Аграрлық әлеует: бүгінгі беталыс, ертеңгі меже

0
66

Ауылдың тынысы – елдің тынысы. Тіршіліктің тамыры – жер. Қай заманда да елдің әл-ауқаты мен берекесі ауыл шаруашылығының дамуымен өлшенген. Диқаны жерге дән сеуіп, малшысы төрт түлігін түлеткен сайын елдің де еңсесі биіктейді.

Бүгінде аграрлық сала тек өнім өндіретін бағыт емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық маңызды салаға айналды. Бұл ретте Алматы облысы аграрлық әлеуеті жоғары өңір ретінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласында көш бастап келеді. Облыс бүгінде республикадағы ет өндірісінің 13,6 пайызын қамтамасыз етіп, бірінші орында тұр. Сонымен қатар, заманауи су үнемдеу технологиялары 92,1 мың гектар алқапқа енгізіліп, агроөнеркәсіп кешеніне миллиардтаған теңге инвестиция тартылуда. Мұның бәрі жүйелі мемлекеттік саясат пен ауыл еңбеккерлерінің маңдай терінің жемісі. Ал, сол жұмыстың үйлесімді жүзеге асуына жауапты саланың бірі – Алматы облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы. Өңірдің аграрлық әлеуетін еселеп, ауыл шаруашылығын жаңа технологиялармен ұштастыру, қайта өңдеу өндірісін дамыту, инвестиция тарту және фермерлерді мемлекеттік қолдау бағытындағы бүгінгі жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы Алматы облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Рашидұлы Сыдықовпен кеңінен әңгімелескен едік.

Ауыл шаруашылығының бүгінгі тынысы

– Димаш Рашидұлы, Алматы облысы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бойынша еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі саналады. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қандай нәтижелермен түйіндер едіңіз? Қай бағыттарда айқын өсім байқалды?

– Алматы облысы аграрлық әлеуеті жоғары өңір ретінде биылғы жылдың алғашқы алты айында оң нәтижемен қорытындылады. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін экономиканың жаңа өсу нүктесіне айналдыру жөнінде нақты міндет қойған болатын. Біз осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығын заманауи технологиялар негізінде дамытуға басымдық беріп келеміз.

2026 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша облыстың ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 265,8 миллиард теңгеге жетті. Нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,8 пайызға өсіп, саланың тұрақты дамып келе жатқанын көрсетті. Көктемгі дала жұмыстары белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталды. Соның нәтижесінде жыл қорытындысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі шамамен 5,7 пайызға өседі деп күтілуде. Бұл өңірдің аграрлық әлеуетінің артып келе жатқанының айқын дәлелі.

Алматы облысы еліміздің ет өндіру саласындағы көшбасшы өңірі мәртебесін де сақтап отыр. Бүгінде республикада өндірілетін барлық еттің 13,6 пайызы біздің облыстың үлесіне тиесілі. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бұл көрсеткішпен өңір республикада бірінші орынға шықты.

Сонымен қатар, облыстың дәстүрлі басым бағыттары жүгері өсіру мен алма шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Бұл салалар ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де күшейтуге мүмкіндік беруде.

Ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды тетіктерінің бірі – заманауи агротехнологияларды кеңінен енгізу. Әсіресе, су ресурстарын тиімді пайдалану бүгінгі күннің басты талабы. Қазіргі таңда облыста су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 92,1 мың гектардан асты. Бұл өнімділікті арттырып қана қоймай, климаттық өзгерістер жағдайында өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жол ашуда.

Сонымен бірге, агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауыл шаруашылығын жаңғырту, қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу және инновациялық жобаларды іске асыру бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр. 2025 жылдың қорытындысында салаға тартылған инвестиция көлемі 16,7 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш биыл да жаңа жобалардың жүзеге асуына және өндіріс көлемінің одан әрі ұлғаюына берік негіз болып отыр.

Жалпы алғанда, қол жеткізген нәтижелер мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігімен, ауыл шаруашылығы техникасының жаңаруымен, суару жүйелерінің жетілдірілуімен, қайта өңдеу саласының дамуы және инвестициялық жобалардың жүйелі жүзеге асуымен тікелей байланысты. Алдағы кезеңде де біздің басты мақсатымыз – Алматы облысының аграрлық әлеуетін еселеп, ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті әрі жоғары технологиялы салаға айналдыру.

