастықты байқағандай болдым. Айталық, мен де Сіз секілді асқар тау әкемнен ерте айырылып қалдым. Бала болсам да әкем жетпеген жетістікке жетуді, әкемнің атына кір келтірмеуді, түптеп келгенде, әкемнің атын шығаруды алдыма мақсат қойып, осы мақсаттың жолында қатарластарыма қарағанда ерте еңбекке араластым. Құдайға шүкір, бүгінде сол көп мақсаттың біріне жеткендеймін. Бірақ, қазір ойлап қарасам, жастық шағым осы мақсатпен өте шығыпты. Ал Сіздің еңбекке ерте араласуыңыз мендегідей мақсатты көздеді ме, әлде 19 жаста университетті үздік бітірген, басшы болған Бауыржанды вундеркинд дейміз бе?

– Ал, Сіз қазір қанша жастасыз?

– Мен 32 жастамын…

– Мен қазір 41 жастамын, ал Қазақстанға 26 жасымда оралдым. Қатарластарымыз жастықтың желігімен ойын-сауық құрып жүргенде біздің білім алып, ізденіп, еңбекке ерте араласқанымыз дұрыс болған. Өйткені, біз замандастарымызға қарағанда тұлға ретінде ерте қалыптастық. Мен ешқашан жастық шағымның осылай өткеніне өкінген емеспін. Студент кезімде Мәскеудің түнгі клубына бармасам да, еңбекке ерте араласқанымның арқасында қазір сол түнгі клубты сатып алуға жағдайым жетеді. Шүкір, 32 жасымда алғашқы миллион долларымды таптым. Әрине, жетістік материалдық жағдаймен ғана өлшенбейді. Ең бастысы, өмірден алған өнеге, білім ғой.

Қырық жастан ассам да, әлі күнге дейін әкемнің, анамның атына ұят келтірмеуді бірінші орынға қоямын. Анам күніге баласымен мақтанып, сондай мақтаныш сезіммен жүрсе деймін. Кез келген шаруаны қолға аларда осыны ойлаймын. Ал, ақша, мансап, атақ үшін анама ұят келетін тірлікке барған емеспін, бармаймын да!..

Енді Сіздің вундеркинд туралы сұрағыңызға келсем, мен өзімді ешқашан вундеркинд санаған емеспін. Вундеркинд деп мектеп бағдарламасын 7 жылда толық меңгеріп, 12 жасында мектепті үздік бітіріп шығып, Қазақ-Британ техникалық университетіне оқуға түскен Абзал Мырзаштай талабы таудай таланттарды айтады. Ал, мен ауылдың қарапайым қара баласымын. Менің жетістікке жетуіме ең алдымен алдыма асқақ арман қойғандығым себеп болды. Бала күнімде анам екеуміз көрген қиындық ес біле келе «Аяғымнан нық тұрамын, халқыма қызмет етемін» деген арманға жетеледі. Арман деген адамды алға жетелейді екен. Бұл арманым артынан үлкен мақсатқа айналды. Айта кетсем, қымбат көлік, зәулім үй туралы армандап, оны мақсатқа айналдырған емеспін, менің арман-мақсатым одан да үлкен болды. Мен халық дәулетті, бақытты болуын, ол үшін мен қандай үлес қоса алатынымды алдымен ойладым. Егерде өзімнің материалдық жағдайымды алға қойғанда, бүгінгі жеткен жетістік, бағындырған белес болмас та еді.

– Арман демекші, бұрын балалардың арманы ғарышкер, президент, дәрігер, мұғалім болу болса, қазіргі балалар банкир, әнші болғылары келеді. Бұған не себеп?

– Рас, қазіргі балалардың арманы көбіне қымбат көлік алумен шектеледі. Менің көзқарасым бойынша, балалардың өз арман-мақсаттарынан бас тартуларына екі себеп бар.

Біріншіден, ата-аналардың қолдауы аз. Мысалы, бала президент болғысы келетінін айтса, ата-анасы «Ондай ой басыңа қайдан келді? Күлгін көзілдірікті шеш, жерге түс!» деген сөздерімен баланың о бастағы арманын жояды. «Иә, менің ақылды балам президент болады» деп, баласының ой-өрісін кеңейтіп, арман қиялына қанат бітірсе, баланың өзіне деген сенімділігі арта түседі.

