Ринат Кемешов: «Енді ауыл тұрғындары несие алу үшін әуре-сарсаңға салынбайды»

0
4194

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында екінші деңгейлі банктер шағын жобаларға, әсіресе шалғайдағы ауыл-аймақтарға ақша салғысы келмейтінін, сондықтан микроқаржылық ұйымдардың әлеуетін іске қосу қажеттігін баса айтты. Осыған байланысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Микроқаржыландыру және жобаларды сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Ринат Серікқалиұлының пікірін білдік.

Ринат Серікқалиұлы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына тура сегіз жыл болды. Осы сегіз жылдың көрсеткіші қандай? Отандық кәсіпкерлердің үмітін ақтай алды ма?

– Сегіз жылдың ішінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында үлкен жұмыстар атқарылды. Соның ішінде көптеген кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды, салық органдарының алдында қандайда бір дәлелсіз ұсынылған берешектері болса, біздің ұлттық палатаның жәрдемімен күшін жойды. Сондай-ақ, сот органдарының тарапынан қандай да бір заңсыз әрекетке душар болған кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды. Шешімін тапқан бірінші мәселе ретінде осыны атар едім.

Екінші мәселе –  Президент айтқандай, шағын және орта бизнес өкілдеріне қаржылай жәрдем беру мақсатында микроқаржылық ұйымдар құрдық. Жалпы айтқанда, ұлттық палата сегіз жыл бойы кәсіпкерлерге қаржысыз қолдау көрсетіп келсе, қазіргі таңда жаңа белеске шығып, қаржылай да көмек көрсетуге бел буып отыр.

Менің ойымша, «Атамекен» ҰКП өзінің мақсатына жетті. Палата алдағы уақытта да кәсіпкерлердің мүддесін заң аясында мүмкіндігінше қорғап, діттеген мақсаттарына жеткізеді.

– Жолдауда Мемлекет басшысы екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайтынын, сондықтан микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керектігін айтты. Бұл мәселені шешудің жолы қандай?

– Біріншіден, бүгінде микроқаржылық ұйымдардың барлығы еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, біздің кеңесшілеріміз аудан орталықтарымен қатар, кейбір ірі ауылдарда да өз жұмыстарын атқаруда. Мұны қаржы институттарының ауыл азаматтарына қолжетімді болуы деп білеміз. Осы арқылы мемлекет беріп жатқан 6 пайыздық несиені ауыл кәсіпкерлеріне жеткізуді көздейміз.

Жоғарыда айтып кеткенімдей, енді несиені алу үшін ауыл азаматтары облыс орталығына жүз мәрте барып, жүз түрлі құжат өткізіп әуре-сарсаңға салынбайды. Мұны ауылға жасалған алғашқы қарымды қадамдардың бірі деп есептейміз. Осының арқасында ауыл азаматтары ауылдан шықпай-ақ, өзінің құжаттарын өткізе алады. Сондай-ақ, ол қаржыны дер кезінде алып, қандай мақсатта сұраса, сол мақсатта жұмсалуы үшін кедергісіз берілетін болады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы жем-шөп өндірісінде мал өнімдерін дамытумен айналысатын шаруа қожалықтарына бір жылға дейін жеңілдіктер қарастырылатынын айтқым келеді. Мұндай қолайлы шарттардың барлығы ауыл шаруашылығының қазанында қайнап жүрген шалғай елді мекендердегі шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерді дамытуға үлкен үлес қосады деген сенімдеміз.

Сонымен қатар, несие алу үшін кепіл зат ретінде алынатын мүліктің барлығы да қабылданады. Мәселен, жылжымалы мүлік пен жылжымайтын мүлікті де кепіл зат ретінде аламыз. Тағы бір айта кетерлігі, екінші деңгейлі банктерге қарағанда, біздің кепіл затты қабылдау шарттарымыз өте тиімді. Өйткені, біз елу-алпыс жыл бұрын салынған үйлерді де мерзіміне қарамастан, жылжымайтын мүлік ретінде кепілдікке ала аламыз.

Қазір жеңілдікпен несие беруді 11 күн ішінде қарастыруға тырысып жатырмыз. Қысқаша тоқтала кетсем, біз ауылдық жерлерге жалпы сомасы 7 миллион теңгеге дейін несие бере аламыз. Оның ішінде қалалық аймақтарға 18 миллионға дейін, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларына 23 миллион теңгеге дейін несие беруді қарастырып отырмыз. Несие берудің келесідей шарттары бар: алты пайызбен беріледі; жалпы мерзімі бес жылға дейін; ауыл шаруашылығында жүрген азаматтар алғысы келсе, несиені 7 жыл мерзімге дейін беруге дайынбыз.

– Ринат Серікқалиұлы, сұхбатыңызға рақмет!

 Сұхбаттасқан: Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here