Алматы облысының шығыс бөлігінде орналасқан Кеген ауданы – табиғаты таңғажайып, әлеуеті зор өңір. Қарлы шыңдары асқақтаған Алатау сілемдері, мөлдірлігімен көз тартатын тау көлдері, саф ауасы мен көркем шатқалдары бұл аймақты Қазақстандағы ең сұлу туристік бағыттардың біріне айналдырып отыр. Әсіресе, Көлсай мен Қайыңды көлдерінің көркі, Саты ауылының табиғатпен үйлескен тынысы соңғы жылдары мыңдаған саяхатшының қызығушылығын оятуда. Бүгінде Кеген ауданы табиғатының сұлулығымен ғана емес, еңбекқор халқы мен берік дәстүрімен де ерекшеленеді. Бұл өңір жаңа даму кезеңін бастан өткеріп отыр. Экономикалық серпін, инфрақұрылымның жаңаруы, әлеуметтік саланың нығаюы – мұның барлығы аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар. Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, өңірді дамытудағы басты ұстаным – халықтың үнін есту, олардың қажеттіліктеріне дер кезінде жауап беру және инвестициялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану. Соның нәтижесінде Кеген бүгінде ауылдық аймақтан қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналып келеді. Туризмді дамыту, ауыл шаруашылығын жаңғырту, энергетикалық инфрақұрылымды жетілдіру бағытында бірқатар инвестициялық жобалар қолға алынуда. Бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, туристік тартымдылығын күшейтуге бағытталған. Осы және өзге де маңызды жобалар жөнінде Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлымен ашық әңгімелескен едік.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМДІЛІГІ
– Нұрбақыт Молдахметұлы, биыл Кеген ауданында басталатын инвестициялық жобалардың негізгі бағыты мен мақсаты қандай?
– 2026 жыл Кеген ауданы үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңі болғалы тұр. Өңірдің экономикалық тынысын кеңейтіп, табиғи әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған маңызды бастамалар. Басты назар – туризм инфрақұрылымын дамытуға аударылған. Көркем табиғатымен көпті тамсандырған Кеген енді тек тамашалайтын мекен емес, заманауи талапқа сай демалатын, саяхаттайтын орталыққа айналмақ. Осы мақсатта жаңа қонақ үйлер бой көтеріп, демалыс аймақтары көбейтіледі. Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін автотұрақтар мен сервистік нысандар салу да жоспарда бар. Энергетика саласында да игі бастамалар қолға алынуда. Шағын су электр станциясының құрылысы – экологиялық таза энергия көзін дамытудың нақты көрінісі. Бұл жоба ауданның энергия қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, табиғатпен үндес дамудың үлгісін көрсетеді. Ал, ауыл шаруашылығы бағытында сүт пен жүн өнімдерін өңдеу ісін кеңейту көзделіп отыр. Бұл – тек өндірісті ұлғайту емес, жергілікті шикізатқа жан бітіріп, ауыл еңбеккерлерінің еңбегін жаңа деңгейге көтеру деген сөз.
– Қомақты қаржы құйылған бұл жобалардың әрқайсысы Кегеннің дамуына қалай үлес қосады, нақтылап айтып берсеңіз?
