Шаруалар трактормен Парижге дейін жетті

0
1058
27 қаңтарда Парижде билікке қарсы шеруге 41 мыңнан астам трактор мен 72 мыңнан астам фермер шығып, бірқатар жолды жауып тастады

Француз шаруаларынан ши шықты. Шаруалар шығарған шу 23 қаңтардан бері жалғасып келеді. Олардың үні Парижге дейін жетті. Өйткені, 27 қаңтарда ел астанасында бірқатар жолды жауып тастады. Бұл күні билікке қарсы шеруге 41 мыңнан астам трактор мен 72 мыңнан астам фермер жұмылдырылды. Содан күні кеше тағайындалған Франция премьер-министрі Габриэль Атталь шаруалардың жанайқайын тыңдауға мәжбүр болды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін француз шаруаларының мәселесіне тоқталады. 

23 қаңтарда шаруалар орнатқан тосқауылға тоқтамай бір көлік өте шығып, бір отбасы дөңгелектердің астында қалды, 14 жасар қызы мен 35 жастағы анасы қайтыс болды, ал үйдің отағасы жан сақтау бөлімінде жатыр

ФРАНЦУЗ ШАРУАЛАРЫ НЕГЕ ШУ ШЫҒАРДЫ?

Бір қарағанда француз ауыл шаруашылығы өкілдерінде мәселе жоқтай көрінеді. Неге десеңіз, Францияның экономикасы мықты және Еуропалық Одақ елдері бойынша экономикасы Германиядан кейінгі екінші орынды алады. Әлемде жалпы ішкі өнім көрсеткіші бойынша жетінші экономика. Жалпы ішкі өнімі 3,2 трлн долларға тең. Жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімі 46,2 мың АҚШ долларынан шығады. Сонда ауыл шаруашылығы өнімдерімен 68,5 млн адамды толықтай қамтып отырған және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша Еуропалық Одаққа мүше елдерден бірінші мен әлемде үшінші орында тұрған (АҚШ пен Канада) Франция шаруалары неден жаппай дүрлікті? Бұл сұраққа жауап беру үшін мәселенің мәнісіне тоқталайық.

Әлқисса. Француз шаруалары алдымен еуропалық шенеуніктерге, олардың көп жағдайда ірі сауда желілерінің сөзін сөйлейтініне қарсы, өйткені еркін халықаралық сауда шеңберіндегі қатал бәсекелестікке толы тұста үкіметтің жедел көмегін қажет етеді.

Нақты мәліметтерге сенсек, елде нағыз шаруалар соғысы басталды деуге болатын шығар. Шындығында, француз шаруаларының саны онша көп емес. Франция ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ауыл шаруашылығында 813 мыңға жуық адам жұмыс істейді және олардың саны жылдан жылға азайып келеді. Мәселен, халық арасында ауыл шаруашылығында еңбек ету сұранысқа ие емес. Олардың 18%-ы кедейлік шегінен төмен өмір сүреді, ал 20%-ы егістіктер мен фермалардағы негізгі жұмыстарды күнкөріске көмектесетін басқа жұмыстармен толықтыруға мәжбүр.

Наразылық білдірушілердің айтуынша, шаруалар уақыттың 60 пайызын қағаздарға жұмсайды, ал 40 пайызын ғана тракторда өткізеді. Яғни, шаруалар бюрократиямен күресіп келеді.

Жұма күні Нарбонн қаласында шеруге шыққандар MSA банкінің филиалын өртеп жіберді. Шаруалар банктерді материалдық қолдаудың жеткіліксіздігі үшін айыптайды.

Жұма күні Франция премьер-министрі 34 жастағы Габриэль Атталь Жоғарғы Гаронна департаментіндегі наразылық білдірушілерге барып, ол әкімшілік қысымды дереу төмендетуге уәде берді

ШАРУАЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІНЕ ҮКІМЕТ КӨҢІЛ БӨЛЕ МЕ? 

Өкінішке қарай, бір аптаға созылған шаруалар шеруінің қоғамға зияны тиді. Жолды жабу – қауіпті құбылыс. 23 қаңтарда шаруалардың 41 мыңнан астам тракторы жолды жапқанда, Арьежеге барар жолда қайғылы оқиға орын алды. Шаруалар орнатқан тосқауылға тоқтамай бір көлік өте шықты. Сөйтіп, бір отбасы дөңгелектердің астында қалды. 14 жасар қызы мен 35 жастағы анасы қайтыс болды, ал үйдің отағасы жан сақтау бөлімінде жатыр. Үшеуі де Францияда заңсыз жүрген иммигранттар. Олар Армениядан келген отбасы еді. Француз үкіметі екі рет оларға босқан мәртебесін беруден бас тартып, Франция аумағынан кетуге бұйрық берген болатын. Өкінішті-ақ.

Осы жағдайға және шаруалардың жанайқайына Франция премьер-министрі Габриэль Атталь құлақ асып, мәселені шешудің жолын қарастырды. Жұма күні 34 жастағы Габриэль Атталь Жоғарғы Гаронна департаментіндегі наразылық білдірушілерге барды. Олармен кездескеннен кейін премьер-министр әкімшілік қысымды дереу төмендетуге уәде берді. Ірі желілерге баға демпингі үшін айтарлықтай айыппұлдар салынады. Ауыл шаруашылығы құралдарына дизель отынын сатып алуға жеңілдік беретінін сендірді.

Францияның экономика және қаржы министрі Брюно Ле Мэр де ауыл шаруашылығы мен жергілікті өндірушілерді қолдаудың орнына сыртқы нарыққа сүйенетін ірі желілерді жазалайтынын айтып ақталды. Ал, ауыл шаруашылығы министрі Марк Фено елді және оның іскер топтарын «ауыл шаруашылығы патриотизміне» шақырды.

Расында, осыған байланысты билік мұқият болуға тырысады және шаруаларды ашуландырмауға тырысады. Оның алдында «сары жилеттермен» қатты күрескен ішкі істер министрлігі бұл жолы наразылықтарға бейтарап қарады. Ішкі істер министрі Жеральд Дарманен: «Министр ретінде президент пен премьер-министрдің өтінішіне біз араласпаймыз», – деп мәлімдеді. 

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әрине, бұдан басқа биліктің жүрер жолы да жоқ. Шаруалар шеруі саяси күрес алаңына айналды. Оны оппозиция өкілдері белсенді түрде пайдалануға тырысады. Содан Франция тарихындағы ең жас премьер Габриэль Атталь шаруалар жағына шықты.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here