Иосип Броз Тито қазақтарды неге жақсы көрді?

0
2481

Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ жауынгерлері Еуропаның көптеген елдерін азат етуде жанқиярлық ерлік көрсетті. Олардың жүрек жұтқандығы мен батылдығына, жаумен ерлерше арпалысқан өжеттіктеріне Еуропа халықтары әлі риза. Әсіресе, неміс тұтқынынан қашып шығып, Еуропаның қарсыласу майданында фашизмге қарсы соғысқан қазақ жауынгерлерінің ерлік-істері сол елдердің тарихи құжаттарында жан-жақты көрсетілген. Қазақ жауынгерлерінің Францияда генерал Шарль де Голльдің «Қарсыласу» майданында, Балқан түбегінде ұйымдасқан маршал Иосип Броз Титоның партизандар отрядында соғысып, ерлік көрсеткені де белгілі. Кәрі құрлықтың көптеген қалаларында қазақ жауынгерлеріне ескерткіш қойылуы соның арқасы болса керек.

Азаттықтың таңы атысымен Италияда Еуропаны азат етуге қатысқан жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылды. Алғаш рет қазақтарға арналған ескерткішке Еуропаны азат етуге қатысқан қазақтардың есімдері ойып тұрып жазылды. Мұндай ескерткіштер Финляндияда да, Балқан түбегінде де бар. Жалпы, Еуропада қазақ сарбаздарына үлкен сенімділік көрсетілді. Оларға атақ-дәрежесі төмен болса да, жауапты міндеттер жүктеліп, әскери бөлімдерге жетекшілік ету тапсырылған. Біз бір мақаламызда генерал Де Голльдің қарамағында рота, батальон басқарған қандастарымыз туралы жазғанбыз. Енді Броз Титоның партизан отрядында соғысқан қазақ жауынгерлері туралы айтуды да жөн көрдік. Балқан түбегі көсемінің де қазаққа іші бұратынын, оның қазақ даласында табанының ізі қалғанын да айта кетсек дейміз.

Сонымен, Югославияда фашистерге қарсы әскер құрылып, оның басына ұлты хорват Иосиф Броз Тито бекітіледі. Жаңадан құрылған армия қатарына тұтқыннан қашқандар мен фашизмге қарсы соғысқысы келетін еріктілер тартылады. Фашистердің құрсауынан қашып шыққан кеңес жауынгерлерінің бір тобы Титоның армиясына келіп қосылады. Олардың арасында қазақ жауынгерлері де бар болатын.

Броз Тито тұтқыннан қашып шыққандар тобынан толыққанды бір батальон құрады. Сол батальонның командирлігіне қазақ жауынгерін тағайындайды. Жауынгерлердің арасында капитан, майор, подполковник шеніндегі кәсіби офицерлер де бар болып шығады. Жеке құраммен танысып шыққан штаб қызметкерлері Титоға осылардың арасынан біреуін тағайындауды ұсынады. Алайда, Тито ұсынылған офицерлермен танысып, әңгімелесудің орнына: «Құрама әскердің арасында ұлты қазақ жауынгерлер бар ма екен?» – деп сұрайды. Штаб қызметкерлері: «Бар, бірақ, оның әскери шені сержант қана екен», – деп жауап береді. Сонда маршал: «Олай болса, сол қазақты батальон командирі етіп тағайындаймын, қалған жауынгерлер оның бұйрығын орындайтын болсын!» – деп жарлық беріпті. Балқан көсемі сенім білдіріп, батальон командирі болған сол жерлесіміздің аты – Бейсен Райсов болатын.

Балқан түбегінде ерлігімен көзге түскен Бисен Райысов жаумен Отаннан жырақта шайқасқан көпұлтты партизан отрядында жалғыз емес еді. Оның жанында Сталинградты неміс фашистерінен қорғаған рухы мықты қазақ жауынгерлері көп болады. Оларға да Балқан түбегінің басшысы аса сенімділікпен қарайды.