– Кеген өңірінде қолға алынған ірі инвестициялық жобалар – жай ғана жоспарлар жиынтығы емес, ауданның әлеуметтік-экономикалық келбетін түбегейлі өзгертуді көздейтін нақты қадамдар. Жалпы құны 13,2 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба 2026 жылы өңірдің дамуына тың серпін беріп, экономикалық тынысын кеңейтеді деп күтілуде. Ең әуелі бұл бастамалардың әлеуметтік маңызы айрықша. Жобалар толық іске қосылған кезде 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл – тек статистикалық көрсеткіш емес, бұл – жүздеген отбасының тұрақты табысқа қол жеткізіп, тұрмыс сапасының жақсаруы, ертеңге деген сенімінің нығаюы. Тұрақты жұмыспен қамту ауыл жастарының туған жерде қалып, еңбек етуіне мүмкіндік беріп, көші-қон үдерісін тежеуге де ықпал етеді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, жобалар әр саланы қамтып, өңірдің кешенді дамуына жол ашады. Мәселен, «АЗС Compass Group» компаниясының 2,8 миллиард теңгеге Алматы – Кеген тас жолы бойынан салып жатқан заманауи трассалық кешені – туризм мен сервистік инфрақұрылымды дамытудың нақты үлгісі. Қонақ үй, қоғамдық тамақтану орны, электрлі көліктерге арналған қуаттау бекеті және жедел қызмет дүкені біріктірілген бұл кешен жолаушылар мен туристер үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Бұл нысан жол бойындағы қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтереді. Туризм саласындағы тағы бір маңызды жоба – «The Secret Corp» қолға алған 300 автокөлікке арналған автотұрақ құрылысы. Құны 2 миллиард теңге болатын бұл жоба Көлсай көлдеріне келетін туристік ағынды реттеп, экологиялық және инфрақұрылымдық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде табиғи нысандардың сақталуы қамтамасыз етіліп, туристерге көрсетілетін қызмет сапасы артады. Сонымен қатар, 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Энергетика саласында жүзеге асырылып жатқан «Кеген Гидро» жобасының орны бөлек. Қуаттылығы 4 МВт болатын су электр станциясы 5 миллиард теңге инвестицияны талап етеді. Бұл нысан іске қосылған кезде өңірдің энергия қауіпсіздігін нығайтып, электр қуатына деген тәуелділікті азайтады. Сонымен бірге, 20 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл – өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына берік негіз қалайтын стратегиялық жоба. Өндіріс секторында да серпінді бастамалар бар. «MERGEN HOLDING» компаниясы 1,2 миллиард теңгеге жылына 2 000 тонна биязы жүнді терең өңдейтін кәсіпорын салуда. Бұл жоба шикізатты өңделмеген күйінде сатудан гөрі, қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. 30 адам жұмыспен қамтылып, өңірде жеңіл өнеркәсіптің дамуына жол ашылады, жаңа нарықтарға шығу әлеуеті артады. Агроөнеркәсіптік бағыттағы маңызды жобалардың бірі – «Kegen milk» сүт өңдеу зауыты. Тәулігіне 30 тонна өнім өңдеуге қауқарлы кәсіпорынға 500 миллион теңге инвестиция тартылған. 15 адамды жұмыспен қамтитын бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өткізуге, жергілікті шаруалардың табысын арттыруға ықпал етеді. Қазіргі таңда құрылыс алаңы толық дайындалып, инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы алғанда, аталған жобалар бір-бірімен өзара сабақтасып, Кеген ауданының экономикалық экожүйесін қалыптастырады. Туризм дамыса – қызмет көрсету саласы жанданады, өндіріс өркендесе – жаңа жұмыс орындары ашылады, энергетика нығайса – барлық саланың тұрақты жұмысына негіз қаланады. Бұл – Кегеннің жаңа келбеті. Экономикасы бекем, кәсіпкерлігі қанат жайған, туризмі түлеген өңір. Ең бастысы – бұл бастамалар құр уәде емес, нақты нәтижеге бастайтын жүйелі жұмыстардың айқын көрінісі.


БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: КЕГЕННІҢ ІРІ ЖОБАЛАРЫ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ӨЗГЕРІСТЕР
– Жобаларды жүзеге асыру барысында жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлардың үлесі қаншалықты?
– Аталған жобалардың барлығы дерлік отандық кәсіпкерлердің қаржысы негізінде жүзеге асырылуда. Инвесторлар еліміздің әр аймағынан келіп, Кеген өңірінің әлеуетіне сенім білдіруде. Бұл – ауданның инвестициялық тартымдылығы артып, іскерлік орта үшін сенімді алаңға айналып келе жатқанын аңғартады. Жергілікті билік тарапынан да жүйелі қолдау көрсетілуде: қажетті инфрақұрылым тартылып, құжаттандыру үдерістері жеңілдетіліп, жобалардың уақытылы іске асуына қолайлы жағдай жасалуда. Осындай өзара сенім мен серіктестік нәтижесінде тың бастамалар табысты жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Ал, жаңа жұмыс орындары – ауыл өмірінің тірегі, ел ішіндегі тұрақтылық пен дамудың берік кепілі.
– Жоспар бойынша 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жұмыс орындары негізінен қай салаларда құрылмақ?
– Алдағы кезеңде ашылатын жұмыс орындарының негізгі бөлігі туризм мен қызмет көрсету бағытында шоғырланады. Қонақ үйлер, демалыс аймақтары, туристік сервистер – мұның барлығы жергілікті халық үшін тұрақты табыс табудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады. Сонымен қатар, энергетика саласы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында да тың жұмыс орындары пайда болады. Бұл тек экономиканы әртараптандырып қана қоймай, жас буынның туған өлкесінде еңбек етіп, өз болашағын осы жермен байланыстыруына жол ашады.
– Туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында қандай нысандар салу немесе жаңарту көзделіп отыр?
– Туризмнің өркендеуі, ең алдымен, сапалы инфрақұрылымға тікелей байланысты. Осыны ескере отырып, біз Саты ауылы мен Көлсай және Қайыңды көлдері маңындағы туристік аймақтарды толыққанды электр қуатымен қамту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Жоба аясында жалпы ұзындығы 58 шақырым болатын электр желісі тартылмақ. Бұл жобаның мердігері – «ЭЛАЙ» ЖШС, келісімшарт сомасы 22,3 млн теңге. Жобаны ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, Қарабұлақ, Тұйық, Шет Меркі, Орта Меркі және Этноауыл аумақтарында қосымша 20 шақырым электр желісі салынады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 543,6 млн теңге бөлінген. Бұл бастамалар туристік нысандардың үздіксіз әрі сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасап қана қоймай, жаңа демалыс орындары мен сервистік жобалардың өмірге келуіне кең мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай кешенді жұмыстар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, табиғаты көркем Кеген өлкесін отандық және шетелдік саяхатшылар үшін тартымды бағыттардың біріне айналдыруға берік негіз қалайды.
– Кеген ауданының табиғи әлеуетін туризмді дамытуда тиімді пайдалану үшін тағы қандай бастамалар қолға алынуда?
– Кегеннің көркем табиғатын туризмнің қозғаушы күшіне айналдыру бағытында ауқымды әрі болашағы зор жобалар қолға алынуда. Солардың ең ірісі – Көлсай көлдерінің арасын жалғайтын 6,3 шақырымдық аспалы жол құрылысы. Құны 15 миллиард теңгеге бағаланған бұл жоба екі көлді өзара байланыстырып, туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз бағыт ұсынады. Ол толықтай отандық инвестиция есебінен жүзеге асырылады және екі кезеңнен тұрады: 3,5 км және 2,8 км. Бұл бастама жүзеге асса, табиғат пен технология үндескен жаңа бағыт қалыптасып, өңірге ағылатын туристер легі еселеп арта түспек. Сонымен қатар, «Қара шатқал» туристік аймақ құру жұмыстарын бастады. Бүгінде жобаға 200 млн теңге инвестиция салынып, тамақтану орны, фото алаңдар, әткеншектер және шатқалды тамашалайтын арнайы алаңдар салынған. Мұнда экологиялық туризмге басымдық беріліп, табиғатпен үйлесімді демалыс мәдениеті дамиды. Жоба аясында 420 метрлік зиплайн, шыны көпір, глэмпинг аймақтары мен басқа да тартымды нысандар бой көтереді. Жалпы инвестиция көлемі 1,5 миллиард теңгені құрайды. Іске асқан жағдайда бұл кешен жылына 150 мыңға дейін қонақ қабылдай алады. Сарапшылардың пікірінше, бұл бағыт жыл сайын 500 мыңға дейін саяхатшыны қабылдауға қауқарлы. Жалпы, осы бастамалардың барлығы Кегеннің табиғи келбетін сақтай отырып, оны жаңа деңгейдегі туристік орталыққа айналдыруға бағытталған. Тау мен көлдің тылсым сұлулығы заманауи инфрақұрылыммен астасып, өңірдің мерейін өсіріп, әлем назарын өзіне аудармақ.
– Ауыл шаруашылығы саласында іске асатын жобалардың ерекшелігі неде?