Мемлекеттік қолдау: мүмкіндіктер мен нәтижелер

– Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді әртараптандыруды, еңбек өнімділігін арттыруды және ауыл шаруашылығын жоғары технологиялы салаға айналдыруды тапсырды. Осы стратегиялық міндеттерді орындау бағытында Алматы облысында қандай ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр?

– Президент жүктеген міндеттер ауыл шаруашылығын дәстүрлі өндіріс деңгейінен жаңа сапалық кезеңге көтеруді көздейді. Сондықтан, бүгінде біз агроөнеркәсіптік кешенді тек өндіріс көлемін арттырумен шектемей, ғылымға, инновацияға және жоғары технологияға негізделген тиімді жүйе ретінде дамытуға басымдық беріп отырмыз.

Ең алдымен, өңірде заманауи агротехнологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңарту, өндірістік үдерістерді цифрландыру және еңбек өнімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, әрбір гектардан алынатын өнім көлемін арттырудың негізгі алғышарты.

Осы мақсатта мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары да кеңейіп келеді. Биыл облыс шаруалары көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы жаңарту бағдарламаларына белсенді қатысып, өндірістің техникалық әлеуетін нығайтуда.

Мал шаруашылығын дамыту да біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Осы бағытта «Береке» және «Игілік» бағдарламалары аясында ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр. Бағдарламаларды іске асыру үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ арқылы 20 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланған. Бұл қаражат шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін арттыруға, асыл тұқымды мал басын көбейтуге, ет және сүт бағытындағы өндірісті дамытуға, сондай-ақ, жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Түпкі мақсат – ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті күшейту.

Сонымен бірге облыста агроөнеркәсіп кешенін дамытуда жаңа көзқарас қалыптасып келеді. Бүгінде басты міндет – тек ауыл шаруашылығы шикізатын өндірумен шектелмей, оны терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығаруға көшу. Осыған байланысты жүгеріні қайта өңдеу, астықты терең өңдеу өнімдерін өндіру, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу және тамақ өнеркәсібінің өндірістік қуаттарын кеңейту бағытындағы инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Климаттық өзгерістер мен су ресурстарының шектеулілігі жағдайында су үнемдеу технологияларын енгізу ерекше маңызға ие. Сондықтан, облыста тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін кеңінен қолдану, ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту және суды тиімді басқару бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл – өнімділікті арттырудың ғана емес, аграрлық өндірістің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етудің де негізгі тетігі. Сондай-ақ, өңірде басым дақылдарды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жүгері, соя, картоп, алма, қызанақ және жылыжай көкөніс шаруашылығы субсидиялау тетіктері арқылы жан-жақты қолдау табуда. Мұндай саясат ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға, қайта өңдеу саласын дамытуға және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Алматы облысында жүзеге асырылып жатқан жобалардың түпкі мақсаты – агроөнеркәсіптік кешенді жаңа технологиялармен жарақтандырған, бәсекеге қабілетті, экспорттық әлеуеті жоғары және экономиканың тұрақты өсіміне серпін беретін заманауи салаға айналдыру.

– Шаруаларды мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігі қандай? Субсидиялау, жеңілдетілген несие және инвестициялық бағдарламалар нақты қандай нәтижелер беріп отыр?

– Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы ең алдымен тиімді мемлекеттік қолдау жүйесіне байланысты. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тек қаржылай көмек қана емес, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытудың, өндіріс көлемін арттырудың және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралына айналып отыр. Алматы облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

Мал шаруашылығы саласында асыл тұқымды мал өсіруді ынталандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл субсидиялауға түскен өтінімдер кезең-кезеңімен қаралып, талапқа сәйкес келетін шаруашылықтарға төлемдер жүргізілді. Қаржының бір бөлігі өткен жылдардағы міндеттемелерді орындауға бағытталса, негізгі қолдау өндірісті дамытуға және мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға жұмсалуда. Бүгінде мемлекеттік қолдау құс шаруашылығын, ірі қара, қой, жылқы және түйе өсіретін шаруашылықтарды толық қамтып отыр. Әсіресе, құс шаруашылығы мен ірі қара және қой өсіру бағыттарына басымдық беріліп, өндіріс көлемін ұлғайтуға қажетті жағдай жасалуда.

Жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары да өз тиімділігін көрсетіп келеді. Соның арқасында көптеген шаруашылық асыл тұқымды мал сатып алып, өндірістік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру, айналым қаражатын толықтыру және бордақылау алаңдарын дамыту бағытында нақты қолдау көрсетілуде. Бұл өз кезегінде кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттырып, олардың экономикалық тұрақтылығын күшейте түседі. Қабылданған шаралардың нәтижесі нақты көрсеткіштерден айқын көрінеді.

Өңірде ірі қара, қой-ешкі, жылқы және түйе санының тұрақты өсімі сақталып отыр. Бұл мемлекеттік қолдау шараларының ауыл шаруашылығы өндірісіне оң ықпал етіп отырғанының нақты дәлелі.

Өсімдік шаруашылығында да кешенді қолдау тетіктері іске асырылуда. Тұқым шаруашылығын дамыту, басым дақылдарды субсидиялау, минералдық тыңайтқыштардың құнын арзандату, пестицидтер мен биоагенттердің шығынын өтеу, сондай-ақ, тұқым сапасын сараптау бағыттары бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде шаруалардың өндірістік шығыны азайып, өнімнің сапасы мен өнімділігі артып келеді.

Сонымен қатар, «Кеңдала 2» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден түскен өтінімдердің басым бөлігі қаржыландырылды. Бұл көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізуге, айналым қаражатын толықтыруға және өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз етуге елеулі мүмкіндік берді.

Жалпы алғанда, мемлекеттік қолдаудың барлық тетігі – субсидиялау, жеңілдетілген несие беру және инвестициялық бағдарламалар шаруалардың қаржылық тұрақтылығын нығайтып, өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа технологияларды енгізуге және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға нақты серпін беріп отыр. Ең бастысы, бұл қолдау ауыл еңбеккерлерінің ертеңгі күнге деген сенімін күшейтіп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына берік негіз қалыптастыруда.

Суармалы жер және су үнемдеу технологиялары

– Соңғы жылдары су тапшылығы мен климаттың өзгеруі ауыл шаруашылығы саласына елеулі сын-қатер туғызып отыр. Осындай жағдайда облыста су үнемдеу технологияларын енгізу және суармалы жерлердің тиімділігін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Климаттың өзгеруі мен су ресурстарының азаюы бүгінде әлемдік аграрлық сектордың басты мәселесіне айналды. Сондықтан, ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңінде судың әр тамшысын тиімді пайдалану – уақыт талабы ғана емес, стратегиялық міндет. Алматы облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жоспар негізінде жүзеге асырылып келеді.

Өңірде 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын 186,6 мың гектар алқапқа енгізу межеленген. Бұл мақсатқа жету үшін соңғы бірнеше жылда нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Мәселен, соңғы төрт жылдың ішінде су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі 3,3 есеге артып, 66,6 мың гектарға жетті. Бұл бүгінде облыстағы 223,7 мың гектар суармалы жердің шамамен 30 пайызын қамтып отыр. Биыл су үнемдеу технологияларын 90,6 мың гектарға жеткізу жоспарланған болатын. Алайда, жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш межеден асып, бүгінгі таңда 92,1 мың гектарға жетті. Яғни, жоспар 101,6 пайызға орындалды.

Тек биылдың өзінде 25,5 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді. Оның ішінде 13,9 мың гектарда тамшылатып суару, ал 11,6 мың гектарда жаңбырлатып суару жүйесі қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар, облыстағы 19 мың гектар жүгері алқабында да су үнемдеу технологиялары тиімді пайдаланылып келеді. Бұл өнімділікті сақтай отырып, су шығынын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар инвестициялық жобалармен де нығайтылып отыр.

Қазіргі таңда «Alfalfa.kz» ЖШС тарапынан 1,7 мың гектар аумақты қамтитын, құны 1,5 миллиард теңге болатын жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, жалпы 13,9 мың гектарды қамтитын 29 әлеуетті инвестициялық жоба әзірленген. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде 8,4 мың гектарды қамтитын 9 жобадан тұратын арнайы жоба пулы қалыптастырылды. Біз тек технология енгізумен ғана шектелмейміз. Шаруа қожалықтарымен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, суды аз қажет ететін дақылдарды көбейту мен су үнемдеу тәсілдерін қолданудың тиімділігі кеңінен насихатталуда.

Соның нәтижесінде өңір диқандары 9 мың гектар жаңа жерді суармалы алқап айналымына енгізіп, егіс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік алды. Бүгінде су үнемдеу технологиялары – табиғи ресурсты үнемдеудің ғана емес, ауыл шаруашылығының өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды құралға айналды. Сондықтан, алдағы уақытта да суармалы жерлердің тиімділігін арттыру, заманауи суару жүйелерін кеңінен енгізу және климаттық өзгерістерге бейімделген аграрлық саясатты жүйелі түрде жалғастырамыз. Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі.

Алдағы жоспарлар мен басым бағыттар

– Әңгімемізді қорытындыласақ, алдағы бірнеше жылда Алматы облысының ауыл шаруашылығын дамытудағы басты басымдықтар қандай болады? Қандай жобалар өңірдің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді деп күтесіз?

– Біздің басты мақсатымыз – Алматы облысын еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ғана емес, жоғары технологиялы әрі экспортқа бағдарланған аграрлық өңірге айналдыру. Ол үшін өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, өнім сапасын арттыруға, қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға және ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды кеңінен енгізуге басымдық береміз.

Бүгінде осы стратегиялық бағытты жүзеге асыратын нақты жобалар қолға алынған. Биыл облыста жалпы құны 104,2 миллиард теңгені құрайтын 9 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалардың әрқайсысы жаңа өндірістерді іске қосып қана қоймай, ауыл экономикасына тың серпін беріп, жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда бірқатар кәсіпорындар өндірісін бастап кетті. Атап айтқанда, «Неокарбон» серіктестігі күріш қауызын терең өңдеу жобасын жүзеге асырып жатыр. «Qazaq Global Food JV» жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу арқылы жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға ден қойса, «СЭМ и КО» серіктестігі етті мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, «Айдарбаев», «ABDI AGRO», «Адал», «Алимжанов» секілді сүт-тауар фермалары өндіріс көлемін ұлғайтып, өңірдің сүт өндірісін дамытуға өз үлесін қосып келеді.

Алдағы кезеңдегі маңызды жобалардың бірі – «Азия Агро Фуд» АҚ-ның жүгеріні терең өңдеу зауытын кеңейтуі. Бұл жоба өңірде жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін арттырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті жаңа деңгейге көтереді. Сондай-ақ, «Alfalfa» серіктестігінің су үнемдеу технологияларын енгізу жобасы суармалы жерлердің тиімділігін арттырып, климаттық өзгерістер жағдайында аграрлық өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешенді жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында шамамен 5 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылатын тағы төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл бастамалар өндірісті жаңғыртып, қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алдағы жылдары қолға алынған жобалардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемі артып, қайта өңделген өнімнің үлесі көбейеді, еңбек өнімділігі жоғарылайды және экспортқа шығарылатын дайын өнім көлемі ұлғаяды. Ең бастысы, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсарады.

Біз үшін ауыл шаруашылығы – экономиканың бір ғана саласы емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын айқындайтын стратегиялық бағыт. Сондықтан, әрбір инвестициялық жоба, жаңа өндіріс пен енгізілген технология өңірдің ғана емес, тұтас еліміздің аграрлық әлеуетін нығайтуға қызмет етеді. Осы мақсатқа жету жолында біз мемлекет пен шаруалардың өзара сеніміне сүйене отырып, ауыл шаруашылығын жаңа даму деңгейіне көтеру үшін жүйелі жұмысты жалғастыра береміз.

– Димаш Рашидұлы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз.

 Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here