Әділет министрлігі республикалық ЖСО палатасымен бірлесіп, Тараз қаласында оңтайландырылған атқарушылық өндірісті енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Осыған дейін азаматтар салынған айыппұлды уақытында өтей алмаған жағдайда оның 25%-ға дейінгі сомасын жеке сот орындаушыға төлеуге міндетті болатын. Енді бұл қызметті робот тегін атқарады. Жаңа жобаның арқасында ел азаматтары 2 млрд теңгеге дейін үнемдей алады.
Жүйе алгоритмі мына тәртіппен жұмыс істейді:
- Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 50 күн ішінде төленбеген әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл сомасын өндіріп алу туралы ұйғарым жібереді.
- Робот 5 күнтізбелік күн ішінде талапты орындау қажеттігі туралы SMS хабарлама жібереді.
- Айыппұл бойынша ерікті төлем болмаған жағдайда, жүйе жеке сот орындаушысына мәжбүрлеп орындауға атқару парағын ұсынады.
- Төлем уақтылы жүргізілсе, атқарушылық іс жүргізу артық шығынсыз тоқтатылады.
Жоба сәтті жүзеге асатын болса, оны бүкіл Қазақстан аумағына енгізу жоспарланып отыр.