COVID-19 хроникасы: Тажалмен алысқан 514 күн

0
2066

ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіне қадам басқанда медицина жүрісінен қателесті. Қателік медицинадан болды. Оның бастауы белгісіз бактерологиядан орын алды. Алдаған баянсыз болжамдар, уақыт өтіне жұтылған адамдар легі. Індеттің құрығына түскендерді қарап тұрсаң, іштерінен жасты да, жасамысты да көресің. Олардың ішінде хан да, қара да бар. Міне, бір жылдан астам уақытта індетті медицина  ауыздықтай алар емес. Күрес жан беріп, жан алумен өтіп жатыр. Сырқаттың қатерлі сипатын жыл бойы зерттеп, бақылап отырған халықаралық ұйымдар да бар. Кейбір журналистер оны алғашқы күннен бастап, өз беттерінше талдап, күнделік жүргізіпті. Осыған орай, бүгін біз ресейлік журналист Ирина Тарнаеваның «Ступени» журналында таяуда ғана басылған (№4, 2021) «Бір вирустың хроникасы» атты мақаласына назар аударғанды жөн көрдік.

ЕУРОПАДАҒЫ ТАМҰҚ АСПАНЫ

Шырғанақтың қауызындай кіп-кішкентай үбіжік құрт адамзат  баласын 514 күн тозақтың отында шідерлеп ұстап отыр. 2019 жылдың 31 желтоқсанында қытайдың Ухань қаласынан шыққан шығу тегі белгісіз пневмониямен алғашында 27 адам  сырқаттанғаны  жарияланып, әлемге жаңа жылдық «сыйлық» жасады. Ал, коронавирус өзінің бастауын сол жылдың 1 желтоқсанынан алады. Сол тұста қытай денсаулық сақтау мамандары оның  пандемия еместігін айтып, халықты тыныштандыруға асықты. Алғашында  бұл жосықсыз хабарға үлкен мән берілмеді. Қытайды былай қойғанда, сонда  басқалары қайда қараған?! Сол бір тұста адамзат баласы қандай қауіпті жаңа аурумен бетпе-бет келгенін ешкім көз алдына елестете алмады.

Дүниежүзі 2020 жылдың есік қағып келіп тұрғанын тойлап жатқанда, аспан асты патшалығынан адамзатты  қорқыныш пен  үрейге салған алаңдатарлық тосын хабар әлемді шарлап кетті. 9 қаңтарда жергілікті эпидемиологтар пневмония ауруының жаңа қоздырғышы коронавирустың тарағанын  жария етті. Араға екі күн салып, 11 қаңтарда сырқат қоздырғышының әсерінен алғашқы қайтыс болған адам  туралы ақпарат пайда болды. 20 қаңтарда қытайлықтар вирус адамнан адамға жұғады деп дабыл қақты. Сол күні Оңтүстік Корея дәл осындай симптомы бар науқас туралы хабарлады. «Сырқаттанған адам оны Уханьнан тасымалдады» деп жариялады. 21 қаңтарда АҚШ билігі өздерінде сырқаттанған тұңғыш адамның аспан асты елінен келгенін хабарлады.

22 қаңтарда Қытай билігі коронавирусты жаңа жаһандық эпидемия деп атады. Бірақ, сол кезде ешбір ел шекараны жабу қажет деп санамады және Қытаймен байланысын тоқтатпады. Адамдар әлі де саяхаттап, бір-біріне қонаққа барудан тыйылмады.

23 қаңтарда Ухань қаласы карантинге жабылды. Келесі күні билік ресейліктерден аспан асты еліне сапарлаудан бас тартуды ескертіп, Уханьмен әуе байланысын тоқтатты.

24 қаңтарда Франция алғашқы сырқат туралы хабарлады. Бұл коронавирустың Еуропадағы алғашқы пайда болуы еді. Осыдан соң вирус Германия, Италия, Испания, Ұлыбританияда, кейін Филиппин, Жапония, Иран, Бразилия, Австралия, Канада, Біріккен Араб Әмірліктеріне  тарап  кетті.

