Дәурен Қамшыбаев: «Халық қаһарманы жайлы фильм түсірудің жауапкершілігі ауыр»

0
7824

Дәурен Қамшыбаев – соңғы уақытта отандық киноиндустрияда жиі аталатын есімдердің бірі. Тараз топырағынан шыққан талант осыдан бес жыл бұрын Әулиеатада жүріп «Taraz Film School» киномектебінің негізін қалап, жүздеген кино мамандарын тәрбиелеп шығарды. Одан бөлек, Мойынқұм ауданындағы Тайсойған балық аулау аралында «Зере» толықметражды фильмін түсіріп, көптеген халықаралық кинофестивальдардың жүлдегері атанды.

Режиссерді Таразға келген сапарында арнайы шақырып, сұхбат алуымыздың салмақты себебі бар. Жерлесіміз жуырда осыдан он үш жыл бұрын шаһардың қақ ортасында бейбіт күнде орын алған террористік акт туралы шынайы оқиғаға негізделген фильмнің түсірілімін аяқтады. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық компаниясының тапсырысымен түсірілген, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың соңғы сағаттары арқау болған туынды жайлы, отандық кино саласындағы кейбір мәселелер туралы режиссердің өзімен емен-жарқын сұхбат құрдық.

«ПОЛИЦИЯҒА ХАЛЫҚ ЕКІ ТҮРЛІ КӨЗҚАРАСТА ҚАРАЙДЫ…»

– Әңгімемізді бірден көрерменге жол тартқалы жатқан жаңа туындыңыздан бастасақ. Жалпы Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың соңғы сағаттары туралы толықметраж түсіру идеясы сізге қайдан келді?

– Бұл идеяға мені ағайын арасындағы қарапайым басқосу итермеледі. Дастархан басында інімнен «өскенде кім боласың?» деп сұрадым. Ол «полиция боламын» деп жауап берді. «Неліктен полиция?» деп қайта сұрасам, «зәулім үй, екі джипім болғанын қалаймын, полиция болсам ақша көп табамын» деп қайырды. Осы сәтте идеологиялық тұрғыда көп дүниеден жеңіліс тапқанымызды түсіндім. Біздің балаларымыз полиция формасын көп ақша әкелетін сиқырлы нәрсемен байланыстырады. Идея осы тұстан бастау алды. Бұл мәселені ұзақ уақыт зерттедім. Мұндай түсінікке қарсы тұру үшін бірдеңе жасау керектігін түсіндім. Балаларға нағыз офицердің кім екенін ұғындыру керек. Өз бетімше біраз зерттеулер жүргізіп жүріп, Ғазиз Байтасовтың оқиғасы жайлы көп естідім.

Бірде қолыма Ғазиз ағамыздың ерлігі жайлы мақала түсті. Мақаланы оқыған соң кино түсіру идеясына біржола тоқталып, сценарийге кірістім. Бұл төрт жыл бұрын өмірге келген бастама еді. Жазатын өніміме байланысты материалдарға тереңдей түскен сайын мұның соншалықты қызық боларына көзім жете бастады. Ғазиз Байтасовтың ерлігі – офицерлік форма киіп жүрудің қандай маңызға ие екенін ұғындыратын елеулі оқиға. Кез келген голливудтық туындыда, мәселен, Бэтменде Брюс Уэйн үстіне Бэтменнің костюмін кигенде миллионер екені, бақуатты адам екені бірден ұмытылып кетеді. Ол бірден Готем қаласының тыныштық күзетшісіне айналып, шаһарды Джокердің жауыздығынан құтқарады. Питер Паркерді алайық. Ол үстіне Спайдер Мэннің киімін киген бойда көзілдірік таққан оқымысты емес, бірден әділет пен тыныштықтың сақшысына айналады. Мен үшін, мейлі өрт сөндірушінің, мейлі әскеридің формасы болсын, ол алдымен мамандық иесінің жауапкершілігі мен Отан алдында қабылдаған антының нышаны. Ғазиз Байтасов үстіне форма киген сәттен біреудің әкесі, біреудің ағасы болуды тоқтатады. Ол өз Отанының, қарапайым адамдардың, қала тұрғындарының қорғаушысына, нағыз қаһарманға, адамзатты әділетсіздік пен заңсыздықтан, түрлі қауіптен қорғайтын жанға айналады. Ғазиз Байтасов өз оқиғасымен нағыз полицейдің қандай болатынын көрсетіп берген жан. Режиссер ретінде дәл осындай кейстер балаларға үлгі болуы тиіс деп есептеймін. Себебі, қазіргі уақытта біздің құндылықтарымыз өзгеріп, бұрыс арнаға бет бұрған. Иә, материализм, капитализм құндылықтары салтанат құрғалы көп уақыттың жүзі болды. Алайда, жастардың санасында сәуле жағу үшін Ғазиз Байтасовтың оқиғасындай ерліктер міндетті түрде экранизациялануы тиіс. Мұндай фильмдер нағыз адамның, оның ішінде офицердің эталоны қандай болатынын түсіндіреді. Енді ғана өсіп келе жатқан, полиция академиясына түсуді жоспарлап жүрген балалар офицер формасының қадір-қасиетін сезініп, оны киген сәтте әкесінің, анасының ұлы емес өз ұлтының ұлына айналатынын түсінуі қажет.