– Ауыл шаруашылығы – Кеген ауданының экономикалық тірегі, берекенің бастауы. Сондықтан, бұл салада өндірісті жаңғырту мен дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Соның айқын дәлелі – ірі жобалардың бірі саналатын «КегенМясПром» ет комбинаты. Аталған кәсіпорын бір ауысымда 15 тоннаға дейін өнім өңдеуге қауқарлы болып, өңірдегі өндірістік әлеуетті жаңа деңгейге көтермек. Жоба іске қосылған сәттен бастап ауданның өнеркәсіп көлемі едәуір ұлғайып, аграрлық сектордың тиімділігі арта түседі. Ең маңыздысы – жергілікті шаруалардың маңдай терімен өндірілген өнімдері енді тек шикізат күйінде емес, жоғары сапалы дайын тауар ретінде нарыққа жол тартады. Бұл өз кезегінде қосымша құн қалыптастырып, табыстың артуына, ауыл еңбеккерлерінің еңбегінің лайықты бағалануына мүмкіндік береді. Осылайша, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа жобалар тек өндірісті дамытып қана қоймай, өңірдің экономикалық дербестігін күшейтіп, ауыл өміріне тың серпін беретін маңызды қадамға айналмақ.
– Бұл жобаларды жүзеге асыруда заманауи технологиялар қарастырылған ба?
– Әрине, жобалардың барлығы заманауи технологиялармен жабдықталған. Мәселен, «КегенМясПром», «MERGEN HOLDING» және «Kegen milk» кәсіпорындарында өнім өңдеудің жаңа технологиялары енгізілген. Бұл тек өнім сапасын арттырып қана қоймай, еңбек қауіпсіздігі мен өндіріс тиімділігін де қамтамасыз етеді. Инфрақұрылымдық жобаларда да заманауи шешімдер басым. Электр желілерінің қауіпсіздігін бақылау мен басқаруға арналған интеллектуалды жүйелер орнатылып, апаттардың алдын алу шаралары енгізіледі. Сонымен қатар, туристік нысандар мен аспалы жол сияқты жобаларда инновациялық материалдар мен технологиялар пайдаланылады, бұл олардың ұзақ мерзімді, сенімді әрі қауіпсіз қызмет етуіне кепілдік береді. Нәтижесінде, Кегендегі жаңа жобалар тек экономикалық тиімділікті арттырып қана қоймай, өңірдің технологиялық дамуын да жаңа деңгейге көтеріп отыр.


– Алдағы үш жылда жүзеге асырылатын жобалардың негізгі бағыттарына тоқталсаңыз?
– Иә, Кеген ауданы үшін алдағы үш жыл ауқымды серпілістер мен жүйелі дамудың белесті шағы болмақ. 2025-2029 жылдар аралығында аудан аумағында жалпы құны 201 миллиард теңгені құрайтын 49 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар тек экономикалық көрсеткіштерді өсірумен шектелмей, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған. Нәтижесінде, 612 жаңа жұмыс орны ашылып, тұрғындардың әл-ауқаты едәуір жақсарады деп күтілуде. Жоспарланған жобалардың құрылымына көз жүгіртсек, олардың әрқайсысы аудан экономикасының әр саласын қамтып, өзара үйлесімді дамуға негіз қалайды. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі бағытында 5 жоба жүзеге асырылып, өңдеу саласының әлеуеті артады. Бұл – шикізатты терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіруге жол ашатын маңызды қадам. Туризм бағытында жоспарланған 7 жоба Кегеннің қайталанбас табиғи келбеті мен демалысқа қолайлы әлеуетін жаңа деңгейде игеруге жол ашып, өңірдің туристік тартымдылығын еселеп арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылатын 4 жоба өңірдің дәстүрлі кәсібін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл бастамалар агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртып, өнім көлемін ұлғайтуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға қауқарлы. Ең ауқымды бағыттардың бірі – электр энергиясын өндіру саласы. Бұл бағытта 16 жоба іске асырылып, өңірдің энергетикалық әлеуеті айтарлықтай нығаяды. Сонымен қатар, электр энергиясын барлау және іздестіру жұмыстарына арналған 17 жоба жүзеге асырылады. Бұл – болашақта энергия көздерін тиімді пайдаланып, тұрақты даму негізін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық шешім. Жалпы алғанда, бұл жобалар – Кеген ауданының келешек келбетін айқындайтын нақты қадамдар. Экономиканың әр саласы қатар дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылым жаңарады. Ең бастысы – бұл бастамалар аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, Кегенді дамыған, әлеуеті жоғары өңірлердің қатарына қосуға берік негіз қалайды.
– Нұрбақыт Молдахметұлы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз.
Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ












