Ержан Әмірбекұлы: «Өңірлік жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін нығайту – басты міндет»

0
9728

«Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде ең қадірлі орын – ұстаздікі». Халқымыздың даңқты перзенті, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мағжан Жұмабайұлының ұлағатқа айналған осы бір ұлы сөзі технология қарыштап, техника өркендеген бүгінгі күнде де өзінің өзектілігін жоймай келеді. «Адам жанының инженері» деп ат қойып, айдар таққан педагогтерге жүктелер жауапкершілік жүгі қашанда биік. Себебі, дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі білікті де білімді ұрпағымен кеңеймек. Ал жаңа буын, өскелең жасты мемлекеттің тірегі, ұлттың тұтқасы етіп тәрбиелеу – мұғалім мен ата-анаға тікелей байланысты екендігі белгілі. Тарихы терең Торғай өңіріндегі білім мен ғылымның қарашаңырағы – Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты жарты ғасырдан астам уақыт белесінде отандық экономиканың барлық саласына педагогтер мен ғылыми кадрлар даярлап келеді. Қазақстандық жоғары білім беру кеңістігінде өзіндік дара жолы бар Altynsarin institute бүгінгі тыныс-тіршілігі мен болашағы жайында оқу орнының Басқарма төрағасы – ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ержан Әмірбекұлымен арнайы сұхбаттасқан едік.

«АРҚАЛЫҚТА БІЛІМ АЛУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ…»

– Ержан Әмірбекұлы, алғашқы еңбек жолыңыздан бастап күні бүгінге дейін жоғары білім беру және ғылым салаларында табанды еңбек етіп келесіз. Қазіргі атқарып отырған қызметіңіздің де жауапкершілік жүгі жоғары екендігін дәлелдеп жатудың өзі артық болар. Сіз басшылық жасайтын Altynsarin institute берік дәстүрі қалыптасқан, тың тарихы бар іргелі оқу орны. Әңгімеміміздің әлқиссасын осынау білім ордасының бүгінгі ахуалынан бастасақ.

– Қайырлы күн! Ең алдымен өзінің тұрақты оқырмандарын тапқан «Qazaq» республикалық қоғамдық-саяси газетіне өз алғысымды білдіремін. Ұстаздар ұстаханасына айналған Altynsarin institute туралы мардымды мәліметтер мен мазмұнды тақырыптар қозғалатын сұхбат боларына сенімдімін.

Елімізде 600 мыңнан астам студент жоғары оқу орындарында білім алады. Сол университтердің 5-еуі арнайы/кәсіби түрде педагог мамандарын даярлайды. Соның бірі – Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты.

Торғай даласындағы институт қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға – Ыбырай Алтынсариннің есімін иеленген қарашаңырақ. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ағымдағы ахуалы, қоғамдағы беделі көз қуантып, көңіл толтырады. Бұрындары Торғай облысының орталығы Арқалық қаласы болған сәтте дүйім жұртқа аты мәшһүр болған оқу ордасын ұлтқа сыйлы, елге беделді тұлғалар тәмамдаған. Бүгінгі күні де еліміздегі жалғыз моноқала – Арқалықта орналасқан жоғары оқу орнының өзіндік тұғыры әлі де болса аласармады деуге толық негіз бар.

Қазақстанның тура орта нүктесінде орналасқан бұл өңірдің өз ерекшеліктері де баршылық. Тарихи тұлғалардың кіндік қаны тамып, табан ізі қалған, ұлт зиялыларының рухани мұрасына қанық Торғай топырағында болашақтың мұғалімдері әзірленуде. Олар мықты әлеуетке, жоғары сұранысқа, шыңдалған кәсіби дағдыға ие. Бұл тек жаттанды мәтін сипаттамасы емес, тәжірибеде дәлелдеген бұлтартпас аксиома.

– Білім мен ғылым – мемлекеттің мәртебесін биіктетіп, әлеуметтің әлеуетін арттыратын басты салалардың бірі һәм бірегейі. Білімі мен ғылымы ілгерілеген жұрттың айбыны асқақ, беделі биік екендігі белгілі. Соңғы жылдары білім беру саласында елеулі өзгерістер мен жаңашылдықтар орын алып, бірқатар реформалар табысты жүргізілуде. 50 жылдан астам уақыт мерзімінде мұғалім мамандарын даярлап келе жатқан оқу орны осынау заманауи үдерістерді оңтайлы іске асыруда не нәрсеге басымдық беріп отыр?

Әсілінде, біз өз кезегімізде тек мұғалім даярлауды мақсат етпейміз. Шын мәнісінде, шәкіртінің ыстық ықыласына бөлене алатын, жеке стилі қалыптасқан, мамандығына махаббатпен қарайтын ұстаз тәрбиелеп шығаруды көздейміз. Бұл туралы мен өзімнің әлеуметтік желідегі парақшамда «Арқалықта білім алудың артықшылығы» деген тақырыпта жазба жариялаған едім. Онда ұлттық тәрбиенің құндылығымен сусындаған, кеудесінде парасаттылық сәулесі бар азаматты қалыптастырамыз, сапалы білім арқылы өзіне сенімді, сұранысы жоғары болатын тұлғаны дайындаймыз, мұғалім мамандығын сүюдің формуласын үйретеміз, бүгінгі жастың бойына ертеңгі күні ұлттың қайраткеріне айналатын дәнді себеміз, қыз тәрбиесімен мен ұл тәрбиесіне жеке-дара көңіл бөліп, «Ата-ана болу мектебіне» бейімдейміз, өнерге жақын, спортқа әуес, досы көп адам етеміз және өз мамандығын шексіз сүйетін, өзін де, баланы да бақытқа жетелей алатын ұстазды тәрбиелейміз деп көрсетілген.

Расымен-ақ, мектепті жаңа бітіріп, мамандық еншілейтін студенттік белеске жолдама алған студентті тек қана біліммен қаруландыру аздық етеді. Біз оны тек мықты маман етіп тәрбиелеп қоймай, ұлтқа қызмет етуге баулып, үлкен өмірге бейімдеп, дұрыс таңдау жасауға ықпал етіп, ұлттық тәрбие темірқазығын бекітуге ұжым, орта, қоғам болып әсер етуге күш біріктірудеміз. Себебі, әрбір жас буын дәл осы жаста бағытын бағамдап, мамандық алып, орта қалыптастырып, тіпті отбасын құрып жатады. Сондықтан табиғи заңдылықтар мен қоғамның әсер етуші факторларын ескеріп, студенттерімізбен оқудан тыс жұмыстарды белсенді жүргізуді мықтап қолға алдық. Нәтижесінде, білікті кадр ғана емес, жақсы адам, жауапкершілігі жоғары тұлға, отбасы мен отанына адал перзенттеріміздің қатары артуда.

Осылайша, біз ұлттық тәрбиеге басымдық беріп, білім мен ғылым көкжиегін кеңейтуге мүдделілік танытамыз. Сәйкесінше, профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттеріміздің ғылыми потенциалын арттыруға көп көңіл бөлеміз. Өзіңіз тілге тиек етіп отырған ғылым мен білім реформалар көшіне уақытында ілесіп келеміз. Таяуда ғана Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Мұнда – ғылымды басқару моделін жетілдіру, жас ғалымдарды қоса алғанда, ғылыми қызметкерлерді әлеуметтік қолдау пакетін кеңейту және т.б. осы сынды ғылыми нормалар қамтылған. Біз де өз кезегімізде ғылыми-педагогикалық бағыттың талап-тілектеріне сай болуға тырысып бағудамыз. Себебі, отандық ғылымның дамуымен қатар, оған баулитын мұғалімдердің де инновациялық құзыреттіліктері қажетті деңгейде болуы шарт.

– Дұрыс айтасыз. Білім мен ғылымға қояр талап артқан бүгінгідей заманда мұғалімге жүктелер жауапкершілік те еселене түсетіні жасырын емес. Алғашқы дала мектебінің іргетасы қаланған Торғай жеріндегі киелі шаңырақ ұжымы осы жауапкершілік үдесінен шығу жолында, бәсекелестікке төтеп бере алатындай мықты маман даярлау мақсатында жұмыс істеп жатқанына кәміл сенімдіміз. Сапалы кадрлар даярлауда халықаралық ынтымақтастықтың да алатын орны ерекше ғой…

Иә, әрине! Жоғары мектептің ғылымы күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі. Altynsarin institute халықаралық ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға мүдделі.

Біздің студенттеріміз бен ғалымдарымыз шетелдік университеттерге барып тәжірибе алмасып, академиялық ұтқырлықпен білім алып, тілдік машықтарын жетілдіріп, әлемнің озық тәжірибелерін бойларына сіңіруде.

Шетелдік әріптестеріміз бізге дәріс оқуға профессорларын жіберуде, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асырылуда.

Соңғы екі жыл ішінде Түркия, Германия, Индонезия, Польша, Татарстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан сынды әлемнің 9 елінің 12 жоғары оқу орнымен және 1 ғылыми-зерттеу орталығымен тығыз байланыс орнаттық.

Биылғы оқу жылында Германия, Түркия, Индонезиядан 4 шетелдік ғалымды қабылдадық. Бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында 10 университетпен келісім-шарт жасастық (Индонезия, Түркия, Башқұртстан, Татарстан, Өзбекстан, Тәжікстан). Оқытушы-профессорларымыз 3 халықаралық ғылыми жобаны және 2 гранттық қаржыландыру жобасын жүзеге асыруға қатысты.

Студенттеріміз Түркіменстан және Орталық Азия елдері университеттері арасында өткен Халықаралық олимпиадада жүлдегер атанды. Жалпы 300-ден астам қатысушының ішінен 3 студент – 1-орын, 2 студент – 3-орын алды.

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 10 студентті Түркияның ең үздік университеттеріне жібердік: Мугла университеті және Нигде университеті.

Польшаның ауыл шаруашылығы бойынша ірі инновациялық кәсіпорны саналатын Primavega мекемесіне 3 студентімізді өндірістік-зерттеу тәжірибесінен өтті.

Ынтымақтастығымыз өз жемісін беріп, көкжиегіміз кеңею үстінде.

«ТОРҒАЙ ӨҢІРІ ТАЛАПТАНҒАН АДАМҒА ҚАСИЕТ БЕРЕДІ»

– Ержан Әмірбекұлы, елдегі педагог кадрларының жетіспеушілігі әлі де күн тәртібінен түспей келе жатқан тақырыптың бірі. Педагогикалық жоғары оқу орнының басшысы ретінде бұл мәселені оңтайлы шешудің жолы қандай? Бұл тараптағы Сіздің ұстанымыңызды білсек…

– Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде 49 ЖОО-ның педагогикалық бағыттар бойынша лицензиялары бар екенін мәлімдеді. Соңғы жылдары педагогикалық бағыттар бойынша тағайындалған гранттар саны бірнеше есе өскендігіне куәміз. Сәйкесінше, студенттердің шәкіртақылары да көтерілді және педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтілді. Республикадағы қажеттіліктерді ескере отырып, жыл сайын педагог кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс ұлғаюда. Бұл сұраныстың орнын толтыруда Altynsarin institute өнімді еңбек етіп келеді.

«Торғай өңірі талаптанған адамға қасиет береді» деген сөз бар. Біздегі жастардың мінезді, қарымды болуына осы жердің болмысы әсер етіп жатқан шығар, бәлкім.

Altynsarin institute бүгінде шығармашыл, креативті, білімге құштар, өнерпаз жастардың шоғырланған ортасына айналған. Студенттеріміз кәсіби білімді қанжығалап қана қоймай, алған таным жүгін қоғам игілігіне жұмсауға тәрбиеленеді.

Сапаға көңіл бөлген жоғары оқу орындарымыздың түлектері әлемнің көптеген елдерінде сұранысқа ие болуда. Сондай жағымды нәтижеге Арқалық педагогикалық институты да қол жеткізді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осы жылдың сәуір айында Сеул және Гонконгқа іссапары аясында Министрлік пен Корея Республикасының Кенги провинциясының Білім басқармасы арасындағы өзара түсініктік туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы келісім шеңберінде Корея мектептерінің мұғалімдеріне көмекші ретінде Қазақстанның ағылшын, корей және орыс тілін жақсы меңгерген жас педагогтарына шақырту жасалды.

Осындай тамаша мүмкіндікке оқу ордамыздың 2023 жылғы түлегі Баярыстан Ақбөпе ие болды. Жоғары деңгейде өткізілген іріктеу конкурсынан сүрінбей өткен Ақбөпе 4 жеңімпаздың қатарына енді.

