Қабылдау комиссиясы: талапкерге қолайлы жағдай

0
309

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті жаңа оқу жылына бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша талапкерлерді қабылдауды 20 маусымнан бастайды. Қабылдау науқаны университеттің қабылдау комиссиясы арқылы және электрондық форматта eGov порталы арқылы жүзеге асырылады. Құжаттарды электрондық түрде тапсыру мүмкіндігі берілгенімен, талапкерлер құжаттарының түпнұсқаларын 20 маусым мен 25 тамыз аралығында университетке келіп тапсыруы тиіс.

Биылғы қабылдау науқанының маңызды ерекшелігі – талапкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында электрондық кезек жүйесінің ұйымдастырылуы. Электрондық кезекті университет сайты арқылы алуға болады. Талапкерлер мен ата-аналар қашықтан жазылып, құжат тапсыруға белгіленген уақыт бойынша келе алады. Бұл мүмкіндік, әсіресе, алыс аудандардан келетін түлектер үшін ыңғайлы. Жаз бойы талапкерлерге 21 техникалық хатшы қызмет көрсетеді.

Талапкерлер үшін болашақ мамандығын дұрыс таңдау өте маңызды. Жаңа оқу жылында білім беру бағдарламаларының қатарына 6B06103 «Ақпараттық жүйелер архитектурасы», 6B06104 «SMART жүйелерді жобалау», 6B06105 «Жасанды интеллект инженериясы», 6B03202 «Қоғаммен байланыс», 6B08102 «Агрономия» және 6B11103 «Туризм және қонақ үй бизнесі» сияқты жаңа мамандықтар енгізілді. Сонымен қатар педагогикалық бағыттарда инновациялық IP бағдарламаларын таңдау мүмкіндігі кеңейді.

Құжат қабылдау кестесіне сәйкес шығармашылық емтиханға өтініштер 20 маусым мен 10 тамыз аралығында қабылданады, ал емтихандар 7 шілде мен 15 тамыз аралығында өтеді. Педагогикалық бағыттағы арнайы емтихан мен оған байланысты құжат қабылдау 20 маусым мен 20 тамыз аралығында ұйымдастырылады. Сондықтан талапкерлер қабылдау рәсімдерінің мерзімдерін алдын ала нақтылап, құжаттарын уақытында тапсыруы қажет.

Қабылдау комиссиясы ата-аналар мен талапкерлерді асығыс шешім қабылдамауға шақырады. Мемлекеттік білім беру гранты конкурсына құжаттарды бірінші күні немесе соңғы күні тапсыру талапкердің конкурс нәтижесіне әсер етпейді. Конкурстық комиссия құжат қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін ғана талапкерлерді ҰБТ немесе КТ нәтижелеріне сәйкес іріктейді. Сондықтан басты талап – құжаттарды белгіленген мерзім аралығында толық әрі дұрыс тапсыру.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here