Кейін әскерилер өз көсемдерінен: «Батальонның командирлігіне неліктен әскери атағы жоқ қазақ жауынгерін қойдыңыз?» – дегенде, Броз Тито оларға: «Мен қазақтардың қандай халық екенін білемін. Қазақ – нағыз ержүрек, нағыз батыл халық. Колчактың кезінде қуғында жүрген кезімде мен үш жыл бойы қазақ арасында жасырынып жүрдім. Сол кезде бұл халықтың әрбір ер азаматының ер болатынын, өр болатынын өз көзіммен көрдім», – деп жауап беріпті. Әрине, мыңға жуық жауынгерлер құрамына басшылық еткен Бейсен Райсов өзінің тәжірибелі ержүрек батыр, әскери іске шыңдалған командир екенін Броз Тито алдында дәлелдеп беріпті.

Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ халқының ар мен намысты биік ұстайтын, ерлігімен ұрпаққа ұран болған ата-бабаларының өсиеттеріне адал, қайтпас, мұқалмас ер халық екенін әлемге әйгілі етті.

Қазақ жауынгерлерінің ерлігі соғыс басталған күннен бастап тарихи шежіреге айналды. Ұрыс даласында қазақ жауынгерлері қасық қаны қалғанша шайқаса білді. Олар туралы сол тұстағы көрнекті әскербасыларының барлық мемуарларынан табуға да болады.

Маршал Броз Титоның сенім білдірген командирлерінің бірі – ақтөбелік Төлтай Шанов деген қазақ жауынгері еді. Батальон командирі Бисен Райысов ол туралы: «Жаумен Отаннан жырақта шайқасқан көпұлтты партизан отбасында Төлтай Шанов өзін бауырмал жолдас, алғыр да білгір саяси қызметкер ретінде танытып, әр жауынгердің жан дүниесіне фашистермен соғыста әділеттіліктің, азаттық үшін күресушілердің жеңіске жететіндігі туралы сенімді ұялата білді», – деп мінездеме береді.

Төлтай Шанов соғыстың алғашқы кезінде Қазақстан шекарасына таяу маңдағы Сталинград майданында жаумен шайқасқа түседі. Дон өзені маңындағы кескілескен соғыста оққа ұшып, ауыр жарақат алып, тұтқынға түседі. Жау тұтқынында жүріп, астыртын құпия жұмыстар жүргізіп, тұтқыннан қашып шығады. Осыдан соң, итальяндық «Фри-Юли» партизан қозғалысына қосылады. Партизан отрядында жүріп, неміс тұтқынында отырған 250 жауынгерді босатып алады. Фашистер оның басына көп мөлшерде ақша қойып, соңынан аңду қояды. Немістердің оған деген өшпенділігі сонша, Балқан түбегінде тінту жүргізіп, Македония аймағында 300-дей жауынгерді тірідей өртеп жібереді. Неміс фашистерінің бұл ылаңына Бисен Райысов басқарған батальон қарсылық білдіреді. Қазақ командирінің басшылық етуімен 1944 жылы Конал, Шеверелия елді мекенін азат етіп, Скония, Идирия бекінісін азат етеді. Осы шайқастағы ерлігі үшін Югославия әскерінің қолбасшысы қазақ жауынгерлерінің басым көпшілігі жауынгерлік орден, медальдармен марапатталады. Біршама жауынгерлерге әскери атақ беріледі.

Кезінде қазақ жауынгерлері туралы шетелдік мерзімдік баспасөздерде кеңінен жазылды. Ағылшынның белгісі публицисі, соғыс жылдары «Санди таймс» газетінің КСРО-дағы тілшісі Александр Верт «Ресей 1939-1945 жылдардағы соғыста» кітабында Сталинград шайқасындағы қазақтардың ерлігі туралы ерекше жазды. Сол жылдары КСРО-ның бас газеті «Правда» қазақтардың майдандағы және тылдағы ерліктерін тамсана жазғаны да бар.