– Фильм білуімізше Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «Қазақфильм» ұлттық компаниясының тапсырысымен түсірілді. Бюджеті де аз емес. 500 миллион теңге. Питчинг барысында жобаны сәтті қорғап шықтыңыздар. Сценарийді ұсыну барысы туралы әңгімелеп берсеңіз. Идеяны өмірге әкелу бар, оны жүзеге асыру бөлек дүние. Жалпы барлық процесске қанша уақыт кетті?

– Процесс 2020 жылы басталып кетті. Алғашында басты рөлді Дулыға Ақмолда сомдайды деген жоспарымыз болған. Ағамыз тіпті Таразға арнайы келген еді. Алайда, бұл пандемияның шырқау шегіне тура келіп, арада біраз уақыт оздырып алдық. Кейінірек сәті түсіп, Азамат Сатыбалдымен таныстық. Мен оны алғаш көргенде бірден Байтасовқа ұқсаттым. Сосын оның театрдағы рөлдерін тамашаладым, режиссер ретінде визуалды тұрғыдан көп зерттедім. Дулыға аға бұл рөлге оны таңдамағаным үшін ренжіген де шығар. Жүздесіп, мән-жайды түсіндірудің сәті түспей жатыр. Дегенмен, киноның аты кино. Образды ашатын адамды дөп табу да оңай емес. Ол уақытта Азамат Сатыбалды театр басшысы болатын. Біз сценариімізді жазып, толықтырып питчингке қатысып едік, қолдауға ие бола алмадық. Жобадан бас тартты. Бірақ, іштей ешқандай өкініш болған жоқ. Сценарийді толықтыру жұмыстарымен айналыса бердім. Екінші питчингке жұмыс дайын болса да қатысқан жоқпын. Себебі, өзім іштей дайын еместігімді сезіндім. Арада тағы бір жыл өтті. Сценарий де көңілден шығатындай толықты. Азамат Сатыбалды да «Қазақфильм» басшылығына келді. Маған хабарласып «дайынсың ба?» деп сұрады. «Иә, үш жыл жұмсадым. Демек дайынмын» деп жауап бердім. Бірақ, арамызда келісім болды. Егер қандай да бір жағдай орын алып, кедергілер пайда болса, жобаны тоқтатуға уәделестік. Мысалы, Ғазиз ағаның әруағы қаламауы мүмкін. Демек, бұл фильмге жарық көру жазылмаған. Өздеріңіз көріп отырғандай, ешқандай кедергі туындаған жоқ. Әйтеуір жұлдызымыз жараса кетті.