Екіншіден, көбіне мектеп баланың сағын сындырады. Мысалы, бірінші сыныптан бастап балаға мұғалімнен қорықпауды, өз ойын еркін, ашық жеткізуді айтудың орнына, мектеп тек 40 минут тапжылмай отыруды үйретеді, қорқынышты дамытады. Бала көбіне ашылмай қалады. Қазір мектеп түлектерінің 80 пайызының бойларында қорқыныш, өзіне деген сенімсіздік бар. Полициядан, басшылардан қорқады. Өйткені, мектеп сондай идеология қалыптастырады. Ал, іргетасы дұрыс қаланбаған үйдің қабырғасы да, шатыры да түзу болып шықпайтыны, түбі құлайтыны белгілі.

Мектептегі мен қабылдамайтын тағы бір мәселе, барлық бала бірдей болуы керек. Бұл мұғалім үшін өте қолайлы екенін түсінемін, дегенмен мұндай жағдай олардың бойындағы таланттарын, өзіндік ерекшеліктері мен қабілеттерін тұншықтырады. Бәріне топырақ шашудан аулақпын, десе де көптеген ұстаздар оқушының арман-тілектеріне ден қойып құлақ аспайды, қолдау білдірмейді. Үйде, мектепте жағдай осындай болса, бала арманын орынсыз деп қабылдап, орындалмай қалуы мүмкіндігін алға тартып, өз арманынан бас тартады.

Біз қазақы болмысымызға салып, барымызға шүкіршілік айтып, алдыға көп ұмтылмаймыз. Үнемі іштен тежеп тұратын болмысымыз кедергі екені рас.

Мен болашақта екі орталық ашсам ба деп ойлап жүрмін, біреуі ата-аналарға, ал екіншісі мектеп оқушыларына арналады. Оқушыларға арналған мектепте олардың ойлауын, санасын өзгертетін болады. Неғұрлым ертерек жетістікке қол жеткізсе, ол өздері үшін жақсы. Ал, екінші мектеп, яғни ата-аналарға арналған мектеп баладан бұрын ата-анаға дұрыс ойлауды, балаға дұрыс тәрбие беруді үйретуді көздейді. Өздері әлі жетістікке қол жеткізбеген болса, олар қалай балаға жол көрсете алады?! Бала біздің жүрген ізімізбен жүретінін ешқашан ұмытпауымыз керек.

«ҚАЗІР КАРЬЕРА ЖАСАУ ҮШІН БІР ДИПЛОМ АЗДЫҚ ЕТЕДІ»

– Біздің қоғамда жас басшыларға қарата айтылатын «Е, байдың баласы ғой» дейтін стереотип бар. Бүгінге дейінгі жүріп өткен жолыңыздан бейхабар адамдар тарапынан Сіздің адал еңбекпен биік жетістікке жеткеніңізге күмән келтіргендер кездесті ме?

– Өз басым маған бағытталған ондай пікірлерді әлі естімедім.

– Ал, естісеңіз ренжіп қалар ма едіңіз?

– Менде ешқашан реніш, өкініш болған емес, өйткені ол уақыт пен күшті алады. Менің ойымша, іштегі өкініш-өксікті, ашу-ызаны шығармай, жетістікке жету, тұлға болып қалыптасу қиынның қиыны. Ал, адал еңбегімен «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанғандардың жетістігін «Е, байдың баласы ғой» деген бір ауыз сөзбен жоққа шығару адамның көрегенділігін көрсетпейді. Сізді мүлде білмейтін сондай бөгде адамның теріс пікіріне назар аударудың маңызы да жоқ.

Менің бала кезімде анам екеуміз көп қиындық көрдік, себебі ол кезде қазіргідей мүмкіндіктер болған жоқ. Үстел үстіне қоятын тамақ таппай, аш болған кездерімізде мен іштей тістеніп, өзіме болашақта бұлай өмір сүрмейтініме уәде беретінмін. Сол уәдемде тұрдым.