7 ақпанда қытай дәрігері Ли Вэнлян осы індеттен қайтыс болды. Ол алғашқы болып қытайлық әріптестерінің кәсіби чатында жаңа вирустың пайда болғанын жариялап, назар аударуға шақырған болатын. Сол кезде  оны полицияға шақырып, бұл туралы алдағы уақытта жақ ашпауға мәжбүрледі.

Ақпан айында бүкіл әлем Жапонияның жағалауында Diamond Princess круиздік кемесінде орын алған драманы бір тыныспен қадағалап бақты. Кемеде ауру жұқтырған адамның бар екендігі анықталғаннан кейін ондағы  3700 адам жеке каюталарға қамалды. Қоздырғыш жұқтырған адам кемедегі 705 жолаушыға жұқтырып, оның жетеуі сол заматта қайтыс болды.

2 наурызда Италиядан оралған Ресей азаматында коронавирус індеті табылды.

13 наурыздан бастап Ресей коронавирусқа қатысты жағдай бақылаудан шыға бастаған Еуропамен арадағы жолаушылар тасымалын тоқтатты. Осыдан соң әлем елдері біртіндеп карантинге жабылып, белгісіз инфекциямен күрес жүргізе бастады. Ресей де осы шарадан тыс қалған жоқ.

КІМ КІНӘЛІ?

Наурыз айында Санкт-Петербургте ғалымдар коронавирустың толық геномын анықтады. Ол инфекцияны зерттеу мен оған қарсы вакцинаны     жасау жолындағы маңызды қадам болды. Эпидемиологтар бұған дейін коронавирустық бағыттағы 43 вирустың шығу  тегімен  жан-жақты таныс болатын. Әдетте, вирусты негізінен жануарлар жұқтыратын, бірақ мутацияға ұшыраған жағдайда  оның  адамдарға да жұғу қаупі зор болды. Бүгінгі таңда ғылым осындай жеті жағдайды  анықтап  отыр. HCoV-229E деп аталатын вирус алғаш рет 1960 жылдардың ортасында пайда болды.  Ол адамдар үшін аса қауіпті болып саналмады. Коронавирусқа деген көзқарас 2002-2003 жылдары Қытайда қарапайым пневмония эпидемиясы басталған кезде өзгеріске түсті. Содан кейін әлемде 8 мыңнан астам адам сырқаттанып, олардың 775-і қайтыс болды. Оған  кінәлі – ауыр жедел респираторлық синдромның қоздырғышы SARS-CoV болып табылды. Алайда, кенеттен тарала бастаған вирус бір сәтте тоқтап қалды. Адамзат сәл күйзелістен соң іштей демін алды.

Осы тұста  мутация  туралы соңғы  мәліметтерге  назар аудара  кетейік. Қазір  онымен  әлем ғалымдары мықтап  айналысып жатыр. Ұлыбритания Шығыс университетінің профессоры Поп Хантер жаңа штамның бразилиялық және Оңтүстік африкалық түрлеріне қарағанда вакцинаға деген төзімділігі жоғары болуы мүмкін деген қаупін жеткізді. Оның зерттеуінше, штамның екі қайтара мутацияға ұшырауының өзі ерекше назар аударуды  қажет етеді. Сондай-ақ, Ұлыбританияның 77 тұрғынынан тағы да SARS-CoV-2-нің бұған дейін болмаған мутациялануының екі еселенген жаңа түрі  тіркелді. Қазір оның жұғу деңгейінің жоғары екеніне алаңдаушылық  білдірілуде. Израильде де вирустың сыртқы ақуызының айтарлықтай  мутацияға ұшыраған түрі анықталып отыр. Ал, Африкадағы Ангола, Эфиопия  және Ұлыбритания мен  Бразилия университеттерінің  ғалымдары Ангола әуежайында Танзаниядан келген туристерден алынған сынамадан 34 түрлі мутацияға ұшыраған SARS-CoV-2-ні анықтаған. Міне, көріп  отырғандарыңыздай, вирус сан түрге өзгеруде.

Жалпы, мұндай індет бұрын болып па еді? 2012 жылы Сауд Арабиясында жарқанаттар түйелерге ауру жұқтырды, ал олар өз кезегінде адамдарға жұқтырды. Бірақ, эпидемия жергілікті сипаттағы маңызға ие болды.