Бір қызық жайт, сценарий питчингке дайын болған сәтте бір маңызды дүние жетпей тұрғандай сезім кештім. Басты кейіпкердің образы толық ашылмағандай, әлі де үстіртін сияқты көрінді. Бірден ойыма идея келді. Маған да полицейдің формасын киіп, тәртіп сақшыларымен бірге жүріп көру керек. Полиция болу деген не өзі? Осыны сезінгім келді. Бұл идеямды облыстық полиция департаментінің басшысы Арманбек Баймурзин бірден қолдады. Содан үстіме форма киіп, тәртіп сақшыларының қасында уақыт өткізіп, полиция болудың не екенін сезіндім. Өзім үшін түсінген бір жайт, полицияға халық екі түрлі көзқараста қарайды. Біріншісі, полициядан қатты қорқады, жүзіне тіке қараудан жүрексінеді. Екіншілері тура қарайды. Бірақ, жанарында үлкен жеккөрініш болады. Полицияға қорғаушы күш ретінде бейтарап көзқарас қалыптаспаған. Азаматтар мен құқық қорғау органдарының арасындағы қарым-қатынастың мұндай болуы өте аянышты нәрсе. Осыған байланысты мен комиссия отырысына полицей формасын киіп бардым. Комиссия құрамындағы азаматтардың жүзінде бірден үрей пайда болды. Олар менің режиссер екенімді бірден түсінген жоқ. «Біреуді құрықтауға келді-ау» деген қорқыныштары болды. Микрофонға жақындап: «Әріптестер, отандық полицияға қазақстандықтардың көзқарасы дәл сіздердікіндей. Полицияны не жек көреді немесе қорқады. Бұл өте қиын жағдай. Өкінішке қарай, ішкі істер министрлігіндегі жүйе осындай дүниеге алып келген. Халықтың полицияға деген реакциясы жүректі ауыртады. Тәртіп сақшыларына құрметпен қарайтын азаматтар кемде кем. Режиссер ретінде мен осы қасаң қағиданы бұзып жару міндетін қолға алғым келеді. Полиция эталоны қандай болатынын көрсеткім келеді. Менің сценариімде ойдан шығарылған жасанды кейіпкерлер мен қиялдан туған шытырман оқиға жоқ. Бәрі өмірден алынған. Полиция туралы теріс көзқарас қалыптасқанымен, тәртіп саласында Ғазиз Байтасов сынды жаужүрек ерлер бар. Міне, осындай азаматтардың оқиғасы полицияның беделін арттырады. Осындай азаматтар полицей болам деген балаларға үлгі болуы тиіс», – деп ағымнан жарылып, жобаны сәтті қорғап шықтым.

– Байтасовтың образын тереңірек ашу үшін қандай жұмыстар жүргіздіңіз?

– Ең әуелі марқұм Ғазиз ағамыздың қарамағында қызмет еткен Ғалым ағамен және өз ортасында Мага деп атап кеткен әріптесімен жүздесіп, Халық қаһарманы туралы мол мағлұмат алдым. Түсірілімнің басынан аяғына дейін Ғазиз ағаның кенже ұлы Әділжан Байтасов жанымызда жүрді. Бізге осы азаматтар ерекше көмек көрсетті. Жалпы алғанда, Ғазиз Байтасовтың образын ашу барысында көбіне режиссерлық көзқарасқа көбірек жүгіндік. Өкінішке қарай, Ғазиз ағамызды бір де бір рет көрмегендіктен образын айналасында қатар жүрген азаматтардың, көзін көрген жандардың сипаттауымен құрастырдық. Негізі бұл образ қарапайым ғана бір сұраққа жауап беру барысында тамаша ашылды. Бірақ, оның қандай сұрақ екенін, оған басты кейіпкер қалай жауап бергенін ашып айтсам, фильмге спойлер болып кетеді. Бұл жағы көрерменге тосын сый болсын.

«ЕКІ АЙҒА СОЗЫЛҒАН «КАПИТАН БАЙТАСОВ» ФИЛЬМІ АЛМАТЫДА ТҮСІРІЛДІ»

– Түсірілім жұмыстары қай қалаларда жүрді?

– Барлық түсірілім жұмыстары Алматы қаласында жүргізілді. 180 адамнан құралған түсірілім тобын Алматыдан Таразға алып келу қымбатқа түсті. Қатты шығындалып қалар едік. Продюсерлердің айтуынша, 70 миллион теңге тек қана жол шығындары мен тамаққа жұмсалуы мүмкін еді. Сондықтан артық шығынға батпау үшін барлық локацияларды, түсірілім жүретін орындарды барынша Таразға ұқсатуға күш салдық. Көп нәрсені қолдан жасадық. 140-қа жуық сахна болды. Түсірілім екі айға созылды.

– Трейлерден Байтасовтың жұбайын Канн фестивалінің жүлдегері Самал Еслямованың сомдап жатқанын байқап қалдық. Ол кісімен келіссөз қалай жүрді?

