Алатаудың арғы бетінде ауылы аралас, қойы қоралас жатқан айыр қалпақты ағайын бар. Ол – қырғыз халқы. «Қазақ, қырғыз – бір туған» деп босқа айтылмайды. Бауырлас екі халықтың арасындағы достық қарым-қатынас ежелден қалыптасқан. Олардың тілі де, діні де, салт-дәстүрі де бір-біріне өте ұқсас. Құдай қосқан көршілерміз. Елдеріміз 1991 жылы бірге тәуелсіздік алды, екеуі де мүше саналатын бірнеше ортақ ұйымдар бар. Соңғы жылдары екі мемлекет басшылары жиі кездесіп жүр. Қазір екі елдің саяси және экономикалық әріптестігі бекем. 21 тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапармен ат басын бұрды. Мемлекет басшысын Манас халықаралық әуежайында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қарсы алды. 22 тамызда президенттер келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысына қатысты. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Мемлекет басшысының Манас еліне ресми сапарына тоқталады.
ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ БАЙЛАНЫСЫНЫҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢИ БЕРЕДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етуден басталды. Мұнда Отанына әр кезеңде қалтқысыз қызмет еткен қырғыз халқының даңқты перзенттері, сталиндік репрессия құрбандары жерленген. Кешенге «Ата бейіт» атауын жазушы Шыңғыс Айтматов ұсынған.
Мемлекет басшысы мемориалдық кешен аумағындағы 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз халқының кемеңгер жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бейітіне зиярат етіп, қаламгердің рухына Құран бағыштады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Президент Садыр Жапаровпен кездесті. Келіссөзге дейін «Ынтымақ Ордо» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Президенттер бір-бірімен амандасқаннан кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров сап түзеген сарбаздардың алдынан жүріп өтті. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары ресми делегация мүшелерін таныстырып, келіссөз залына барды.
Қазақстан Президенті бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.
– Бұл сапар екі ел арасындағы достық қатынастың дамуына тың серпін береді деп сенемін. Шын мәнінде, қазақ пен қырғыз – тілектес, бауырлас елдер. Біздің тарихымыз – тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес. Қазір де ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда. Біз барлық деңгейде өзара құрметке негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, өңіраралық байланыстарды дамытып жатырмыз. Жалпы, екі елдің арасында жан-жақты әрі тығыз ынтымақтастық орнаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосқанына назар аударды.
– Мен мұны жоғары бағалаймын. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Қырғызстанда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Сіз халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамаларды жүзеге асырып келесіз. Ел экономикасының жыл басынан бері 11,7 пайызға өсуі – осының айқын дәлелі. Біз бауырлас елдің барлық жетістіктеріне қуанамыз. Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты барынша нығайтуға айрықша мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Садыр Жапаров шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын жеткізді.
– Сізді Қырғызстанда көрнекті мемлекет қайраткері және халықаралық деңгейдегі тәжірибелі дипломат ретінде біледі. Соңғы жылдары Сіздің қолдауыңызбен екі елдің қарым-қатынасы жаңа деңгейге өтіп, достығымыз бен бауырластығымыздың бекемделе түсуі бізді қуантады. Қазақ елі – біз үшін ерекше ел. Біздің мәмілелеріміз Тоқтоғұл мен Абайдай, Шыңғыс пен Мұхтардай аталарымыз салған ізбенен жалғасқан. Тарихи мұрамызды ұмытпай, келешек буынға жеткізуді негізгі мақсатымыз деп есептеймін. Өз тарапымнан өзара қарым-қатынасымызды одан әрі ілгерілетуге дайынмын. Біздің негізгі күшіміз – екі елдің ынтымағы мен бірлігі, – деді Қырғызстан Президенті.
Келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзит, су, аграрлық және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды өрістетуге ерекше мән берілді. Өңірлік және халықаралық күн тәртібі де қарастырылды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың төрағалығымен Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы да өтті.
ЕНДІГІ МЕЖЕ – ТАУАР АЙНАЛЫМЫН ЕСЕЛЕУ
Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады. Алатаудың бөктерін тең жайлаған екі елдің басшылары келіссөзін бастан-аяқ қазақша-қырғызша жүргізді. Сонымен, сапардың негізгі қорытындыларына тоқталсақ.
Сауда-экономикалық байланыстар:
- 2030 жылға қарай тауар айналымының көлемін 3 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін арнайы жол картасына қол қойылды.
- Келесі жылы қазақ-қырғыз шекарасында Индустриялық сауда-логистика кешені ашылады.
Агроөнеркәсіп:
- Агросектор саласындағы тауар айналымы жалпы сауда-саттықтың 25 пайызын құрайды.
- Үкімет басшыларына алдағы екі жылға арналған Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді.
- Қырғызстан тарапы Алматыда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын көтерме сауда-тарату орталығын ашуды ұсынады.
Инвестиция:
- Қазақстан соңғы 20 жылда Қырғызстан экономикасына 1,4 миллиард доллар инвестиция салған.
- Екі ел өзара инвестицияға қолайлы жағдай жасауға уағдаласты.
Аймақаралық ынтымақтастық:
- Тараптар Аймақаралық форумның келесі отырысын көп созбай өткізуге келісті.
- Қазақ-қырғыз шекарасының өткізу мүмкіндігін арттыруға уағдаласты.
- Қазақстан тарапы Қырғызстанға шекарашыларды оқытуға көмек көрсетеді.
Су-энергетика саласындағы ынтымақтастық:
- Трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану маңызды факторға айналып отыр.
- Қазақстан су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.
Мәдени-гуманитарлық байланыстар:
- Былтыр Астанада Айкөл Манастың ескерткіші бой көтерді.
- 22 тамызда президенттер Бішкекте қос халықтың ұлы қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған «Достықтың алтын көпірі» ескерткішін бірге ашты.
- Ош қаласында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылды.
- Қырғыз студенттеріне бөлінетін грант саны келесі жылдан бастап 60-қа дейін ұлғаяды.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Мемлекет басшысының сөзінше, Қырғызстан басшысы қырғыз елін өркендету жолында табанды еңбек етіп келеді. Өз сөзінде Садыр Жапаров Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ халқына алғыс айтып, мұны қырғыз еліне көрсетілген сый-құрметтің белгісі ретінде қабыл алғанын жеткізді. Президенттер қазақ-қырғыз қатынастары барлық бағыт бойынша өркендеп келе жатқанын атап өтті. Алдағы уақытта Орталық Азия шеңберінде екі елдің байланысы нығая түсетіні сөзсіз. Бұған екі мемлекет халқы да мүдделі.
Есбол ТӨРЕҚҰЛ