Қазақ жауынгерлерінің ұрыс даласында ештеңеден тайсалмайтын, қай істе де оларға сенім артуға болатынын маршал Георгий Жуков бірнеше рет Жоғарғы Бас қолбасшы Сталинге де мәлімдепті. Ол туралы кезінде бас штаб бастығы Жуковтың кезекшісі болған Жазықбай Ақанов ақсақал өз естелігінде былай дейді: «…Висла-Одер операциясы сәтті аяқталған кез болатын. Бас қолбасшы Сталин телефон арқылы маршал Жуковпен сөйлесіп, операцияның сәтті өткенін білді. Мен сол кезде штабта кезекші болатынмын. Жуков Сталинмен сөйлесіп болған соң, кезекшілікте тұрған мені өзіне шақырды. Әскери тәртіппен кіріп барғаным сол еді, маршал маған қарап: «Мен сіздердің республикаларыңыз туралы жақсы білемін. Бірақ, сен маған мынаны айтшы, қандай ұлттық батырларыңыз бар?» – деп сұрады. Сонда мен: «Исатай, Махамбет», – деп айта бастап едім, маршал менің сөзімді бөліп, «жо-жоқ, жолдас Сталин білетін батырларыңыз бар екен ғой, үнемі Ресей патшасына қарсы шыққан. Өзі Волга өзенінің маңында көтеріліс жасаған», – деді. Сонда менің есіме бірден Сырым батыр түсіп, «Сырым Датов» дегенім сол еді, маршал сөзімді іліп әкетіп: «Иә, иә, дәл сол, – деді масаттанып. – Қазіргі соғыста да қазақтардан шыққан батырлар көп. Оларды мақтан тұтуыңа болады, тіпті қыздардың арасынан екі бірдей батыр шығып отыр. Мұның өзі сендердің қайсар халық екендеріңді көрсетеді», – деді. Атақты маршал айтқандай, қазақстандық 500-ден астам Кеңес Одағы Батырларының 104-інің қазақ ұлтынан шыққанын қалай айтсақ та мақтаныш етуге болады.

Жалпы, маршал Жуков Сталинге қазақтардың ауа райына, қиыншылыққа төзімділігін, қайтпас ержүректілігін айтып бергені туралы ел арасында әңгіменің бары бұрын да белгілі болатын. Балқан көсемі ол туралы білсе керек.

Енді Балқан көсемінің қазақ даласындағы іздері туралы айта кетсек. Өйткені, ол туралы ақпараттардың бәрі күні кешеге дейін жабық тақырып болып келді.

Броз Титоның қазақ даласында қуғында жүріп, қазақ тілін үйренуінің өзі қызық. Ол туралы өзінің естелігінде: «Киргиз (қазақ деп оқыңыз) халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін зерттедім. Тілін үйрендім», – деуі бекер емес. Моңғолияға келген сол сапарында: «Менімен қазақша сөйлесетін адам бар ма?» – деп жиналған жұртқа үн қатыпты. Оның бұл үндеуіне сол тұстағы Моңғолия үкіметі төрағасының бірінші орынбасары, Жоспарлау комитетінің төрағасы Рагша жауап қатып, «келіңіз, қазақша сөйлесейік», – деп әңгімеге шақырыпты. Ол, сонымен қатар, қазақ әндерін де шырқағанды жақсы көрген.

Бірде Югославия көсемі Моңғолия басшысы, маршал Юмжагийн Цеденбалмен кездесіп, орайы келген сәтінде «бірге қазақша ортақ ән айтайықшы», – депті. Содан Броз Тито бар ықыласымен қазақтың халық әні «Қараторғайды» айтып, Цеденбалды таңқалдырыпты. Ол туралы естеліктер де көп. Бірақ, біз оны кейінгі әңгімемізге қалдырдық.

Балқан түбегі көсемінің Жилас атты қандыкөйлек досы «Тито – менің досым» деген естелігінде досының өз қолымен партиялық анкета толтырғанда: «Қандай шет тілдерін білесіз?» деген сұраққа: «Орыс және қазақ тілдерін білемін», – деп жауап беруі жергілікті халықты сыйлауынан туындаған құрметі еді.

Хорват ұлының табаны қазақ даласына қалай тиді? Енді соған келейік.

Иосиф Броз Тито – 1892 жылы Хорватияның Кумровец ауылында дүниеге келген. Үлкен отбасындағы 15-ші бала. Словениядағы атасының қолында тәрбиеленген ол жастайынан ат пен сиыр бағып жетіледі. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталысымен әскерге алынып, кіші офицерлер мектебінде оқиды. 1917 жылы Ресейдегі төңкеріс кезінде ол әскери тұтқындарды бақылайтын қызметке алынып, Транссібір темір жолын салушылар арасында надзиратель болып істейді. Осы жылдары ол екі рет түрмеге түседі. Алғашқы рет Петропавл қамалында отырады, екінші рет 1927 жылы революциялық астыртын ұйым құрып, газеттерде саяси мақалалар жазғаны үшін қамалады. Қазақтар туралы оның түсінігі түрмеге алғашқы отыруында болады.

Уақыт өткен күндердің емшісі. Жақында біздің қолымызға Омбы қаласында 2015 жылы шыққан «Казахи Омского Прииртышья» энциклопедиясы түсті. Осы кітапта Броз Титоға қатысты қызықты материалдар беріліпті. Оның ұзын-ырғасы мынаған саяды.

Омбының Шарбақкөл ауданының Қойшыбай ауылында жеті атасынан бері кәсіпкер Иса Жақсыбаев деген бай тұрыпты. ХХ ғасырдың басында осы ауылдағы жалғыз бай Иса болған көрінеді. 1858 жылы дүниеге келген Иса көршілес қоңсы жатқан Көкшетаудан Омбыға табын-табын мал айдайды екен. Сол ен жайлаған байлықтың есебінен ауылға диірмен салып, құдық қаздырып, мешіт салдырып беріпті. Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында диірменде соғыс тұтқыны, әлі ешкімге белгісіз Броз Тито жұмыс істепті. 1915 жылы Ресей патшасының тұтқынына түскен ол Оралға жер аударылады. Тито тұтқында болған кезінде Омбы қаласының жанындағы Александровск ауылына қашып барып, осындағы бай қазақ үйінде жалшы болып, шаруашылық жұмыстарын атқаруға жалданады. «Кейін білсем, бұл жер қазақтардың жері екен. Олар (қазақтар) ұшан-теңіз осы даланың иесі әрі көшпенділердің соңғы мұрагері екен. Асырап алған өкіл әкемнің 2500 жылқысы болды. Мен қазақша жақсы сөйлейтін дәрежеге жеттім. Айдауда жүргенімде өкпеме суық тиіп, ауыр сырқатқа ұшырадым. Қазақ ауылына келіп, таза қымыз ішіп, сырқатымнан құлан-таза айығып шықтым», – депті 1987 жылы Мәскеуде жарық көрген «Они остаются с нами» атты мемуар кітабында.

Маршал кейін 1957 жылы сол бір сұрапыл жылдар туралы былай деп жазады: «…мен Омбыдан 60 шақырым шалғайда тұратын қырғыз селосынан тағы да қашып шықтым. Диірменде мен механик болып жұмыс істедім. Бұл жерде жұмыс істей жүріп, жұмысшылармен қарым-қатынасымды үзген емеспін. Маған жағармай мен жұмысшылар қажет болды. Жағармайды ол кезде тығып сататын». Броз Тито өз естелігінде диірменнің қожайынын да атап өтіпті. Оның аты-жөні Иса Жақсыбаев екенін де ұмытпапты. «Мен оған: «Иса, Колчакқа астық берме! Бәрі-бір билікке большевиктер келеді!» дедім», – депті.

Иса ақсақал өкіл бала етіп, ықыласы кеткен Титоны осындағы көрші ауылдың Полина Белаусова деген қызына үйлендіріп, кішігірім тойдың ырымын жасап, жеке отау салып беріпті. Бұл туралы Евгений Матониннің «ЖЗЛ» сериясымен 2012 жылы шыққан «Броз Тито» атты мемуарында жан-жақты жазылған.

Өткен күндер ескерусіз қалған ба?! 1961 жылы бүкіл ауыл Югославия президентінің келуіне қатты дайындалыпты. Бұл кезде Балқан түбегінің көсемімен бірге қапаста болған бірде-бір адам ауылда қалмапты. Содан да болар, Броз Титоның бұл ауылға жолы түспепті.

Жалпы, Балқан көсемі сол тұстағы халықтар көсемі Сталинмен жұлдызы қарсы болған. Үнемі саяси қыспаққа алып, айтқанына көндіруді көздеген Сталин бір сөзінде: «Сен алдымен коммуниссің, сондықтан, мәселені осы тұрғыдан қарау керек», – деген бопсасына Броз Тито: «Мен алдымен хорватпын, содан кейін ғана коммуниспін!» – деп жауап беріп, ұлтының абыройын жоғары қоюы кім-кімді де ойлантса керек.

Кез келген соғыс адамдар қауымдастығының бірлесуінен кейін-ақ мемлекетпен бірге астасып келе жатқан құбылыстардың бірі. Ол соғыс тарихының ғана емес, әлемдік тарихтың да көлеңкелі беттері болып табылады. Оны Балқан көсемі жақсы білетін. Оның сталиндік жүйенің қатыгездігінен арылу – демократиялық қоғам құрудың басты шарттарының бірі екендігін күнілгері түсінуі қай істе де сақ болуды үйретеді.

Оның соғыс тұтқындарына жанашырлықпен қарап, оларды Югославия жауынгерлерімен тең ұстап, жағдай жасауы да тегін емес еді. Мәселен, кеңес билігінің неміс лагерінде тұтқында болған татар ақыны Мұса Жәлилді ұлттық батырға айналдырып, «Түркістан Ұлттық комитеті» ұйымында болған қазақтарды «сатқынға» жатқызғанын ол түсіне алмады. Осылайша, шешімі жоқ тағдыр тәлкегіне түскен қазақ азаматтарын өз қанатының астына жинады. Кеңес өкіметінің оларды елге қайтаруы жөніндегі талабына да құлақ аспады. Себебі, кеңестік соғыс тұтқындарының құқықтық жағынан қорғалмауы Броз Титоны қатты алаңдатқан еді. Кеңестік тұтқындарға көмек ұйымдастыру туралы халықаралық қауымдастық ұсынысына кеңес билігі «Біздің үкімет соғыс тұтқындарының жағдайына назар аударуға тиісті емес, өйткені олар – сатқындар» деген жауап берілгенін Балқан көсемі білетін-ді. Шындығында, 47 мемлекет мақұлдаған Женева келісіміне КСРО қосылған емес еді.

Броз Тито – Югославия Социалистік Федеративтік Республикасын 35 жыл басқарды. Сол тұстағы социалистік лагерьдегі мемлекеттер билігінде болған өз әріптестерінен ол тақта ұзақ отырды. Кез келген келіссөздер алаңынан құрғақ шығуда алдына жан салмайтын саясаткердің «темір ханым» атанып кеткен Маргарет Тэтчермен болған әңгімесі саяси ортада «қанатты сөзге» айналып кетті. Мао Цзэдунның жесіріне байланысты болған әңгіме барысында, қанаттанып отырған оппозициялық көзқарастағы Тэтчерге қаратып Тито: «…мен саясатқа араласқан әйелдерге сенім білдірмеймін», – дейді. Ал, Маргарет Тэтчер оған сол жерде-ақ: «Мен саясатқа араласпаймын, менің тұрысымның өзі саясат», – деп жауап беруі кейін саясаткерлер арасында полемикаға айналып кетеді.

Броз Титоның өлімінен кейін, Балқан түбегіндегі қырғи-қабақ соғыс әлемдік қауымдастықтың белсенді араласуымен әрең дегенде бықсып барып басылды. Өрт пен жалын құшқан далада оның қоламта иісі ұзаққа сақталатыны сияқты, сәл тыныштықтан соң, Балқан түбегінің дәл нүктесінде халықтың наразылығынан туған бейбіт қозғалыс үлкен қақтығыстарға әкеліп соқты.

Кезінде Броз Тито: «Біз көп этносты мемлекет болуға тырыспауымыз қажет. Себебі, көпэтностық кез келген елдің іргетасының шайқалуына әкеліп соғады», – деген болатын. Саяси кикілжіңнің қайдан соғатынын дөп таба білген оның сол айтқаны болып тынды. Нәтижесінде, түбекте федерацияның ыдырауына әкеліп соққан «дауыл» тұрып, қазандықта бірнеше мемлекет өз туларын көтеріп шықты.

1946 жылғы 31 қаңтарда қабылданған Югославия мемлекетінің Конституциясы Федерация құрамына кірген барлық республикалардың тең құқықтық статусына кепілдік берген болатын.

1974 жылы 21 ақпанда Югославия Социалистік Федеративтік Республикасының жаңа Конституция жобасы қабылданды. Жоба Федерация құрамына кірген барлық республикаларға берілген еркіндіктің ауқымын ұлғайтқаны соншалық, бұдан былай әрбір республика достастықтың мүшесі емес, қолында өз билігі бар дербес мемлекеттер ретінде танылатын болды. Өз егемендігін жариялаған бұрынғы республикалар территориясында белең алған қақтығыстар Югославия жерін қалаған тұстан бөлшектеуге, сөйтіп бұрынғы федерацияның әкімшілік шекараларында шиеленіс ошақтарының пайда болуына әкеліп соқты.

Бүкіл халықтың тағдырын шешкен, орасан зор аймаққа иелік ету мүмкіндігін берген, кейбір елдердің жүздеген жылдық тарихын айқындаған қантөгістердің болғандығы айқын. Орын алған соғыстар кезінде көптеген мемлекеттердің экономикасы, адам күші, саясаты және барлық ақыл-ойы іске қосылды. Ол белгілі бір мақсатты жүзеге асыру үшін жүргізілді. Осылайша, ол саясат құралына айналды. Осы уақыт аралығында жаңа қарулар пайда болып, соғыс тактикалары жетілдірілді, орасан зор ресурстар пайдаланылды. Қарсыласты тықсыру үшін олардың адамдарын өлтіру, жерін тартып алу, аяушылық жасамау қажет болды. Сөйтіп, Балқан түбегіндегі азаматтық соғыс, Косово шайқасы мен Сербиядағы соғыс әлем картасының сызықтарына үлкен өзгеріс әкелді.

Балқан түбегіндегі болған соңғы соғыс бұрын бүкіл тұтас халықты бір идеология туының астына біріктірген Титоның «саяси ниет – мақсат, ал соғыс – тек құрал, сондықтан құралды ешқашан мақсаттан бөліп қарауға болмайды», – деген формуласының ту-талақайын шығарды.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Иосип Броз Тито 27 жыл бойы басқарған Югославия – Еуропаның Балқан түбегінде 1918-2003 жылдары өмір сүрген мемлекет. Оның құрамында бүгінде тәуелсіз елдер саналатын Сербия, Хорватия, Словения, Македония, Босния және Герцеговина, Черногория болды. Астанасы – Белград. Ұлттық валютасы – югослав динары. 1989 жылдағы жер көлемі – 255 950 км2, халық саны – 23,7 млн адам. Соңғы президенті – Воислав Коштуница.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here