2019 жылы SАRS-CoV-2 вирусы пайда болды. Бұл – коронавирус, яғни ковид еді. Бұл шабуыл қайдан пайда болды? Бұған ғалымдар ұзақ уақыт бойы біржақты жауап бере алмады. Алдымен олар теңіз өнімдерін кінәлады. Содан кейін санитарлық нормаларды сақтау мен өнімдерді термиялық өңдеуді дұрыс жүргізбей, қытайлардың жарқанаттарды тамақ ретінде пайдалануынан күдіктенді. Кім біледі, мүмкін бойына вирус жұқтырған жарқанатты жеген  жандар болар. Мұндайда адамдардың денесінде вирус өлмей, мутацияға ұшыраса, ол қатерлі қырып-жоюшыға айналатыны қазір болжанып отыр.

ӘЛЕМ ӨСЕККЕ ТОЛЫП КЕТТІ

Белгісіздік тек дүрбелеңді ғана емес, қауесетті де тудырады. Коронавирустың тез таралуы көптеген қастандық теорияларын тудырып отыр. Олардың ең кең тарағандары бойынша ковидті жасанды түрде жабық зертханадан шығарып жіберді делінді. Оны ойлап тапқандар АҚШ, Қытай, Канада, Израиль деп айыпталды. Алғашқы вирус симптомын моңғол текті  нәсіл өкілі жұқтырғандықтан, алғашқы болып американдықтар күдікке ілікті. Осыған байланысты ҚХР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Лицзян 2020 жылы наурызда ресми мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, АҚШ әскери күштері бұл вирусты Қытайға 2019 жылдың қазанында өткен әскери жаттығу кезінде әкелді-мыс. Қытайлықтар бұл ретте фактілерге сүйенеді. 2015 жылы ағылшын тіліндегі Nature.com сайтында АҚШ вирусологтарының мақаласы пайда болды, онда коронавируспен сәтті тәжірибелер егжей-тегжейлі сипатталған.

Кейінірек тағы бір мақала шығады, онда жағдайды басқару мүмкін болмай қалған жағдайда зерттеулердің барлық тәуекелдері талқылану  қажеттілігі айтылады. Осыдан кейін АҚШ үкіметі жобаны қаржыландыруды тоқтатады.

Бұл нұсқа Қытайда ғана емес, басқа жерлерде де өз жақтастарын тапты. Канаданың жаһандық зерттеулер орталығының қызметкері Ларри Романофф 2019 жылдың жазында АҚШ-та өкпе пневмониясының толқыны тіркелгенін, американдық дәрігерлер оның пайда болуына кінәні электронды темекінің буымен байланыстырды деп мәлімдеді. Осыдан соң бірден Мэрилендтегі Форт-Детриктің құпия зертханасы жабылды. Басқа емес, дәл сол жерден патогендік микроорганизмдердің ағыны пайда болды. Ларри оңаша зертханада американдықтар биологиялық қару жасап шығарғанына және оның сәтті шыққанына сенімді болса да, оны бір сәтте бақылаудан тыс қалдырғаны белгілі  болып қалды. Ресейлік саясаткер Франц Клинцевич тағы бір керемет фактіні назарға алады: эпидемия қарсаңында американдықтар Уханьдағы консулдығын жабады. Мұның өзі олардың зертханалық жағдайда вирусты өндіруге қатысқандығын растайды.

2020 жылы наурызда Коломбо кардиналы, архиепископ Малкольм Ранжич: «Вирус ең бай және ең қуатты елдердің бірінің зертханасында жасалды», – деп мәлім  етті. Бірақ, атын атап көрсетпесе де, оның қай ел екенін білу қиын емес. Кардинал оған қатысы барлардың өз күнәларын мойындап, істеген істеріне өкінулерін сұрады, әйтпесе БҰҰ өз тергеуін  жүргізіп,  адамзат баласына жасаған геноцидке кінәлілерді табуы керектігін айтты. Алайда, бұл айдаладағы жаңғырған дауыс болып  қалды. Десек те, жалпы айыпталушылар бар ма?!