– Әкесіз өстіңіз, жалғызбасты анаңызға қиын болғаны түсінікті. Қазір Өзіңіз де әке атанып отырсыз. Әкеңізден алмаған жылулықты, қолдауды өз перзенттеріңізге беріп отырсыз ба?

– Екі қызым бар. Менің ең бірінші мақсатым қыздарыма өз махаббатымды беру, қолдау көрсету. Олар әкелерінің үнемі қасында екенін, қорған болып жүргенін сезінулері керек. Қатты тырысып жүрмін, мүмкін кейбірі сәтсіз болып жатқан да шығар, бірақ олардың ең жақын досы болуға барымды салып жүремін. Барлық достарын жатқа білемін. Өйткені, қандай ортаға тап болатыны маңызды. Әкемнен алмаған жылулықты, қамқорлықты өз перзенттеріме беруге ұмтыламын.

– Қазақстандағы білім саласы сынақ алаңына айналды. Әр жаңа министр бір реформаны арқалай келеді. Өкінішке қарай, сол реформалардың сәтті шыққаны аз. Ал, Сіз білім министрі болсаңыз ең алдымен білім саласына қандай реформа жасар едіңіз?

– Мен біздің министр ұсынған барлық реформаларды қолдаймын, бірақ кез келген реформаны халыққа ұсынарда алдымен оны дұрыстап ойластырып, електен өткізіп, үлкен дайындық жасау керек. Егер мен министр болсам, барлық реформаларды тереңнен зерттеп, қазіргі оқыту жүйесін түбегейлі өзгертер едім. Баламен балабақшадан бастап дұрыс жұмыс істеу, оның қай салаға бейімділігі барын байқау, сол салаға қарай бағыттау, білім алуға деген ұмтылысын арттыру, кішкентай кезінен оның санасына жетістікке жету керек екенін, ол үшін алдына мақсат қоя білу керектігін сіңдіруге аса мән берер едім. Ол мектепті бітіре салысымен университет оқымай-ақ өз ісін аша алатындай жағдай жасар едім. Қазір заман өте қарқынды даму үстінде, енді шамалы уақытта көптеген мамандықтар қажет болмай қалады. Себебі, ол адамның орнын белгілі бір техника немесе бағдарлама басады. Олай болса баланың уақытын босқа кетіріп, университетте оқытқанша, оның сана сезімімен, ойлау қабілетімен жұмыс жасаған дұрыс деп ойлаймын.

Кеңес Одағы уақытында университетті аяқтап, дипломды қолға алғаннан кейін бәрі еңбек баспалдағымен көтерілетін. Қазір карьера жасау үшін бір диплом аздық етеді. Өйткені, жұмыс беруші қызыл дипломнан бұрын қызметкердің қабілетіне қарайды. Жұмыссыз жастардың көп болуы сондықтан.

«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа заманға лайықты білім мен тәрбие беру – бүгінгі күннің басты талабы. Осы талап үдесінен шыға білуіміз керек.

– Салыстырмалы түрде айтыңызшы, Ресей мен Қазақстан студенттерінің білім деңгейі қандай?

– Көрші Ресеймен салыстырғанда біраз нәрседен алға кетіп қалдық, мысалы үшін біздің студенттер кез келген Еуропаның университетіне барып еркін білім алуы үшін Ресейден бұрын Болон келісіміне қол қойып, кредиттік білім беру жүйесіне көштік. Бірақ, біздің университеттер Ресейдікінен күшті деп айта алмас едім, себебі ресейлік университеттерде білім алатын қазақтар көп. Егер біздің университетке де осылай орыстар, армяндар, қырғыздар, әзербайжандар көптеп келіп оқыса, міне сол кезде прогресс деп айтуға болады, ал американдықтар келіп бізден білім алса, онда біздің білім жүйесін әлем мойындағаны деп қорықпай айта алар едім.

«ОҚУ МЕН ЖҰМЫСТЫ ҚАТАР АЛЫП ЖҮРГЕНДЕР БАСҚАЛАРҒА ҚАРАҒАНДА КӨП ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕДІ»

– Бауыржан Тілеубергенұлы, бір сұхбатыңызда «Қазақстандағы ең мықты университеттің негізін қалағым келеді» депсіз. Ал, бұл мақсатқа жету жолында қандай қадамдар жасалынып жатыр?