– Самалмен бірге жұмыс істеуді бұрыннан ойға алып жүргенбіз. «Зере» фильмін түсіргенде жоспарладық, бірақ әйтеуір реті келмеді. Ол да менімен жұмыс істегісі келген болар, кастингке Астанадан арнайы ұшып келді. Кастингте сұхбаттасу барысында оның бойынан образға керек дүниелерді таба алдым. Мен үшін Гүлжамал әпкенің образы жай ғана әйелдің бейнесі емес. Ғазиз Байтасов қас-қағым сәтте ерлік жасаған қаһарман. Ерлік жасап қаза тапқан батыр. Ал, Гүлжамал өмірін жалғастырып жатыр. Оған қаһарман Байтасовтың жары болып өмір сүру керек. Бұл әйел адам үшін оңай дүние емес. Біз режиссер ретінде түйінін тарқатқымыз келген дүние мынау еді. Гүлжамал әпке өзінің жарын адам ретінде ержүректігі, адалдығы үшін қатты құрметтеді. Алайда, әйел ретінде өз азаматын ешкіммен бөліскісі келген жоқ. Бұл өте қорқынышты дүние. Жыл сайын қыс мезгілінде қатты боран соққанда полицейлер өз еріктерімен Күйік және Қордай асуында бастарын бәйгеге тігіп құтқару жұмыстарына қатысады. Бұл жұмыстарға Ғазиз ағамыздың үнемі алғашқылардың бірі болып аттанады екен. Жұбайы ағамыздың таңдауын адам ретінде құрметтегенімен, әйел ретінде қатты қорқатын, үрейде жүретін. Фильм барысында Самал әйелдің жан-дүниесінде болатын осы ішкі конфликтіні шебер бере алды. Тіпті, кейіпкер өзінің жарымен оқыс жағдай болатынын бір күн бұрын сезеді. Жұмыс барысында осындай детальдарды Самал жақсы көрсетті. Жалпы алғанда, фильмнің актерлар құрамында танымал әртістер көп. Меніңше, бұл туындыға отандық киноиндустриядағы ең жұлдызды құрам түскен сияқты. Мәселен, бас антагонист Кариевтің рөлін Еркебұлан Дайыров сомдады. Бірақ, біз жағымсыз кейіпкердің өмірін толық көрсетуден бас тарттық. Қалай болғанда да оның ізінде отбасы, ұрпағы қалды. Олардың жадында әкелері жайлы жағымсыз естелік қалғанын қаламадық. Фильмнің бұл бөлігіне көркемдік тұрғыдан қарап, біраз өзгеріс енгіздік.

– Түсірілім барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыздар? «Кино – тірі ағза» деген өз сөзіңізге сүйенсек, кез келген түсірілім барысында неше түрлі кедергілер болатыны заңдылық қой.

– Иә, бұл сөзсіз болатын дүние. Түсірілім алаңындағы әр күн қиындыққа толы. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бір ғана алаңда күн сайын 180 адам бір мезетте бас қосады. Олардың әрқайсысы – тұлға. Әрқайсының эгосы бар. Олардың бірі тәртіпке бағынады, енді бірі бағынбайды. Әрқайысының тіпті өзіне бағынбайтын мінез-құлықтары бар. Режиссер ретінде оларды шабыттандырып отыруға тырысасың. Алайда, әрқайсына жеке-жеке көңіл бөлу кейде мүмкін емес. Арасында неше түрлі кикілжің орын алады. Мәселен, менің жанымда екінші режиссер болды. Екінші режиссердің міндеті – уақытқа жауап беру. Жұмыс барысында екінші режиссерға өз эмоцияларын басқару қиын екеніне көз жеткіздік. Тез ашуланып, тез басылатын. Түсірілім алаңында мұндай мінезбен жүру кедергілерге ұрындырады. Оның үстіне алаңдағылардың бәрі өз ісінің шеберлері. Олар ешкімнің еркелігін көтермейді. Түсірілім тобының басым бөлігі кино саласында менімен бұрыннан бірге келе жатқан мамандар. Олар өз ісін біледі. Әрқайсына жекелей түсіндіріп отыруды қажет етпейді. Ал, екінші режиссердің әлі де тәжірибесі аз екені байқалды. Бір мезетте біз оны жобадан шығаруға мәжбүр болдық. Арада кикілжің болды. Түсірілім барысында режиссерге қандай да бір ескерту айту ота жасап тұрған хирургқа сөйлегенмен бірдей. Осының салдарынан екінші режиссерсыз қалдық. Түсірілім тобы аң-таң. Әсіресе, продюсерлер абдырап қалды. Олар тіпті жобаны тоқтатуды ойлана бастады. Мен барлығын сабырға шақырып, түсірім тобындағы ассистенттікті атқарып жүрген Темірбек Жүргенов академиясының студенті Әділ деген жігітті екінші режиссер етіп тағайындадым. Жұмыс жақсы қарқын алып, түсірілім сәтті жалғасып кетті. Командада креативті идеяға негативті көзқарас танытса ешкім жұмыс істегісі келмейді. Фильмді түсіретін шығармашылық топ. Оларға айғайлау, жеку, ұрысу ешқандай нәтиже бермейді. Жай ғана жағдай ушығып, процесс тоқтап қалады. Сондықтан креативті идеяға барынша позитивпен қарау керек. Біз бұл жағдайдан оңай шықтық. Ал, шын мәнінде түсірілім жұмыстарының қақ ортасында екінші режиссердан айырылып қалу катастрофамен бірдей.