ҚҰПИЯ КЛУБ

Бір қызығы, бұл тосын сұрақ американдық атақты кәсіпкер Билл Гейтстің қолына түсті. Бұл оның 2019 жылдың наурыз айында айтқан «алда  болатын эпидемиядан 33 миллион адам қайтыс болады» деген сөзін еске  түсіреді. Гейтс 2019 жылдың қазан айында Дүниежүзілік экономикалық форум және Джонс Хопкинс денсаулық сақтау орталығымен бірлесіп, коронавирустың өршуін имитациялайтын «Event 201» имитациялық жаттығуын ұйымдастырған болатын.

Осыдан  кейін  екі айдан соң Қытайда жаппай эпидемия басталды. Билл Гейтстің үшінші көзі ашылды. Конспирологтар сенімді түрде  ковид быламығының басты демеушісі сәл нәрсенің өзін пайда табу көзіне айналдырушы ІТ магнат-бенифицарының  ісі  екенін көреді. Пайдасы айқын: миллион долларлық пайда және мыңдаған адамдардың қазасы. Бұл  жерде тағы бір сұрақ туындайды: «адамдар Гейтске неге кедергі келтіреді?» Оған  жауап 2010 жылы кәсіпкердің бастамасымен Нью-Йоркте кәсіпкер акулалар – Тед Тернер, Джордж Сорос, Дэвид Рокфеллер және Уоррен Баффеттің кездесуін жазған ағылшынның «The Guardian» газетінен табылды.

Кәсіпкерлер бұл іс-шараны «Good club» («Жақсы клуб») деп атайды. Оның күн тәртібінде жер бетіндегі халық санының шамадан тыс артып кеткендігі сөз болды. Бұған дейін Тед Тернер ғаламшардағы адамдардың көптігіне алаңдайтынын және олардың санын 225-300 миллион адамға дейін азайту керектігін айтқан болатын. Сәл кейінірек ол шектен шыққанын мойындады десек те, оны 2 миллиард көрсеткішке жеткізу тиімді болар еді дейді. Гейтс те дәл осындай әуенде ойнады. 2010 жылы ол көмірқышқыл газының тарауына қатты алаңдайтынын білдіріп, егер халықтың санына  байланысты мәселе шешілмесе, жаһандық жылынуды тоқтату мүмкін болмайтынын ескертті. «Ең оңай жол – адамдарды қысқарту», – деді  филантроп меценат. Сондай-ақ, Гейтсті «Үндістан мен Африкада кең көлемде егу жүргізгенде жасөспірімдерді айрықша вакциналармен вакцинациялады,  содан кейін балаларда олардың болашақ репродуктивті денсаулығына қауіп төндіретін ауыр асқынулар пайда болды» деп айыптады.

2020 жылы сәуірде сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын әлемді ауыр зардаптар  шарпитынын алдын-ала ескерпегені және оны уақыт өткізіп алғаны үшін  айыптап, қаржылық тұрғыда қолдау жасайтынын тоқтататынын жариялады. Сол тұста Трамптың шешіміне ең алғашқы болып кім қарсылық білдірді? Әрине, Гейтс. Конспирологтар сол кезде оның (Гейтстің) өз кәсібін  жүргізіп, жеке баю мақсатында, адамдарды қыру арқылы ДДСҰ-мен ұйымдасқан қылмыстық істерге барғанын айыптады. Міне, мәселе қайда жатыр?!    

БҰЛ КІМГЕ ТИІМДІ?

2021 жылы 9 ақпанда ДДСҰ миссиясының басшысы Питер Бен Эмбарек Уханьда жүргізген байыпты зерттеулерінен кейін вирустың техногендік шығу тегінің нұсқасы екіталай. Ғалымдар инфекция аралық  сілтеме арқылы жануарлардан адамға жұққан деген сенімге бейімділік  танытып отыр. Алайда, әзірге тасымалдауға жауапты мақұлық анықталған жоқ. Демек, белгілі бір уақыт аралығында ковидтің шығу тегі және оның «жасалуының» ойдан шығарылған мақсаттары туралы түрлі қауесеттер мен қорқынышты оқиғалар әлемді шарлап кетті, оның бүгін-ертең тыйыларына да сенім жоқ. Содан кейін тасымалдаушы табылған кезде де, оның кенеттен өздігінен жоғалып кетпейтіні анық болып отыр.