– Осыдан алты жыл бұрын мен Мәскеудегі он мыңдаған студенті, бірнеше филиалы  бар бір университеттің  басым акцияларын сатып алдым. Қалтамда көк тиыным болмай жүріп, бес жылдың ішінде мен осындай дәрежеге жеттім. Бірақ, кейін сатып жібердім, әр кәсіпті дамыту, тамырын тереңдету керек қой, ал менің оған Ресейде қолым қысқа болды. Осы ісіммен мен өзіме және бүкіл командама бес жылда осындай жетістікке жетуге болатынын дәлелдедім. Қазіргі уақытта мақсатым – Қазақстаннан дәл солай бір университет сатып алу, себебі менде қазір қашықтықтан оқитын үш мыңдай студентім бар, мен оларды көрмеймін, бетпе-бет жұмыс жасай алмаймын, сондықтан оқу жүйесін күндізгі бөлімге ауыстыру ойымда жүр. Мен өз мақсатым мен арманымнан ешқашан бас тартпаймын.

«Синергия» университеті – Ресейдегі ең үлкен жекеменшік университет, №1 бизнес университеті. Ресейлік «Коммерсант» газетінің зерттеу нәтижесі бойынша, бизнес университеттердің ішінде біз бірінші орында тұрмыз. Ал, Қазақстанның басқа ешбір университеті қашықтықтан оқыту жағынан «Синергияны» басып оза алмайды.

– Рас, пандемия басталғалы бері қашықтықтан оқытудың маңыздылығын түсіне бастадық. Дегенмен, пандемияға дейін де Сіз басқаратын университет осы жүйемен жұмыс істеді…

– Дұрыс айтасыз, қашықтықтан оқыту жүйесін Қазақстанға біз осыдан 10 жыл бұрын алып келген едік. Ол кезде бүгінгідей интернет кең қолданыста болған жоқ. Интернеттің жылдамдығы да нашар болатын. Соған қарамастан қашықтықтан оқытуға көштік. Бұл шешімнің дұрыстығына қазір көзіміз анық жетті. Ал, қазір пандемия соған алып келді. Көп оқу орындары оған дайын болмай шықты. Мысалы, былтыр бірден қашықтықтан оқуға көшкенде оған оқушылар да, мұғалімдер де, ата-аналар да қатты қиналды. Жаңа жүйеге материалдық база да дайын болмай, біраз мәселемен бетпе-бет келдік. Оны шешу оңай болмады. Біздің бұл бағытта тәжірибеміз болғандықтан, оқудың бұл форматы ешқандай қиындық туғызбады. Өйткені, түбі басты ресурс уақыт болатынына сендік. Оның үстіне өмірдің төрт жылын университет қабырғасында ғана өткізу тиімсіз. Практика бәрібір керек. Оны жоғарыда айттым. Сондықтан оқу мен жұмысты қатар алып жүргендер ғана басқаларға қарағанда көп жетістікке жетеді.

– Сонда қашықтықтан оқытудың артықшылығы неде?

– Біріншіден, егер қашықтықтан оқыту жүйесін оңтайлы жолға қойсақ, онда ұрпаққа сапалы білім береміз. Мысалы, дәстүрлі форматта оқитын студент лекцияға қатыса алмаса, группаласынан оны көшіреді. Өз кезегінде группаласы лекцияның бір пайызын ғана көшіруі мүмкін. Ал, онлайн-университетте барлық лекция жеке кабинетте сақталады. Демек, түрлі жағдаймен сабаққа қатыса алмаған студенттің кейін толыққанды лекциямен танысуға мүмкіндігі бар. Екіншіден, қашықтықтан оқыту жүйесі студенттің уақытын үнемдеп қана қоймайды, білім ордасының шығынын да айтарлықтай азайтады. Үшіншіден, студент сабақ кестесін өзі ыңғайына қарай құрайды. Білімді өзіне қолайлы уақытта алады. Төртіншіден, оқу мен жұмысты бірге алып жүреді. Қолға дипломды алғаннан кейін жұмыссыз қалмау үшін тәжірибенің керектігін білесіздер. Бірақ, кейбір мамандықтарды қашықтықтан оқыту мүмкін емес. Айталық, медицина, ғылымда оқудың бұл форматы жүрмейді.