Есіме тағы бір қызық оқиға түсіп тұр. Аздап шегініс жасасақ. Осыған дейін түсірген алғашқы туындым «Зеренің» түсірілім жұмыстары басталғанда сценарий бойынша бізге дауыл, нөсер керек болды. Күн аптап ыстық еді. Аспаннан бір шөкім қара бұлт көрінді. Негізі нөсер жауын маусымы тамызда басталады. Біздің түсірілім тамызда аяқталады. Бірақ, бізге нөсер шілдеде керек болып тұр. Командамызбен нөсер жауғанда бәрін тастап Зеренің ағаш шауып жатқан сәтін түсіруге кірісіп кетеміз деген келісіміміз бар. Бір сахнаны түсіріп болған бойда, аспаннан көрінген шөкім бұлттан нөсер жауын кұйды да кетті. Құдайға арнайы тапсырыс беріп қойғандай.

Арада төрт жыл өтті. «Капитан Байтасовтың» түсіріліміне кірістік. Бізге тағы да жаңбыр керек. Сценарий бойынша қажет ауа райын үнемі «бізге жаңбыр керек» деп рацияға айтатын әдетім бар. Осы дәстүрді қайталап едім, бір кезде аспан қарауытып, жаңбыр төгіп салды. Түсірілім алаңында «Зереден» бері бірге жұмыс істеп жүрген әріптестерім таң-тамаша болды. Өзімізге керек сахнаны түсіріп болғанда, бірден жауын сап тыйылды. «Зереде» болған тылсым жайт «Капитан Байтасовта» қайталанғанына қатты таңқалдық. Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанды. Түске дейін ашық күн керек болса қалағанымыздай болады, жауын керек болса, қайдан келгені белгісіз, аспан қарауытып, жаңбыр төге салады. Құдай біздің дұғамызды қабыл еткендей.

Тағы бір тылсым жайт, біз түсірілімге кіріспес бұрын Ғазиз ағаның басына барып құран оқыдық. Бірақ, түсірілім жұмыстары алға баспады. Кішігірім кедергілерге тап бола бердік. Сосын бір көреген кісі фильмдегі жағымсыз, антагонист образдағы Кариевтің басына да барып құран оқуға кеңес берді. Қалай болғанда ол да аруақ екенін ескертті. Біз сол кісінің айтқанын бұлжытпай орындап едік, тасымыз өрге домалап, жұмысымыз жүріп кетті. Осындай дүниелерден кейін тылсымға, құдайдың құдіретіне қалай сенбейсің?!

– Жалпы бұл туындыға қатысты қандай да бір болжамыңыз бар ма? Касса жинауы мүмкін бе?