Коронавирустық пандемия адамзатты жалған ақпаратпен адастырудың қаншалықты оңай екенін анық көрсетіп берді. Кейбір сарапшылар вирустың қауіптілігін төмендетіп айтса, басқалары, керісінше, оның қауіптілік дәрежесін асырып отыр. Әрине, әрқайсысының көздеген өз мақсаттары бар. Ал, конспирологтар пандемияны әлем халқын толық бақылауда ұстап  отыратын таптырмас құрал екенін айтуда. Белгісіз бір топтардың бар мақсаты –  халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін  ойлаған  болып, олардың  жүріс-тұрысын бақылап, жеңіл сырқаттанған жандарды оқшаулау, ал икемге  келмейтіндерді жаһаннамға жіберу болып отыр.    

Адамдар болашағына көбіне қорқа  қарайды. Ал, қорқыныштың үлкен көздері бар. Адам өзінің денсаулығы мен жақындарының өмірі үшін қорқатын болса, оны басқару оңайырақ болады. Бұл шындық. Алайда, жаһандық психологияның өршуінің де өз пайдасы да бар. Әйтсе де, эпидемия ақпараттық соғысты күшейтудің жаңа себебі болып отыр.

Бұған көз жеткізу өте оңай. Мысалы, «Human Rights Watch» құқық қорғау ұйымы Ресей билігін ауқатты адамдарға желдеткіш ИВЛ аппаратын сатып алуға және оны қондыруға рұқсат берді. Десек те, олардың осы ИВЛ аппараттары ауруханаларға қалай жетіспей жатыр деп өзгелерді айыптап,  тамақтарын жыртқанын еске түсірудің өзі-ақ жеткілікті болар. Бұл жерде тартыс көп.

Батыс әлемі өзінің препараттарын  өткізу  үшін Ресейдің алғашқы   «Sputnik V» вакцинасын түкке алғысыз етуге қаншалықты күш жұмсады? Коронавирус жалған сөздерді ойлап табу үшін конспирологтармен бірге жат  пиғылды журналистерге де, кәсіпкерлер мен саясаткерлерге де майлы тамақ  табудың  көзі болып отыр. Кей жағдайда мемлекеттің басты тұлғаларының  өздері басқа қасиет қалмағандай, түрлі мәлімдемелер жасауға дейін жол беріп жатыр. 

ДҮРБЕЛЕҢ ҚАРАҚОШҚЫЛДАНЫП БАРАДЫ

Өзіңді дүрбелеңнің құрбаны болудан қалай сақтандыруға болады? Рецепт қарапайым. Ол коронавирустан қалай қорғануға болатыны туралы медициналық кеңестерге өте ұқсас. Негізгі ақпараттық гигиенаны сақтауға тырысыңыз,  қолды үнемі жуу сияқты, «дүрбелең» вирусын жұқтыру қаупін азайтуға болады. Нақты өмірдегідей, әлеуметтік желілерде және мессенджерлердің түрлі ойдан құрастырған дабылды хабарламаларына  азырақ қосылыңыз. Ондай мардымсыз хабарламаларды тұншықтырып тастаңыз. Ол сізді түрлі ойға шомдырады.  

Есіңізде болсын, дүрбелең мен үрей коронавирустан гөрі жұқпалы және ол адамның ақыл-ойын тежеп, денсаулығын жояды. Оған қарсы күрессеңіз, айқын прогресске жетесіз, сенімділігіңіз  артады. Өткен  бір жыл ішінде дәрігерлер ауруды қалай емдеу керектігін айқындады. Вакциналар пайда болды. Қазақстан өзінің инактивтендірілген отандық вакцинасын  шығарды. Отандық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелді. Ең бастысы – адамзат тарихындағы келесі эпидемия жеңілетініне деген сенім тудырды. Құдай  сақтансақ, сақтайды. Қауіптің алдын алуға ден қояйық, ағайын!

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here