– Бүгінде елімізде түрлі семинар-тренингтер қаптап кетті. Сол спикерлердің көбі бизнесте жетістікке жетпегендер. Ал, жетістікке жетпеген адамның жетістік туралы айтуы, өзгеге жол нұсқауы қаншалықты орынды?

– Өзің қол жеткізбеген нәрсені қалай адамға үйретуге болады?! Мен де осыны түсінбеймін. Осындай семинар-тренингтерді жүргізуді маған алғаш ұсынған кезде мен әлі өзімнің бірінші миллион долларымды таппаған болатынмын, сол себепті мұндай ұсыныстардан бас тартып жүрдім. Өйткені, ертең студенттеріме қалай баюдың жолын үйретіп жатқанымда, ішінде біреуі «Өзіңіз қандай дәрежеге жеттіңіз» деп сұраса, ұятты боламын ғой. Мен семинар-тренингтер өткізуге тек Мәскеу университетінің акцияларын сатып алғаннан кейін ғана келісім бердім.

– Сіз қандай басшысыз?

– Менің қандай басшы екенімді қол астымда жұмыс істейтін қызметкерлерден сұрау керек шығар. Менің командамда бір қыз бар. Есімі – Диана. Ол маған 10-сынып оқып жүрген кезінде келген. Ол қазір 18 жасында мен басқаратын холдингке қарасты бір компанияның тізгінін ұстап отыр.

Бір мектептің директоры маған оның оқушыларына жиналыс өткізуімді сұраған болатын. 10-15 минут бос уақытым болған соң, кездесуге қатысып келе жатыр едім, артымнан бір кішкентай қыз жүгіріп шығып, қолымнан тартып тоқтатты. «Бауыржан аға, тоқтай тұрыңыз, мен Сіздің командаңызда болғым келеді» деді. Түріне қарасам кішкентай қыз екені көрініп тұр. Сосын мен оған «Сен мектепті бітір, сосын маған кел, мен сені есіме сақтап қаламын, жарай ма?» деп кетуге ыңғайланғаным сол еді, ол «Аға, мен қазір супервайзер болып жұмыс жасаймын, үш сауда орталығының сатылымын бақылаймын» деді. Таңқалысымды жасыра алмадым, содан кездесіп талқылауды ұсындым. Ол менің телефон нөмірімді сұраған еді, мен «Өзің тауып ал» дедім. Айтқанымдай, ол мені инстаграмнан тауып алды, айтқанынан қайтпайды екен, менен кездесуді талап етуін тоқтатпады. Бос уақытым болмағандықтан екі аптадай кездесе алмадық. Бір күні сәті түсіп менің кеңсемде жолықтық. Бірінші оның ойын білейін дедім. Ол «20 жасымда  қаржылай тәуелсіз болғым келеді, анамды қалаған жағына қыдыртуға шамам жететіндей жағдайға жеткім келеді» деп бастады әңгімесін. Неге менің командамда болғысы келетінін сұрадым. Сұрағыма «Сіз өзіңіз айттыңыз ғой: «Егер аспаз болғыңыз келсе, елдегі ең мықты аспазға, заңгер болғыңыз келсе, елдегі ең мықты заңгерге көмекші болыңыз» деп. Ал, мен бизнеспен айналысқым келеді, мен үшін елдегі ең мықты бизнесмен сізсіз» деп өз сөзіммен жауап берді.

– Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Ал, Тәуелсіздік Сізге не берді?

– Тәуелсіздік алдымен менің Отаныма оралуыма, кәсіби біліктілігімді арттыруыма, аяқтан нық тұруыма мүмкіндік берді. Мұның бәрі азаттықтың арқасы. Дегенмен, кез келген адам «Тәуелсіздік маған не берді» деп емес, «Тәуелсіздікке мен не бердім» деп өзіне сыни тұрғыдан қарағаны дұрыс.

– Бауыржан Тілеубергенұлы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан: Жасұлан Мәуленұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here