Селим Хазбиұлы: «Бізді бүгінде толыққанды татарға жатқызу қиын»

0
5336

Жарты әлемді жаулап алған ұлы қаған – Шыңғыс хан негізін қалаған Алтын Орданың 750 жылдығын көптеген елдер атап өткелі жатыр. Тарихты індетіп із кескен шақта оның негізі қазақтың қасиетті мекені Ұлытауда қаланып, кейін Жайық бойындағы Сарайшық қаласында бой түзеп, әлемге танылғандығы мойындалады. Демек, бұл ұлы дүрмек қазақ үшін де жат емес қой. Бұл бір дерек. Екіншіден, Ұлы баһадүр Шыңғыс ханның өзі көзі тірісінде осы ұланғайыр аймаққа билік жүргізуді үлкен  ұлы  Жошыға міндеттеді. Сондықтан да бүгінгі қазақ, қазақ жері Жошы ұлысының толыққанды мұрагері десек артық айтқандық болмайды. Ақбоз аттың тізгінін Ақтеңіздің жағасына барып бір-ақ тежеген Жошының ұлы Батый ханның нояндары ұрпағы Еуропа елінде күні бүгінге дейін тарыдай шашылып ғұмыр кешіп жатыр. Олар қарайым, құмық, татар, ноғай, қазақ рулары болып келеді. Соның бірі – біздің бүгінгі кейіпкері Селим Хазбиұлы. Ол Польшадағы татар диаспорасының көрнекті өкілі. 2017 жылдан бері Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарады. Селим Хазбиұлы мемлекет ісінде жемісті жұмыс  жасап жүрген саяси қайраткер ғана емес, белгілі тарихшы әрі ғалым.

«ТАРИХТЫ ҚАЗ-ҚАЛПЫНДА ҚАБЫЛДАУҒА ТИІСПІЗ»

– Селим Хазбиұлы, Сіз жөнінде біз көптен бері құлақдармыз. Ғылыми еңбектеріңізбен де таныспыз. Сіз Қостанайға бірінші рет келіп отырған жоқсыз ғой?

– Бұл менің Қостанайға үшінші рет келуім. Алғаш рет Қостанай әкімдігінің шақыруымен 2017 жылы экономикалық форумға қатыстым. Сонда ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынның, қазақ жеріне білім шырағын жаққан Ыбырай Алтынсариннің елімен танысып, осы өлкеге деген қызығушылығым пайда болды. Оның бергі жағында мен татармын. Ал, мұнда татарлардың үлкен диаспорасы тұрады. Солардың салт-дәстүрі, тілі мен тіршілігі, қоғамдағы рөлі, қазақ халқымен туысқандық қарым-қатынасы мен үшін тың тақырып, соны дәйектеп, тереңірек зерттеуге құштарлық та бар. Екінші жағынан Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ 2014 жылы Польшаның Ольштын қаласындағы Варминьск-Мазурск университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Мен осыны одан әрі дамытуды көздеймін.

– Мұныңыз келешегі бар игілікті шара екен. Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ студенттері онда барып, олар мұнда келіп, содан қарым-қатынас орнаса, екі халық та бір-бірін тани түсетіні сөзсіз. Ал, сонда Ольштын университеті Сіздің альма-матеріңіз бе?

– Тап солай! Мен оның саяси ғылымдар докторымын, профессорымын. Қостанайлық студенттерге әкелген лекциямның тақырыбы да тың, бұрын көп аса зерттелмеген сала. Ол «Польша-Литва татарлары және Алтын Орда» деп аталады. Бұл қазіргі Польша, Литва және Беларусь жерлері Ұлы Литва княздігінде болған кезеңді қамтиды. Бұл бір мыңдаған адам тағдырының талайын шешкен қызық әрі қайшылықты кезең. Оны сол күйінде қабылдау кейбіреулердің жүрегіне салмақ та салады. Бірақ, тарихтың аты – тарих, оны қаз-қалпында қабылдауға тиіссің. Оны күштеп өз пайдасына қарай тартқанымен, шындық ерте ме, кеш пе ашылады. Сонда аманатқа қиянат жүрмейтінін түсінуге тура келеді.

Дереккөздер бойынша біздің ата-бабаларымыз мұнда Алтын Орда ыдырағаннан бұрын XV-XVI ғасырларда келген. Шыңғыс хан әскерінің құрамында небір халық өкілдері болды. Демек, Қазақ жеріне 20 мың қолмен басып кіріп, Еуропаға жүздеген мың әскермен аттанған әскерді тек қана моңғол деп түсінуге болмайды. Орыс жылнамасындағы «моңғол-татар басқыншылығы» деген сөздің түп-төркіні осыны білдіреді. Орыс жұрты да, еуропалықтар да татар деген сөздің астарында ортаазиялықтар тұрғанын жақсы біледі.  Әділін айту керек, Польша корольдігі федерациясы мен Ұлы Литва князьдігі көпұлтты мемлекет еді. Онда өзге ұлт өкілдеріне деген сыйластық, толеранттық сенім зор болды. Содан да христиан, ислам діндері қатар өмір сүрді. Адамдардың мәдениеті мен діни сеніміне шектеу қойылмады. Өз парламенті бар еврей автономиясы да өмір сүрді. Қарайымдардың үлкен тобы (олар кешегі хазарлар мен түркі-қыпшақтардың ұрпағы ғой)  өсіп-өнді. Федерация құрамында сол сияқты немістер, шотландтар, ағылшындар да болды. Олар да осы мемлекеттің толыққанды мүшесі ретінде ғұмыр кешті.

«БІЗДІ ҚАЗІР ТОЛЫҚҚАНДЫ ТАТАРҒА ЖАТҚЫЗУҒА БОЛМАЙДЫ»

– Селим Хазбиұлы, аталған федерация құрамында татарлардың рөлі қан-дай болды? Ал, қазіргі жағдайларыңыз қалай?

– Польшада татарлар айтарлықтай көп емес. Бұрын да олар көп болмаған. Дерек бойынша біздің санымыз 10-12 мыңнан аспаған. Қазір 20 мыңға жетті.

Әрине, бізді бүгінде толыққанды татар деп айту қиын. Өкінішке қарай, біз тілімізді сақтай алмадық. Тіл – ұлттың жаны. Тілі жоғалған халықтың өз ұлтының толыққанды мүшесі болуы қиын. Арада өткен бірнеше ғасыр ішінде көпшілік азшылықты «жұтып» қойды. Дінімізді әзер дегенде сақтап қалдық.

Араб, Түркия елдерімен, Қырым, Қазан татарларымен ұдайы байланыс жасап тұрамыз. Балаларымызға барынша өз халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйретуге тырысамыз. Бұл орайда Польша үкіметі бізді үнемі қолдап отырады. Біздің бірлестіктің жыл сайын өткізетін іс-шараларына үкімет қаржы бөледі. Татар тілінде оқылатын лекциялар мен оқу сағаттарына ақша төленеді. Интернетте өз сайтымыз бар. Велосток селосындағы байырғы мұсылман мешіті үкімет қамқорлығына алынған.

Рас, бізге қарағанда Румынияда татарлар көп. Олар тілін, дінін сақтай алған. Өз баспасөздері және бар. Татарлар үкімет құрамында, парламентте жұмыс істейді. Бұл татарлардың дені XVI-XVIII ғасырлардағы Қырым хандығынан келгендер. Венгриядағы мұсылмандардың жағдайы бұдан да жақсы. Жалпы, олар өздерін қыпшаққа, соның ішінде арғын тайпасына жататын мадиярға жатқызады. Торғай өңірінде де мадиярлардың атамекені бар екенін осында келгенде білдім ғой.

– Ол рас! Венгрия мадиярлары бір жылдары келіп, Қызбел тауының етегіне өздерінің белгілерін қойды. Олардың жергілікті қазақтармен қандас екендігі ғылыми дәлелденді. Өз басым 80-ші жылдары Венгрияда болғанда олардың музейіндегі арба, қазан, көсеу сияқты біздің ұлттық бұйымдарымызды көріп таңданған едім…

– Бұл біздің татар халқына да ортақ нәрсе ғой. Тұрмыстық ұқсастықтар өте көп. Тіліміз де қазақшаға жақын. Қостанайдағы татар мен қазақ ешқандай аудармашысыз-ақ бір-бірін жақсы түсінеді.

«ПОЛЬША ҮШІН ҚАЗАҚ КӨМІРІ АСА ҚАЖЕТ»

– Селим Хазбиұлы, қостанайлық студенттерге тағы қандай олжа әкелдіңіз?

– «Польша-Литва татарлары және Алтын Орда» деген лекциядан басқа тағы екі лекциям бар. Ол Польша мен Ресей арасындағы геосаяси мәселелерге арналады. Бұл ауқымы кең үлкен тақырып.

Қазіргі Еуро Одақ бір күнде пайда бола салған жоқ. Ол көп жылғы жұмыстың жемісі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған идея. Қазір ол екі концепция бойынша дамып келеді. Біріншісі, генерал Шарль де Голль идеясы, яғни федерациялар одағы, екіншісі, АҚШ-тағы сияқты штаттар бірлігі – ортақ шекара, ортақ ақша, ортақ парламент және ортақ әскер. Әрине, мұның қайсысы өміршең болатындығын уақыт көрсетеді.

– Енді Қазақстан мен Польша арасындағы қарым-қатынасқа тоқталсаңыз…

– Қазақстанда 36 мың польяк тұрады. Польша капиталымен 200-ге жуық компания жұмыс істейді. Өзара тауар айналымымыз 2 млрд. АҚШ долларын құрайды. Оны тағы жарты млрд. долларға арттыру жоспары бар. Өкінішке қарай, ортақ шекарамыз жоқ, сол қолбайлау болып тұр. Әйтпесе, екі ел арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс біз ойлағаннан да жоғары деңгейде болар еді. Дегенмен, келешекте бұл мәселені екі бағыт бойынша шешу жоспарда бар. Солтүстік бағыт: Қазақстан – Ресей – Беларусь, оңтүстік бағыт: Каспий теңізі – Өзбекстан – Қазақстан. Біз үшін қазақ көмірі аса қажет. Бізде көптеген кәсіпорындардың жұмысы осы көмір отынына байлаулы. Ал, Польшадан Қазақстанға азық-түлік, жеміс-жидек жөнелтіледі.

– Селим Хазбиұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Серік ШАЙМАН, «Qazaq»-тың Қостанайдағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here