Осылайша, біз әуелден бағасын алып үлгерген оқу орнымызда мамандығына адал жас мамандарымызды әзірлеудеміз. Талапкерлердің бізді таңдау қарқыны да жоғары дей аламыз.

– Жуырда БАҚ-тан Altynsarin institute «Университеттің үшінші миссиясын» қолға алып, оны орындауға кіріскендігі туралы ақпаратпен таныстық. Бұл бастаманың басты мақсаты не? Оның өңірлік оқу орнының әлеуетін нығайтуға тигізетін септігі қандай?

– «Үшінші миссия» біздің оқу орны үшін – аймақ пен қаланың мүддесімен үйлесетін іс-шараларды қолға алу. Осы мақсатта біздің ұжым қаланы рухани өркендетуге, еріктілер қозғалысын қолдау арқылы қайырымдылық қызметпен айналысуға, жасы үлкен азаматтарға қосымша білім беруге, қала-аймақ тұрғындарына цифрлық технологиялармен жұмыс жасауды үйретуге, қаржы сауаттылығын меңгеруге, ата-аналар мектебін жүргізуге, парасаттылық құндылықтарына негізделген кешкі дәрістер ұйымдастыруға, адамдарды психологиялық қолдау және ынталандыруға, ашық форматтағы кітапхананы ұсынуға, жақсы жүріс-тұрыс пен мәдениетті дәріптеуге бағытталған жұмыстарды қолға ала бастады.

Студенттеріміз қаланың қоғамдық өміріне белсене қатысып жүр. Студенттік кеңестер, Қазақстан студенттері альянсы, «Жастар рухы» бірлестіктері, «Саналы ұрпақ», «Жүректен жүрекке», «Линия успеха» атты волонтерлік қызмет топтары маңызды іс-шаралардың ұйытқысы әрі қолдаушысы болуда.

Институт студенттерінің ұйымдастыруымен қала азаматтары мен мектеп оқушыларының көшбасшылық қасиеттерін және сөйлеу мәдениетін дамыту үшін «Ақиқат» дебат клубы жұмыс істейді.

Спорт секцияларының жұмысын үйлестіру «Барыс» спорт клубына жүктелген. Кәсіби мамандарымыздың бастамасымен 8 түрлі спорт үйірмелеріне 600-астам студенттер мен оқушылар қатысуда.

Әлеуметтік құндылық туралы айтқанда, біз студенттерге әлеуметтік қолдау көрсетуді әрдайым есте ұстаймыз.

Студенттерге жан-жақты материалдық және моральдық қолдау көрсету мақсатында институт жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүгедек студенттерге жан-жақты жағдай жасауда. Мәселен, қоғамдық көлікте жол жүру үшін ақшалай өтемақы, шәкіртақыға қосымша 30 пайыз жәрдемақы, ЖОО-ға түскен кезде және оқуды аяқтаған кезде біржолғы жәрдемақы, тамақтану үшін ай сайын ақшалай өтемақы беріледі. Биылғы оқу жылында бізде осы санаттағы 4 студент білім алуда.

Институт ғалымдары мен мамандары қала мен облыстың қоғамдық маңызы бар іс-шараларына, соның ішінде азаматтық қоғамды дамытуға, әлеуметтік жобаларды әзірлеуге, экологиялық қозғалысты ұйымдастыруға, инклюзивті білім беруге, цифрлық құзыреттілікті меңгеруге, этносаралық қатынастарды нығайтуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті сіңіруге белсене қатысады.

Биылғы оқу жылында «Күміс университет» жобасы іске қосылды. Бұл жоба аясында институт егде жастағы адамдарға заманауи IT-технологияларды, шет тілдерін үйрену, құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру курстарын қамтитын білім беру портфелін ұсынды. Нәтижесінде біздің «Күміс университетті» 50-астам адам сәтті тәмәмдап үлгерді.

Студенттер мен қызметкерлердің эмоционалдық діңгегін сақтау, институтта қолайлы әлеуметтік-психологиялық климат құру мақсатында психологиялық қызметтің жұмысы жетілдірілуде. Мақсатымыз – осы қызметті қала азаматтарына да көрсету.

Ғалымдарымыздың үлесі бір төбе. Биылғы оқу жылында Педагогикалық шеберлік, Инклюзивті білім беру, Психодиагностика және кеңес беру, Этнопедагогика және этнопсихология сияқты 4 ғылыми орталықтың жұмысын қайта жандандырдық. Енді осы орталықтар арқылы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға, өңірге қажетті зерттеулер жүргізуге, ғылыми сараптамалар жасауға, инновациялық өнімдер әзірлеуге, стартаптарды іске қосуға, жастар бизнесін дамытуға, ашық университет тұжырымдамасын іске асыруға, ынтымақтастыққа ниеті бар ұйымдармен бірлескен жобалар жасауға, кәсіптік даярлау және қайта даярлау жұмыстарын қолға алуға мүмкіндік бар.

«Үшінші миссияның» салмағы ауыр, құндылығы терең. Оны біз білеміз, жүрегімізбен сеземіз. Себебі, еліміздің жарқын болашағына, халқымыздың баянды өміріне бәріміз жауаптымыз.

– Биылғы сәуір айында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында отандық ғылымды дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселе көтеріп, алдағы уақытта атқарылуға тиіс міндеттерді айқындап берді. Университеттер мен ғылыми-зерттеу мекемелеріне тиісті міндеттер жүктелді. Осы ретте Altynsarin institute ғылыми әлеуеті жайында сөз қозғасақ.

Әлбетте, еліміз үшін жаңа өміршең жобалардың қажеттілігіне, озық технологиялардың тілін түсінетін мамандарды тәрбиелеу керектігіне баса назар аударылып отыр. Қазақстан 4.0 өнеркәсіптік революцияның талаптарын қабылдай отырып, жаhандық қосылған құн тізбегінің қатысушысы болуы тиіс. Президент ғалымдарды қолдаудың маңыздылығын, мемлекетіміздің өркендеуі сапалы адами капиталмен байланысты екенін, осы бағытта жас ғалымдарымызға үлкен үміт артылатынын үнемі алдыға тартып келеді.

Еліміздің университеттерінде ғылым бар ма, жоқ па деген сұрақ сарапшылардың пікірін екіге бөліп жүргені де рас. Әрине, көп жылдар бойы қордаланған мәселелерді тез арада шешіп тастап, барлығы тамаша болып кетті деп айта қою оңай емес. Әйтсе де, соңғы 1-2 жылда елімізде ғалымның аты аталып, ізі біліне бастады.

Әлемнің дамыған елдерінде ғылым, ең алдымен, қолайлы мүмкіндіктері бар университеттік ортада жүзеге асырылады. Ол озық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін жас докторанттар пулы, ғылыми инфрақұрылымның кең базасы, қалыптасқан ғылыми экожүйе және басқа да мүмкіндіктер арқылы жүзеге асырылады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің дербес өкілетті орган болып қайта жасақталуы ғылымның серпілісіне елеулі түрде ықпал етті. Министрліктің, министрдің бастамасымен ғылымды қаржыландырудың маңызды және жүйелі тетіктері енгізіліп, зерттеу нәтижелеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Нәтижесінде нақты жетістіктер, қолмен ұстап көруге болатындай дүниелер пайда болды.

Біздің Арқалық педагогикалық институты да осы оқу жылында ғылыми бағытта бірқатар жетістіктерге қол жеткізді.

Қазақстанда 25 мыңнан астам ғалым бар. Олардың 43-і Арқалықта жұмыс жасайды. Арқалықтың ғалымдарының орта жасы 48, олардың 72%-ы әйелдер. 43 ғалымның соңғы 3 жылда ғылыми зерттеулерден тапқан табысы 112 миллион теңге. Сонда бір ғалымның үлесі 3 миллион теңгеге жуық. Олар 3 отандық және 1 халықаралық жобаны орындауға қатысты.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының Арқалық қаласының Жалпы ішкі өніміндегі үлесі 0,74%-ға жетті. Салыстырмалы түрде, бұл жақсы көрсеткіш.

Арқалықта Ғылым және жоғары білім министрлігінің және министр Саясат Нұрбектің қолдауымен инклюзивті білім беруді жетілдіру тетіктерін зерттейтін академиялық артықшылық орталығын құру жоспарлануда.

«ҒАЛЫМ МЕН ҰСТАЗДЫ ҚОЛДАУ – ЕЛІМІЗДІҢ БОЛАШАҒЫН ОЙЛАУ»

– Президент ғылымның кадрлық әлеуетін күшейту туралы сөз қозғай отырып, жас ғалымдарды жан-жақты қолдаудың маңыздылығына да ерекше тоқталды. Оқу орнында жас ғалымдардың үлес салмағы қандай және оларды ынталандыру мақсатында қандай игі істер қолға алынды?

Биылғы жаңа жылды профессор-оқытушыларымыз үшін жағымды жаңалықпен бастаған болатынбыз. Қаңтардың 1-нен бастап еңбек ақыны көтердік. Мәселен, профессорларымыздың еңбек ақысы 727 мың теңгеге дейін өсті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің жоғары оқу орындарында қызмет жасайтын профессор-оқытушылардың еңбек ақысын жыл сайын көтеру туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндігіміз жеткілікті.

Ғалым мен Ұстазды қолдау – еліміздің болашағын ойлау екенін біз жете түсінеміз.

Ғылыми бағытымызды күшейту және халықаралық білім беруге интеграциялану мақсатында арнайы Ғылыми-зерттеу орталығын құрдық. Ғылыми-зерттеу бағдарламасы аясында институтта 4 жоба жүзеге асырылуда.

Қызметкерлеріміз 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына қатысып, 4 конкурстық өтінімді Ғылым комитетіне жіберді.

Соңғы 8 жылды араға салып, әріптесіміз «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2023» атағының иегері атанды. Ғалымдарымыз Scopus және WoS деректер базасының журналдарында 10 мақала жариялады (2022 жылы – 4 мақала). Екі оқытушымыз PhD докторы дәрежесін алу үшін докторлық диссертацияларын сәтті қорғады. Екі оқытушымыз докторантураға түсіп, грантқа ие болды.

Ғылымды ынталандыратын маңызды ішкі нормативтік құжаттарды әзірледік. Солардың ішінде рейтингтік ғылыми журналдардағы жарияланымдары үшін үстеме ақы төлеу туралы ереже, Ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау туралы ереже, Студенттердің START-UP жобалары туралы ереже бар.

Магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша оқытуға лицензия алу үшін өкілетті органға құжаттарымызды жолдадық.

Бұл көрсеткіштердің барлығы да ұжымның тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Ғылым – дамуымыздың сенімді серігі болатынын біз білеміз!

– Білім ордасындағы кадр тапшылығын жою, ғылыми жұмыстардың сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

Оқу ордамызда қызмет жасайтын әріптестерімізді жан-жақты қолдау біздің маңызды міндетіміздің бірі. Ағымдағы жылдың бірінші наурызынан бастап ұжымдағы кіші қызмет көрсетуші персонал, оқу-көмекші персонал және әкімшілік-басқару персоналының еңбек ақысы жоғыралады. Бір жыл ішінде еңбек ақыны екі рет өсіріп отырмыз. Сапалы мамандарды даярлау үшін ұжымды ынталандыру бағытындағы жұмыстарымыз жалғасатын болады.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты ҚР ҰКП «Атамекен» жүргізген рейтингінің «Түлектердің жұмысқа орналасуы» критерийінде І орынды иеленді. 2022 жылы 90%-ды құраған бұл көрсеткіш 2023 жылдың қорытындысына сәйкес 4%-ға артып, 94%-ға дейін өсіп отыр.

Сонымен қатар, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ЖОО-ның 29 білім беру бағдарламасының 11-і үздік топқа кірді.

Бүгінгі күнге дейін оқу орнын 22 мыңнан астам түлек бітіріп шықты. Мыңдаған білім мекемелерінде біздің тәрбиелеген мамандар еңбек етіп жүр.

Институтымыздың бүгінгі абырой-биігін қалыптастыруға еңбек сіңірген көптеген азаматтар болды. Олар қарапайым оқытушы, қызметкер болса да оқу орнының өркендеуіне, әр кірпіші мен шегесінің берік болуына мүдделі болды.

Сұхбаттасқан: Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here