Жаңа Конституция бойынша барлық депутаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын аяқталды. Оның алдында халық қалаулылары балаларға арналған сапалы қазақтілді контенттің тапшылығына алаңдаушылық білдірген еді. Олардың айтуынша, әлеуметтік желілер, қысқа бейнероликтер мен онлайн ойындар өскелең ұрпақтың дүниетанымы мен санасына барған сайын күштірек ықпал етіп келеді. Ал Үкімет 2026 жылдың басынан бері интернет-платформаларда 27,6 мыңнан астам заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеді.
ДЕПУТАТ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ: «БАЛА САНАСЫН TIKTOK ҚАЛЫПТАСТЫРЫП ЖАТЫР»
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII сайланымындағы депутаты Данияр Исабек әлеуметтік желілердегі балаларға зиянды контентке бақылауды күшейтіп, қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті дамытудың мемлекеттік стратегиясын әзірлеуді ұсынған болатын. Аталған депутаттық сауал Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына жолданды. Халық өкілінің айтуынша, бүгінде қазақ тіліндегі сапалы контенттің тапшылығы тек мәдени мәселе ғана емес, идеологиялық әрі ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысты өзекті түйткілге айналған.
«Бүгінде балаларымыздың дүниетанымы мен санасын мектептен бұрын TikTok қалыптастырып жатқанын мойындауымыз керек. Әсіресе жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің интернетте өткізетін уақыты бірнеше есеге артады. Олар онлайн ойындарға, қысқа бейнероликтерге және бақылаусыз таралатын контентке тәуелді болып, түрлі ақпараттық алгоритмдердің ықпалына түсуде. Бұл – аса күрделі әлеуметтік әрі психологиялық мәселе. Өйткені дәл осы кезеңде баланың ойлау жүйесі, мінез-құлқы, тілдік ортасы мен құндылықтар жүйесі қалыптасады», – делінген депутаттық сауалда.
Данияр Исабектің сөзінше, қазақ тіліндегі балалар мультфильмдері, білім беру платформалары, ғылыми-ағартушылық бағдарламалар мен тәрбиелік медиажобалар әзірге әлемдік цифрлық платформалармен бәсекеге төтеп бере алмай отыр. Ол көптеген елдің цифрлық кеңістікті мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың маңызды құралы ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Оңтүстік Корея мәдени контент арқылы жаһандық ықпалын күшейтіп келеді. Қытай балаларға арналған цифрлық платформаларды қатаң реттейді. Франция мен Германия ұлттық тілдегі медиаконтентті мемлекеттік деңгейде қорғайды. Ал Түркия тарихи сериалдар арқылы өзінің мәдени ықпалын нығайтып отыр», – деді саясаткер.
Өз депутаттық сауалында Данияр Исабек қазақ тіліндегі балаларға арналған цифрлық контентті дамытудың мемлекеттік стратегиясын әзірлеуді, сондай-ақ қазақ тіліндегі анимацияны, балалар киносын және білім беру бағытындағы медиажобаларды мемлекеттік қолдау көлемін арттыруды ұсынды.
«Осыған байланысты Үкіметке жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық және ағартушылық шараларды күшейтуді, сондай-ақ TikTok, YouTube, Instagram және басқа да цифрлық платформалардағы балалардың психологиясына кері әсер ететін контентті шектеудің құқықтық әрі техникалық тетіктерін жетілдіруді ұсынамыз», – деді Данабек Ержанұлы.
ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ ЗАРДАБЫ
Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева жыл басынан бері мемлекеттік органдар интернет-платформаларда 27 631 заңбұзушылықты анықтағанын мәлімдеді. Олардың басым бөлігі онлайн-казиноны насихаттауға қатысты. Мұндай 13 806 дерек тіркелген. Бұдан бөлек, 7 448 материалда есірткіні насихаттау белгілері анықталса, 6 034 жарияланымнан порнографиялық мазмұн табылған. Сондай-ақ, мамандар суицидті насихаттайтын 172 жарияланымды және кәмелетке толмағандардың психикасы мен дамуына кері әсер етуі мүмкін 119 материалды анықтаған.
Ең көп заңбұзушылық Instagram платформасында тіркелген – 9 532. Сосын «ВКонтакте» – 8 503, YouTube – 3 340, Telegram – 3 018 және TikTok – 2 820 жағдаймен тұр. Сонымен қатар, Facebook желісінде – 269, «Мой мир» платформасында – 63, X әлеуметтік желісінде – 41, «Одноклассники» желісінде – 25, ал Threads платформасында 20 заңбұзушылық анықталған.
Қазіргі уақытта Үкімет интернет-платформалармен балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған қосымша шараларды, соның ішінде онлайн ойындарға қатысты тетіктерді талқылап жатыр. Аида Ғалымқызы әлеуметтік желілерде ата-аналарға балалардың қосымшаларды пайдалану уақытын шектеуге мүмкіндік беретін функциялар бар екенін еске салды. Мәселен, TikTok платформасының ережесіне сәйкес, 13 жасқа толмаған балаларға бұл желіні пайдалануға рұқсат етілмейді.
ҚАЗАҚТІЛДІ КОНТЕНТТІҢ ҮЛЕСІ ҚАНДАЙ?
Үкіметтің мәліметінше, қазақ тіліндегі контент көлемі жыл сайын артып келеді. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақтілді контенттің үлесі 78 пайызға, ал интернет-ресурстардағы көрсеткіш 60 пайызға жеткен. Сондай-ақ отандық телеөнімдердің 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілде эфирге шығады.
«Қазақ тіліндегі контенттің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірқатар міндет жүктелді. Атап айтқанда, отандық фильмдерді прокатқа шығару кезінде тілдік нормалардың сақталуын күшейту, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында тіл тазалығына, сөз мәдениетіне және тілдік әдеп талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөлу тапсырылды», – деді Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева.
Ол мысал ретінде Balapan телеарнасын атады. Оның айтуынша, 2026 жылы арна қосымша қаржыландыруға ие болып, балаларға арналған жаңа жобаларды іріктеу (питчинг) жұмыстарын өткізуді жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, мектеп бағдарламасына цифрлық этика мен интернеттегі қауіпсіздікке арналған сабақтарды енгізу жоспарлануда. Бұл сабақтарда оқушылар жалған ақпарат пен манипуляцияларды ажыратуды, сондай-ақ жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдаланудың негізгі қағидаларын меңгереді.
2025 жылдың желтоқсанында Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілер мен өзге де онлайн-платформаларға тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасы әзірленді. Ұсынысқа сәйкес, бұл талап мессенджерлерге қолданылмайды.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі де кәмелетке толмағандардың TikTok платформасына қолжетімділігін шектеу бастамасын қолдаған болатын. Ведомствоның мәліметінше, Қытайда балаларға арналған TikTok қосымшасын пайдалану уақытына шектеу қойылған және онда негізінен білім беру бағытындағы контент ұсынылады.
Сондай-ақ 2025 жылы жүргізілген зерттеу барысында отандық 47 мультфильмнің өндірісіне 1,3 миллиард теңге жұмсалғаны белгілі болды.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, идеологияны тек саясатпен емес, мультфильм, ойыншық, телебағдарлама арқылы да жүргізуге болады. Бүгінгі таңда бесіктен белі шықпаған нәрестеге дейін смартфонның сиқырына арбалып, санасы сымтетікке байланып қалғаны рас. Тіпті, бастауыш мектеп балалары мен жасөспірімдер TikTok-тағы трендке еріп, тілімізге жат, дәстүрімізге сын дарақы сөздерге әуес болып барады. Қазіргі таңда күндіз де, түнде де балалардың қызыға қарайтыны «тәрбиеші» TikTok болып отыр. Ұлтымыздың уыз-тәрбиесін TikTok-қа байлап қоймай, қазақтілді балалар медиакеңістігі осы жолда жүйелі, сапалы және бәсекеге қабілетті болуға тиіс.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ










