Қоғамның өзекті мәселесіне бейжай қарамай, білімін ел игілігіне жұмсауға ұмтылатын жастар – тәуелсіз Қазақстанның ең қымбат капиталы. Солардың қатарында алматылық 16 жастағы Үкілі Омарова да бар. Жасы мектеп қабырғасынан аса қоймағанымен, ойы озық, мақсаты айқын жас өнертапқыш соңғы бір жылдың ішінде төрт бірдей стартапты жүзеге асырып үлгерген. Соның ең маңыздысы – сөйлеу қабілеті бұзылған жандардың сөзін жасанды интеллект көмегімен түсінікті тілге аударатын Soile AI жобасы. Бүгінде бұл жүйе еліміздің бірнеше медициналық орталығында сынақтан өтіп, мамандардың оң бағасына ие болып келеді. Ерекше атап өтерлігі, Үкілі бұл жобаны ешқандай бастапқы қаржысыз қолға алып, жолындағы ең үлкен кедергі қаржының жоқтығы емес, жасына байланысты туған күмән мен сенімсіздікті еңсеру болғанын айтады. Жас өнертапқышпен бала күнгі арманы, ғылымға бет бұруына түрткі болған оқиға, қоғамға қызмет ететін технологияларды жасау жолы және алдағы мақсат-мұраты туралы әңгімелескен едік.

Арманға басқан нық қадам
– Үкілі, бүгінде Сізді көпшілік стартап негізін қалаушы жас өнертапқыш ретінде танып келеді. Алдымен Өзіңізді оқырманға жақынырақ таныстырып өтсеңіз?
– Мен жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін кәсіпкермін әрі Soile AI жобасының негізін қалаушысымын. Алматы қаласында дүниеге келіп, қарапайым қазақ отбасында өстім. Балалық шағымның көп бөлігі әжемнің тәрбиесінде өтті. Сол кісінің мейірімі мен ата-анамның тәлімі менің өмірлік ұстанымымды қалыптастырды. Олар маған ең алдымен адал еңбек етуді, қарапайым болуды және қандай іс атқарсам да оның адамдарға пайдасы тиюі керектігін үйретті. Отбасымыздың IT саласына еш қатысы жоқ. Әкем қауіпсіздік инженері, анам эпидемиолог. Соған қарамастан, олар менің кез келген бастамама сеніп, әрдайым қолдау көрсетті.
Ғылымға деген қызығушылығым ерте оянды. Он бір жасымнан ғылыми жобалар әзірлеп, зерттеу жұмыстарымен айналыса бастадым. Уақыт өте келе бұл қызығушылық жасанды интеллект пен технологиялық кәсіпкерлікке ұласты. Қазір соның нәтижесінде адамдардың өмірін жеңілдететін жобаларды жүзеге асырып келемін. Биыл әлемдегі ең үздік ТОП-100 әйел tech-құрылтайшыларының қатарына енуім тынымсыз еңбектің жемісі деп білемін.
Бала күнімде тек ғылымға емес, өнерге де жақын болдым. Домбыра тартып, ән айтып, би мен актерлік шеберлікке қатыстым. Сондай-ақ арманына адал болып, өзгелерге жақсылық жасауға ұмтылатын кейіпкерлер туралы фильмдерді сүйіп көретінмін. Олар да менің дүниетанымымның қалыптасуына әсер етті. Бүгінде қай іспен айналыссам да, басты мақсатым – технологияның мүмкіндігін адам игілігіне жаратып, қоғамға нақты пайда әкелу.
– Кейде адамның өмір жолын бір ғана шешім өзгертіп жатады. Сіздің де Назарбаев Зияткерлік мектебінен қарапайым мектепке ауысуыңыз көпшілікті қызықтырғаны рас. Бұл шешім қалай қабылданды?
– Бұл шешім оңай қабылданған жоқ. Назарбаев Зияткерлік мектебіне өз еңбегіммен грантқа түсіп, білім алу мен үшін үлкен жетістік еді. Қарапайым отбасынан шыққан бала ретінде оның қандай мүмкіндік беретінін жақсы түсіндім. Сондықтан мектептен кету аяқ астынан жасалған қадам емес, ұзақ ойланған шешім болды. Уақыт өте келе мені бір ой мазалай бастады: алған білім тек теория күйінде қалмай, нақты іске, қоғамға пайда әкелетін нәтижеге айналуы керек. Мен кәсіпкерлікке ден қойып, жобаларымды дамытуға, идеяларымды тәжірибе арқылы шыңдауға көбірек уақыт бөлгім келді. Сол себепті өзіме жауапкершілік алып, тәуекелге бардым. Қазір Алматы облысы Қарабұлақ ауылындағы №22 орта мектепте білім алып жүрмін.
Алматы – еліміздегі технология мен инновацияның ірі орталығы. Мұнда жастарға арналған көптеген IT жобалар, стартап қауымдастықтары мен білім беру алаңдары бар. Алайда, мұндай мүмкіндіктер барлық оқушыға бірдей қолжетімді емес. Әсіресе, қарапайым мектептерде немесе ауылдық жерлерде оқитын балалардың көбі бұл орта туралы білмейді. Сондықтан мен түрлі мектептерде кездесулер өткізіп, жасанды интеллект, технологиялық кәсіпкерлік және стартап құрудың алғашқы қадамдары туралы тәжірибеммен бөлісемін. Менің ойымша, баланың болашағын оның қай мектепте оқитыны емес, оған берілген мүмкіндік пен өзіне деген сенімі айқындайды. Бүгінде сол таңдауыма еш өкінбеймін.
Қазір сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға арналған Soile AI жобасын дамытып, бірнеше кәсіпкерлік бағытпен айналысып жүрмін. Мен үшін ең үлкен жетістік өз арманыңа жету ғана емес, сол арман арқылы өзгелердің өміріне пайда әкелу. Егер менің тәжірибем бір ғана жасөспірімге өз күшіне сенуге себеп болса, онда таңдаған жолымның мәні одан сайын арта түседі.


«Soile AI жобасын бастағанда небәрі 15 жаста едім»
– Кейде үлкен жаңалық бір ғана өмірлік оқиғадан бастау алады. Сіздің де қоғам игілігіне арналған Soile AI жобасын жасауға не түрткі болды? Бұл идея қалай дүниеге келді?
– Soile AI жобасын бастағанда небәрі 15 жаста едім. Иә, бұл жобаның түп-тамыры менің отбасымдағы ауыр жағдайдан бастау алады. Алдымен атам, кейін әжем инсульт алып, екеуінің де сөйлеу қабілеті бұзылды. Олар ойын жеткізгісі келгенімен, кейде ең жақын адамдарының өзі сөзін бірден түсіне алмайтын. Балалық шағымда осы көрініске талай рет куә болдым. Жақыныңның жанайқайын сезініп тұрып, айтқанын ұғына алмау өте ауыр екен. Сол кезде санамда бір сұрақ қайта-қайта жаңғыратын: әлемнің кез келген тілін аударатын технологиялар бар, ал неге сөйлеу қабілеті бұзылған адамның сөзін түсінетін «аудармашы» жоқ? Уақыт өте келе бұл жай ғана сұрақ емес, өмірлік мақсатқа айналды. Он бес жасымда осы мәселені жан-жақты зерттей бастадым. Сонда әлемде 800 миллионнан астам адамның түрлі деңгейдегі сөйлеу бұзылыстарымен өмір сүретінін білдім. Мұндай қиындыққа тек инсульт емес, церебралды сал ауруы (ДЦП), Паркинсон дерті және үш жүзден астам ауру мен неврологиялық жағдай себеп болуы мүмкін екен. Сол сәтте бұл мәселенің тек менің отбасымның емес, миллиондаған адамның тағдырына қатысты екенін түсіндім. Осылайша, Soile AI жобасы дүниеге келді. Оның мақсаты – сөйлеу қабілеті бұзылған адамның дауысын жасанды интеллект арқылы талдап, ойын өзгелерге түсінікті түрде жеткізуге көмектесу.
Бүгінде технологиямызға халықаралық патент берілді. Қазір Қазақстан, Өзбекстан және Ресейдегі клиникалармен бірлесіп жұмыс істеп, жүйені тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Сонымен қатар, оны Орталық Азия халықтарының тілдік ерекшеліктеріне бейімдеп, өңірдегі сөйлеу бұзылыстары бар адамдардың дауысын дәлірек танитындай етіп жетілдіру үстіндеміз. Егер осы жоба бір адамның өз ойын еркін жеткізуіне, бір отбасының бір-бірін жақсырақ түсінуіне мүмкіндік берсе, онда еңбегіміздің ақталғаны.
– Сөйлеу қабілеті бұзылған адамның сөзін жасанды интеллект арқылы дәл тану – үлкен ізденіс пен табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Осы жобаны әзірлеу барысында күрделі кезең қайсы болды және оны қалай еңсере алдыңыз?
– Бұл жобадағы ең үлкен сынақтың бірі – деректер қорын жинақтау болды. Жасанды интеллектінің сапасы ең алдымен оған берілетін мәліметтердің көлемі мен дәлдігіне байланысты. Ал, сөйлеу қабілетінің бұзылуы бір ғана себептен туындамайды. Мамандардың айтуынша, оған әсер ететін 300-ден астам ауру мен түрлі неврологиялық жағдай бар. Сондықтан әр адамның сөйлеу мәнері, дыбысты айту ерекшелігі мен сөз құрауы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Дәл осы ерекшелік біздің жұмысымызды күрделендірді. Себебі, жасанды интеллект әртүрлі диагнозы бар адамдардың сөйлеуін түсінуі үшін мыңдаған емес, жүздеген мың, тіпті миллиондаған мысалды үйренуі қажет. Мұндай деректерді жинау үлкен уақытты, табандылықты және дәрігерлер мен пациенттердің қолдауын талап етеді.
Бүгінде біздің базада 35 мыңнан астам бірегей аудиожазба жинақталды. Әрқайсысы адамның өмірінен алынған нақты мысалдар. Біз медициналық мекемелермен бірлесіп, деректер қорын үздіксіз толықтырып келеміз. Әрбір жаңа аудиожазба жүйенің сөйлеуді дәлірек тануына және қателік ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, технологияны жасаудағы ең қиын нәрсе – бағдарламаны жазу емес, адамның ерекшелігін түсінетін жүйені қалыптастыру. Сондықтан біз үшін әрбір жаңа дерек сөйлеу қабілеті бұзылған адамның қоғаммен еркін қарым-қатынас жасауына жақындататын тағы бір маңызды қадам.
– Soile AI қазір дәрігерлердің тәжірибелік сынағынан өтіп жатыр. Алғашқы нәтижелер не көрсетті? Дәрігерлер мен пациенттердің Сіз үшін ең құнды пікірі қандай болды?
– Қазіргі таңда Soile AI бірнеше медициналық орталықта сынақтан өтіп жатыр. Алғашқы нәтижелер біз күткеннен де үмітті болып шықты. Ең бастысы, дәрігерлер технологияның нақты қажеттіліктен туғанын айтып, оның күнделікті жұмысқа пайдалы болатынын атап өтті. Бұл біз үшін кез келген марапаттан да маңызды баға.
Бүгінде кез келген адам Soile AI жүйесін пайдаланып, модельді өзінің нақты диагнозына бейімдеп үйрете алады. Ол үшін қолданушы арнайы мәтіндерді дауыстап оқып, аудиожазбаларын жүйеге жүктейді. Осылайша, жасанды интеллект әр адамның сөйлеу ерекшелігін біртіндеп меңгеріп, уақыт өте келе сөзді әлдеқайда дәл тани бастайды. Бұл тәсіл сөйлеу бұзылыстарының сан алуан түріне бейімделуге және технологияның сапасын үздіксіз арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бізге ТМД елдерінің түкпір-түкпірінен 58 логопед қолдау көрсетіп келеді.
Сынақ барысында логопедтер мен дефектологтардың айтқан бір пікірі біз үшін ерекше құнды болды. Олар: «Мұндай технология маманды алмастырмайды, керісінше оның жұмысын жеңілдетіп, пациентпен қарым-қатынасты әлдеқайда тиімді етеді», – деді. Біз де дәл осы ұстанымды басшылыққа аламыз. Сондықтан өнімді дәрігерлердің, логопедтердің және пациенттердің ұсыныстары негізінде тұрақты түрде жетілдіріп келеміз. Біздің мақсат – медициналық маманның орнын басу емес, оның сенімді көмекшісіне айналу.
Қазір жүйе 35 мыңнан астам бірегей аудиожазба негізінде оқытылып жатыр. Әрбір жаңа пайдаланушының қатысуы модельдің дәлдігін арттырып, сөйлеу ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл – бір ғана өнімді дамыту емес, сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға арналған үлкен деректер қорын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Соңғы айларда жобаға қызығушылық айтарлықтай өсті. Бүгінде Орталық Азия елдерімен қатар Қытай, АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия мен Жапониядағы медициналық ұйымдар мен инвесторлардан ынтымақтастық жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл біз үшін Soile AI-дың тек Қазақстанға ғана емес, халықаралық деңгейде де сұранысқа ие технология екенін аңғартатын маңызды көрсеткіш. Ең бастысы, осы қызығушылықтың артында миллиондаған адамның өмір сапасын жақсартуға деген ортақ ниет жатыр.


«Жобамды қалтамда бір теңге болмай бастағанмын»
– Сіз небәрі 16 жаста болсаңыз да, стартапыңызды халықаралық деңгейде таныстырып үлгердіңіз. Жасыңызға байланысты сенімсіздік немесе кедергілер кездесті ме?
– Иә, ондай жағдайлар болды, әрі шынын айтсам, әлі де кездесіп тұрады. Кейбір адамдар алдымен менің жасыма қарап, жобамның әлеуетіне күмәнмен қарайды. Бірақ, уақыт өте келе мұндай көзқарасты қабылдап, оған дұрыс жауап беруді үйрендім. Мен эмоцияға емес, нақты нәтижеге сүйенемін. Soile AI қандай мәселені шешетінін, қандай жетістіктерге жеткенін және халықаралық деңгейде қандай қолдауға ие болғанын көрсетемін. Сол кезде әңгіме жас туралы емес, жұмыстың сапасы мен оның қоғамға тигізер пайдасы туралы өрбиді. Жақында өмірімдегі ең маңызды кезеңдердің бірі болды. Біріккен Ұлттар Ұйымы кеңесшісінің ұсынысымен Стамбулда 40 жылдан бері өткізіліп келе жатқан халықаралық жаһандық саммитке спикер ретінде шақырылдым. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе ғана емес, зор жауапкершілік те еді.
Саммитке әлемнің 60-тан астам елінен министрлер, мемлекет қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың басшылары, инвесторлар және Microsoft, IBM, Nestlé, Boeing, Medtronic, Siemens, Unilever, ABB, LC Waikiki секілді әлемдік компаниялардың жетекшілері қатысты. Мен үшін ерекше сәт Орталық Азиядан шақырылған жалғыз спикер әрі саммиттің ең жас қатысушысы болдым.
Сонымен қатар, 40 жылдық тарихы бар бұл беделді халықаралық алаңда сөз сөйлеген алғашқы қазақстандықтардың бірі болу үлкен сенім мен зор мәртебе. Осындай аудитория алдында Қазақстанның атынан шығып, өз жобамды таныстыру мен үшін ұмытылмас тәжірибе әрі еліміздің жас таланттарына деген сенімнің айқын көрінісі болды.
– Soile AI-дың алдағы басты мақсаты мен болашақ жоспары қандай?
– Иә, жобаны қалтамда бір теңге болмай бастағанмын. Кейін түрлі халықаралық және республикалық байқауларда жеңіп алған барлық жүлде қаржысын стартаптың дамуына қайта инвестицияладым. Soile AI жобасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Popeyes Kazakhstan, С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің, V.Poryadke коммуникациялар академиясының, Activat VC инвесторлық қорының және Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығының гранттық әрі сараптамалық қолдауына ие болды.
Бұл қолдау біз үшін тек қаржылай көмек емес, ең алдымен жобаның өзектілігі мен әлеуетіне берілген сенімнің көрінісі болды. Соның арқасында жасанды интеллект алгоритмдерін жетілдіруге, ғылыми зерттеулер жүргізуге, сөйлеу ерекшеліктеріне қатысты деректер қорын кеңейтуге және өнімнің сапасын арттыруға мүмкіндік алдық.
Әсіресе медицина саласының мамандарымен және ғылыми қауымдастықпен бірлесіп жұмыс істеу технологияны нақты қажеттіліктерге бейімдеуге жол ашты. Біздің басты мақсатымыз – тілі мүкіс адамдар мен медицина мамандарының арасындағы байланысты жеңілдететін, қоғамға шынайы пайда әкелетін технологияны дамыту. Мен үшін Soile AI – ең алдымен әлеуметтік маңызы бар жоба. Сондықтан болашақта бұл технологияны сөйлеу ерекшелігі бар адамдар үшін барынша қолжетімді, мүмкіндігінше тегін сақтауды қалаймын. Алайда, кез келген әлеуметтік бастама тұрақты дамуы үшін қаржылық негіз де қажет. Сол себепті біз жобаны басқа бағыттар арқылы монетизациялап келеміз. Мәселен, бизнеске арналған Speech-to-Text технологиясын ұсынамыз. Ол компанияларға қоңырауларды автоматты түрде мәтінге айналдыруға, сату бөлімінің жұмысын талдауға, клиенттермен қарым-қатынастың сапасын арттыруға және қызмет көрсету үдерістерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Осы бағыттан түсетін табыс әлеуметтік миссиямызды жалғастыруға жол ашады.
Сонымен қатар, бірнеше кәсіпкерлік бағытта жұмыс істеймін. Командамызбен AI-консалтинг қызметін көрсетіп, компанияларға жасанды интеллектке негізделген шешімдер әзірлейміз, тапсырыс бойынша сайттар мен мобильді қосымшалар жасаймыз. Бұдан бөлек, TikTok платформасында продюсерлікпен айналыстым, сондай-ақ Қытайдан AI мүмкіндіктері бар смарт-көзілдіріктерді әкеліп, нарыққа ұсындым. Мұның бәрі маған кәсіпкерлік тәжірибе жинақтап қана қоймай, Soile AI-дың тұрақты дамуына қажетті ресурстарды қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Сонымен бірге, мен үшін алған тәжірибемді өзгелермен бөлісу де маңызды. Сондықтан өз жобасын дамытқысы келетін талапты жастарға тегін тәлімгерлік етемін. Мен үшін олардың жасы емес, идеясының жаңашылдығы, еңбекқорлығы және қоғамға нақты пайда әкелуге деген ұмтылысы маңызды. Себебі, үлкен өзгерістер көбіне үлкен мүмкіндіктен емес, бір адамның сенімінен басталады. Егер менің тәжірибем бір жасқа өз идеясын жүзеге асыруға жігер берсе, оны да өзімнің ең үлкен жетістіктерімнің бірі деп есептеймін.
– Болашақтағы ең үлкен арманыңыз қандай?
– Менің ең үлкен арманым – өз елімнің дамуына нақты үлес қосу. Әлемдік деңгейдегі технологиялық жобалар жасап, қазақстандық жастардың да үлкен жетістікке жете алатынын дәлелдегім келеді. Сонымен қатар, еліміздегі ғылым қауымдастығының дамуына атсалысып, инновация мәдениетінің қалыптасуына өз үлесімді қосуды мақсат етемін. Қазір әлеуметтік желілерде жеке блогымды жүргізіп жүрмін. Оның басты мақсаты – өз қатарластарыма жаңа мүмкіндіктер туралы айтып, жастарды ақпараттық технологиялар саласына қызықтыру, осы бағытқа талантты әрі талапты жастарды көбірек тарту.
Ең бастысы, ол адамдардың өмірін жеңілдетіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге қызмет етуі керек. Егер менің жобаларым мен блогымның арқасында бір жас өзіне сеніп, IT саласына қадам басса немесе өз идеясын жүзеге асыруға батылдық алса, бұл мен үшін үлкен жетістік. Өйткені, Қазақстанның болашағы білімді, жаңашыл және өз еліне қызмет етуді мақсат еткен жастардың қолында.
– Үкілі, ашық әңгімеңізге алғыс білдіремін.
Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ












