Есберген Алауханов: «Заң саласындағы өзгерістер қоғамның жаңаруына серпін береді»

0
3370

«Хаос жағдайында даму, тұрақтылықты сақтау және реформалар жасау мүмкін емес. Заң мен тәртіп – тұрақтылығымыздың негізі». Ел Президентінің ұстанымы – айқын, бағыты – оң. Әділетті Қазақстанның басты өзегі – заң, тәртіп, теңдік. Аталған тетіктер қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тәуелсіздігімізді тұғырлы ете түспек.

Қазақстанда заң үстемдік ету үшін не істеуіміз керек? Заң саласының әр тармағында қызмет етіп жүрген мамандардың білімі мен білігі қандай? Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер салаға қаншалықты серпін әкеледі?

Осы және өзге де сауалдар төңірегінде заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алаухановпен сұхбаттасқан едік.


«РЕФОРМАЛАР АЗАМАТТАРДЫҢ БИЛІККЕ ДЕГЕН СЕНІМІН НЫҒАЙТАДЫ»

 – Есберген Оразұлы, ғасырдан астам тарихы бар, ұлт басылымдарының атасы саналатын «Қазақ» республикалық газетіне сұхбат беруге уақыт бөлгеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Әңгімеміздің әлқиссасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қоғамда заң үстемдігін орнату бойынша қолға алынып жатқан ілкімді істерден бастасақ. Заң саласының білгір де білікті маманы ретінде елде заң үстемдік ету үшін не істеуіміз керек?

– Өте маңызды әрі күрделі сұрақ. Сауалыңызға толыққанды жауап беру үшін көптеген мәселелерді таразылауымыз қажет. Оған бір сұхбат аздық етеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өте сауатты, іскер, дипломат азамат. Егемендіктің екінші ширек ғасырына аяқ басқан елімізде заң үстемдігін орнату үлкен маңызға ие. Жақында әлемнің бірқатар мемлекеттерінде болдым. Олардың қатарында АҚШ, Франция, Түркия сынды алпауыт елдер бар. Аталған мемлекеттерде заң үстемдігі жүйелі жолға қойылған. Мәселен, такси қызметін алайық. Түркияда арнайы лицензияланған такси қызметі ғана жолаушылар тасымалдай алады. Егер де ол жолаушыға дұрыс қызмет көрсетпеген жағдайда айыппұл төлеп, тиісті жазасын алады. Міне, бұл – тәртіп. Расын айтқан ләзім, соңғы кездері Қазақстанда қылмыстық оқиғалар көбейіп барады. Әлеуметтік желілерде әркім аузына келгенін айтып, ұлттың тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Әрине, құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлының ұйытқы болуымен сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын реформалау қолға алынды. Реформалар оң өзгерістерге серпін беріп, қоғамның тұрақтылығын, беріктігін, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деген сенімдеміз. Ең бастысы – «Заң мен тәртіп», «Қауіпсіз қоғам» сынды жобалар азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтып, заң мен тәртіптің салтанат құруына сеп болса құба-құп.

 – Өмір жолыңызда көптеген лауазымды қызметтерді абыроймен атқардыңыз. Сот саласында, қаржы полициясында еселі еңбек еттіңіз. Ғұмырыңыздың сәулелі кезеңдерінде қарашаңырақ Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында шәкірт тәрбиелеп, тұтас бір заңгерлер мектебінің қалыптасуына өзіндік сүбелі үлес қостыңыз. Ұстаз-ғалым ретінде қазіргі заң саласының әр тармағында қызмет етіп жүрген мамандардың білімі мен білігі көңіліңізден шыға ма?

– Педагогтер отбасында дүниеге келдім. Екі әжемнің тәрбиесінде болдым. Олар мені 4-5 жасымнан бастап әріп танытып, жазу-сызуға үйрете бастады. Жастайымнан әлемдік әдебиеттің жауһарларын сүйсіне оқыдым. Классикалық шығармалар тұлға болып қалыптасуыма, өмірлік жолымды бағдарлауға ықпал етті. Әңгімені әріден бастауымның өзіндік себебі бар. Біз заманның аумалы-төкпелі уақытысында сапалы білім алып, алға қарай талпындық. Елге адал қызмет атқарып, қоғамға пайдалы азамат болуға тырыстық. Қазір қалай? Әрине, заман өзгерді. Білім алуға да, еңбек етуге де барлық жағдайлар жасалған. Қазір сот саласында білікті кадрлар жетіспеушілігі байқалады. Атап айтқанда, сот мәжілісінің хатшылары, кеңсе қызметкерлері, мамандар тапшылығы анық сезілуде. Қазақстанның барлық өңірінде осындай ахуал. Менің ойымша, бұған әсер етіп отырған ең басты фактор – әлеуметтік жағдай. Мәселен, сот мәжілісінің мамандарының еңбекақысы өте төмен. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі қарастырылмаған. 100-140 мың теңге аралығындағы жалақыға қазір өмір сүре аласыз ба? Мамандардың еңбекақысын орташа есеппен 500 мың теңгеге көтеруге не кедергі? Сонда қызметкерлердің жұмысқа деген ынта-ықыласы пайда болмай ма? Салаға жастардың тартылмай, бос орындардың көптігі осының әсерінен деп пайымдауға болады. Сондықтан да, осы мәселеге мемлекет тарапынан оң назар аударылып, оңтайлы шешілсе дейсің.

– Қазіргі күнде Қазақстанда заң үстемдігінің берік орнығуына, сот төрелігінің әділ атқарылуына ерекше маңыз беріліп жатқандығын атап өттік. Бұл тараптағы жаңашылдықтарды жүйелі жүзеге асыру үшін отандастарымыздың құқықтық сауаттылығы да маңызды рөл атқарса керек-ті…

– Ел Президентінің ұсынысымен және халық қалаулыларының ұйытқы болуымен ел өміріне елеулі өзгеріс, тың жаңалық алып келген шешімдер өте маңызды. Сондай-ақ, бұл өзгерістер соттарға да үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы жақында ғана еліміздің сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізілді. Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар аталған құжатқа енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заңда сот төрелігінің атқарылу сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған құқықтық тетіктерді жетілдіру қарастырылған.

«Сот тәуелсіздігі» деген ұғым бар. Әрбір шешім мен үкім Қазақстан Республикасының атынан деп шығарылады. Төрағалық етуші судья өзінің ар-ожданымен, білімімен, мәдениетімен, адами қасиетімен үкімді шығарады. Жасыратыны жоқ, судья қандай да бір үкім яки шешім шығарылатын кезеңде жергілікті соттың төрағасымен кеңесіп немесе соның ықтиярымен шешім қабылдайды, жаза мөлшерін белгілейді. Сонда бұл жерде сот тәуелсіздігі деген ұғым қайда қалды? Сондықтан да, заң үстемдігін толыққанды қамтамасыз ету үшін сот тәуелсіздігін нығайуымыз керек.

«АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТА ТЫҢ СЕРПІН КЕРЕК»

 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары» деп аталатын стратегиялық құжатқа қол қойды. Бұл құжатта адам және оның өмірі, бостандығы мен құқығы деген қағиданы берік ұстану қажеттігі айқындалып отыр. Әрине, қос қолыңды көтеріп, қолдауға тұрарлық бастама. Осы орайда Сізге адам құқығын қорғау саласындағы жұмыс азаматтардың өмірі мен бостандығын сақтауға қаншалықты септігін тигізіп жүр деген сауалды қойғым келіп отыр.

– Мен Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия құрамында жұмыс істедім. Қазіргі күнде сарапшысымын. Осы ретте бірқатар ұсыныстарымды атап өткім келеді. Біріншіден, аталған комиссияның мүшелері өңірлерге шығып, азаматтармен кездесулерді тұрақты түрде өткізуі тиіс. Қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында дөңгелек үстелдер, дәрістер мен жиындар ұйымдастыруды дәстүрге айналдыру керек. Тағы бір айта кетерлігі, аталған комиссия мүшелерінің дені орыстілді азаматтар. Мемлекеттік тіл қағажу қалған. Оны да айта кеткен дұрыс. Сондықтан да, адам құқығын қорғау саласындағы жұмысты жаңа бағытта жүргізу керек.

– Еліміздің сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізілді. Бұл жаңашылдықтар салаға қаншалықты серпін әкеледі деп ойлайсыз?

– Азаматтардың сот пен судьяға деген сенімі – мемлекет пен билікке деген сеніммен деңгейлес. Сондықтан да, сот жүйесін жетілдіру бағытындағы іс-шараларды өте мұқият жүргізген абзал. Саланың ұңғыл-шұңғылын білетін адам ретінде айта кететін жайт бар, қазір сот саласында тәжірибелі мамандарға деген сұраныс байқалады. Менің ойымша, ұзақ жылғы бай тәжірибесі бар судьяларды зейнет жасына толса да, олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Ең болмағанда жас судьяларға тәлімгер болуы керек. Мәселен, бірқатар шет мемлекеттерде 80-90 жасқа толса да еңбек етіп жүрген судьялар бар. Міне, осы мәселе төңірегінде де ойлану қажет.

– Заң үстемдігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі – заңнаманы жетілдіру екені бесенеден белгілі. Соңғы уақыттарда қоғамда қызу талқыланған заңдармен таныстыңыз ба? Қаншалықты көңіліңіз толады?

– Заң қабылдау өте мұқияттылықты, асқан жауапкершілікті талап етеді. Кез келген заң жылдар бойы таразыланып, талдануы қажет. Қоғамның ашық талқысына түсуі керек. Ашығын айту керек, бізде қоғамдық талқылау көңіл көншітерліктей деңгейде емес. Қарапайым азаматтарды былай қойғанда, заң саласының «жілігін шағып, майын ішкен» сақа сарапшыларға да ұсынылмайды заң жобалары. Заңдар арасында қарама-қайшылық та кездесіп жатады. Менің ойымша, заң үстемдігі орнықты болуы үшін заң тұрақты жұмыс істеуі керек және қабылданған заңға өзгерістер мен толықтыруларды жиі енгізіле бермеуі тиіс. Мәселен, Қылмыстық кодекс немесе Азаматтық кодекс осы күнге дейін сан мәрте өзгерістерге ұшырады. Бастапқыда бір қайнауы ішіндегі заңдарды қабылдаудың не қажеттілігі бар еді?! Бұл олқылықты іске аталған құжаттарды әзірлеген жұмыс тобы тікелей жауапты. Осындай жағымсыз жайттар кездесіп тұрады, өкінішке қарай. Сондықтан да заң қабылдау процесіне жаңашылдықтар қажет.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА:

Алауханов Есберген Оразұлы – заң ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Әр жылдары Сарыағаш аудандық халық сотының төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облысы соты қылмыстық істер алқасының төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы Әділет басқармасының басшысы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары қаржы полициясының бастығы, Алматы экономикалық университетінің ғылым жұмыстар бойынша проректоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Сот билігі және қылмыстық іс жүргізу кафедрасының меңгерушісі, Журналистика факультетінің деканы қызметтерін атқарған.

300-ден астам ғылыми еңбектің, 25-тен астам монография мен оқулықтың авторы.

«Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін», «Халық алғысы» медальдарының және өзге де салалық марапаттардың иегері. Қазақстанның Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

«ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЗАҚ ТІЛІ ӨГЕЙ БАЛАНЫҢ КҮЙІН КЕШУДЕ»

– Сот ісін жүргізудегі қазақ тілінің ахуалы туралы не дейсіз?

– Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Оны айтудан жалықпаймыз. Мемлекет басшысы да нақты талап қойып отыр. Президент «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс» деді емес пе? Бірақ, іс жүзінде қалай? Шындығын айтайық, кез келген мемлекеттік мекемеге бас сұқсаңыз, қандай да бір жиынға қатыссаңыз, іс қағаздары да, баяндама да орыс тілінде жүргізіледі. Бұнымен қалай күреспек керек? Таңқаламын. Басшылардың қазақ тілінде деген зейіні мен көзқарасы дұрыс емес. Сонда қазақ тілінің көсегесін кім көгертеді?! Әрбір ұлт өз тілінде еркін сөйлеп, сауатты жаза білгенде ғана ұлт мәдениеті көтеріледі. Қазақша сөйлеуіміз керек. Іс қағаздарын мемлекеттік тілде дайындауға тиістіміз. Менің монографияларым мен ғылыми еңбектерімнің басым бөлігі қазақ тілінде жарық көрді. Ең өкініштісі, біздің әріптестеріміз, ғалымдар оқи алмайды. «Орысшасы бар ма?» деп сұрайды. Өз жерімізде қазақ тілі өгей баланың күнін кешуде. Қазақ тілі не бізге өгей немесе біз қазақ тіліне өгейміз. Өте ұят жағдай.

– Сіздің ұғымыңыздағы «Қауіпсіз қоғам» ол қандай қоғам?

– Қазақстанда «Қауіпсіз қоғам» науқаны жүріп жатыр. Бұл бастаманы алғаш рет бұрынғы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов көтеріп, қолға алған болатын. Қоғам талқысына да салынды. Бірақ, аталған Тұжырымдама аяқсыз қалып, жүйелі іске аспады. Қоғамдық қауіпсіздік сақтаудың тетіктері өте көп. Оның ішіндегі ең бастысы – заң үстемдігінің берік орнауы. Осы ретте Мемлекет басшысы орынды талап қойып отыр. Десе де, төменгі сатыларда заңның үстемдігін қамтамасыз ету немесе бақылау жоқтың-қасы. Соның әсерінен болар, көшеде уайымсыз жүре алмаймыз. Кез келген жерде бұзақы тонап кетуі мүмкін. Көшеде көлік тізгіндеген маскүнем қағып кетуі ғажап емес. Қазір тек бейнебақылау камераларының көмегімен ғана орын алған қылмыстарды ашудамыз. Ал, адами фактор қайда?! Жас балалар, әйелдер саябақтарда еркін, қауіпсіз жүруі керек қой. Әлеуметтік желіден күнде көріп, оқып жүрміз. Күн сайын бір қылмыс жасалады. Тіпті, етіміз үйреніп кетті. Бұл – қауіпті құбылыс. Бұған қалай тосқауыл жасаймыз? Жаға ұстатарлық жағдайларды шешудің бір ғана жолы бар. Ол ел Президенті көтеріп отырған заң үстемдігін толыққанды қамтамасыз ету. Бұл – біріншіден. Екіншіден, адамгершілік, мейірімділік, ізгілік сияқты құндылықтар отандастарымыздың бойында ұялауы тиіс. Сонда ғана кемшілікті түбегейлі жоюға болады.

«БІЛІМДІ ЖАНДАР ТОСҚАУЫЛДАРҒА КӨПТЕП ТАП БОЛАТЫНЫНА КӨЗІМ ЖЕТТІ»

– Жүріп өткен ғұмыр жолыңызды ой елегінен өткізген кезде «әттеген-ай» дейтін сәттер көп пе?

– Жоғары оқу орнын бітіріп, еңбекке алғаш араласа бастаған кезеңде қиындықтар болғанын жасырмаймын. Сот, қаржы полициясы салаларында басшылық қызметтерде еңбек ете жүріп, ғылымнан қол үзбедім. Сол кездері әріптестерім «Сізге осы ғылымның не керегі бар? Жап-жақсы қызметтесіз. Мансабыңыз өрлеп келеді» деп айтатын. Мен оларға «біз практикада жүріп, заңның солқылдақтығын, заңнаманың кемшін тұстарын терең зерделеуге тиіспіз. Заңды жетілдіруге өз үлесімді қосуымыз керек» деп айтатынмын.

Өмір жолымда халқымыздың маңдайына біткен марғасқа азаматтарымен сыйласып өттім, олардан тағылым мен тәлім алдым. Қазақтың көрнекті қайраткері, академик, заң саласының корифейі Салық Зиманұлы менің рухани ұстазым болды. Заңгер ғалыммен қарашаңырақ Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында ұзақ жылдар бірге қызмет атқарып, жиырма жылға жуық ғылыми жетекшім болды. Салық Зиманұлынан көп нәрсені үйрендім. Осындай арда азаматтың шәкірті болмағанда, осындай деңгейге жету мүмкін болмас па еді?! Ұстаздарымның келелі кеңес беруінің нәтижесінде қазақ және орыс тілдерінде көптеген монографиялар, оқулықтар жаздым.

Әрине, өмірде барлығы жарқын, сәтті бола бермейді. Пенде болған соң қателіктерге де ұрындық. Десе де, сот саласында қызмет еткен уақытта әсіресе, үкім шығарғанда ешқандай да қателікке жол берген жоқпын, Аллаға мыңда бір шүкір. Қызмет барысында бірқатар кедергілерге тап болғанымды да жоққа шығара алмаймын. Білімді, өз ісінің қыр-сырын жете меңгерген жандардың тосқауылдарға көптеп тап болатынына көзім жетті. Соңғы жылдары шығармашылық жұмысқа біржола бет бұрып, қызметтен өз еркіммен бас тарттым. Қызмет көп уақытты алады. Ал, қазір қолға алсам деп жүрген ойларымды іске асыруға мол мүмкіндік туды. Осы уақыт аралығында көптеген кітаптарым жарық көрді. Ғылыми еңбектерім заң саласының дамуына өзіндік үлесін қосарына кәміл сенімдімін.

– Алдыңғы толқын ағалардың алдын көрдіңіз. Қазақтың маңдайына біткен талай тұлғадан тағылым алып, оларға шәкірт бола білдіңіз. Бүгінгі күнде өзіңіз де шәкірт тәрбиелеп келесіз. Өзіңізден кейінгі жас буынға көңіліңіз тола ма?

– Ұзақ жылдар бойы еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарында еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледім. Талай жастың «бетін қақпай, белін будым». Өзімнің ғылыми мектебімді қалыптастардым деп нық сеніммен айта аламын. Осы уақытқа дейін 5 ғылым докторы мен 25-тен астам ғылым кандидатына жетекшілік жасадым. Олардың барлығы да ғылыми жұмыстарын табысты қорғады. Қазіргі күнде де шәкірттерім Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейдің білім ордаларында докторлық және кандидаттық диссертацияларын жетілдіріп, жұмыстарын сәтті қорғауда. Осы орайда айта кетерлігі, ғылым жолындағы жас ізденушілерге жол көрсете жүріп, олардан да пайдалы дүниелерді алатын кездерім аз емес. Себебі, адам үздіксіз білім алуы тиіс. Саналы жан өмір бойы жаңа дағдыларды меңгеруі қажет деп ойлаймын.

Қазір Қазақстанда талантты, дарынды жастар баршылық. Бірақ, бір «әттеген-айы», олардың көпшілігі кітап оқымайды. Қажет ақпаратты интернеттен ала салады. Көп ізденбейді. Бойындағы аздаған қарым-қабілетін жетілдіруді қажет деп таппайды. Өскелең ұрпақты кітап оқуға дағдыландырғанымыз дұрыс. Қоғамда кітап оқуды кеңінен насихаттауға тиіспіз. Оның ішінде де кез келген әдебиетке емес, классикалық туындыларға, білімің мен білігіңді арттыратын еңбектерге басымдық берген абзал.

Түсіне білген адамға кітап деген қазына. Өзім осы күнге дейін кітап оқимын. Менің осындай дәрежеге жетуіме, ғұмыр жолымның алғашқы баспалдақтарынан сүрінбей өтуіме оқуға құштарлығым, кітап бетіндегі ұлан-ғайыр білім үлкен септігін тигізді деп ойлаймын.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА…

– Қазір немен айналысып жүрсіз?

– Қазір шығармашылық жұмыспен айналысудамын. Сонымен қоса, Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде елорданың дамуына өзіндік үлесімді қосып келемін. Заңгер ретінде халықпен тұрақты түрде кездесіп, оларға тегін заң кеңесін беремін. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру да қазіргі айналысып жүрген ісімнің бірі.

– Адалдық деген не?

– Бір Құдірет бар. Оған жан-тәніңмен сенім артып, адал жүруіміз керек. Жалған сөйлемеу, біреуді ғайбаттамау, жастарға қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт беру – адалдықтың өзегі деп білемін.

– Кімнен немесе неден қорқасыз?

– Жаратушыдан.

– Балаларыңыздың арасында Сіздің жолыңызды жалғап, заң саласында қызмет атқаратыны бар ма?

– Екі балам заң саласында еңбек етеді. Білікті, білімді маман ретінде түрлі деңгейдегі қызметтерді абыроймен атқарып келеді.

Сұхбаттасқан: Жандар ТҰРАРҰЛЫ

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here