– Ең әуелі біз кассалық фильм ұғымын дұрыс түсінуіміз керек. Тәжірибе көрсеткендей киноиндустрияда авторлық кино ретінде түсіріліп, касса жинап алған туындылар бар. Немесе кассалық фильм ретінде түсіріліп, бірақ болжанған соманы жинай алмаған кинолар да баршылық. Кассалық фильм ұғымын прокаттан жиналған сома анықтайды. Өкінішке қарай, соңғы уақытта кино өнері сылдыр су сандарға айналып кетті. Мен үшін кино – өнер және тарих. Мәселен, «Зере» менің жеке авторлық туындым болғандықтан, бұл картинада мен өзіме түрлі эксперимент жасауға мүмкіндік бердім. Түсірілім тобын өзім жасақтап, өзім тәрбиелеп, бәрін командаммен басы қасында жүріп ұйымдастырдым. Ал, Халық қаһарманы жайлы фильм түсіру, ең біріншіден, үлкен жауапкершілік. Екіншіден, бұл белгілі бір адамның ерлігі жайлы фильм болғандықтан қандай да бір жанрға жатқызылады. Мәселен, байопик болуы мүмкін. Мұндай фильмнің белгілі бір формуласы, өзіне ғана тиесілі тәсілдері болады. Біз өз деңгейімізде тарихта қалған қанды оқиғаның желісін түсіріп шықтық. Фильм көрерменге бірден ұнай ма, табысты бола ма? Бұл белгісіз. Ешқандай фильмнің жетістік формуласы болмайды. Оны түсірілім басталмай жатып та, түсірілім аяқталған соң да болжау мүмкін емес. Маркетингімен айналыссаң да, айналыспасаң да бұл картинаға сәтті болу жазбаса ол ешқандай табыс әкелмейді. Мысалы, «Оскар» алған «Паразиты» фильмінің режиссері Пон Джун Хоның «Воспоминание об убийстве» деген туындысы культтік кинолар қатарында. Алайда, прокаттан бар болғаны 40 мың доллар ғана жинаған. Мен отандық режиссерлар секілді бір тақырып айналасында фильм түсіріп, жетістікке жетуді көздеген жоқпын. Өз қолтаңбасы бар фильм түсіргім келді. Мысалы, «Капитан Байтасовта» мықты динамика, 13 экшн сахна бар. Атыс-шабыс, көлік апаты, биік ғимараттан секіру сияқты адамның назарын баурайтын сәттер көп. Бірақ, мұның астарында өте терең сценарий, тереңінен ашылған кейіпкерлер және түсірілім тобының үлкен еңбегі мен қырағылығы бар. Түсірілім тобындағы әр маман фильмге бар күшін сарқып жұмсады деп айта аламын. Режиссер үшін актерлар мен команданың маңызы өте зор. Себебі, екеуінің бірі болмаса фильм өмірге келмейді.

«ОСЫ БЕТТЕН ТАЙМАСАҚ «ОСКАР» АЛЫП ҚАЛУЫМЫЗ ДА МҮМКІН…»

– Фильмді түсіруге кіріспес бұрын өзіңізге қойған барлық талапты, барлық мақсаттарыңызды орындай алдыңыз ба?

– Мұндай нәрсе болмайды. Бұл мүмкін емес. 13 жылдан бері кино саласында болсам, оның он жылында режиссерлық бағытта жүрмін. «Әу баста жасағым келген дүниені жүз пайызға орындадым» деген уақыт болған жоқ. Ешқашан ештеңе мінсіз болмайды. Мысалы, сенің өзгертуге қауқарың жетпейтін дүниелер бар. Қандай да бір картинаны түсіргің келеді. Бірақ, кедергі көп. Біріншіден, қымбат, екіншіден, техника жоқ, үшіншіден, маман жоқ. Осындай нәрселер ойыңдағыдай дүние жасауға мүмкіндік бермейді. Менің алғашқы әрібінен бастап өзім жазып, өзім құрылымын жасап, толыққанды өнім етіп шығарған екі картинам бар. Біріншісі – «Зере», екіншісі – «Капитан Байтасов». Шақырылған режиссер ретінде түсірген екі туындым бар. Олар: «Ауыл хаос», «Каникулы offline». Екеуі де коммерциялық туындылар. Бұл фильмдер маған жақсы тәжірибе сыйлады.

– Шығармашылығыңызда «Капитан Байтасовтан» басқа қандай жаңалықтар бар?

– Қазіргі уақытта «Жынды» деп аталатын киноәлеммен жұмыс істеп жатырмын. Бұл туынды түркі мифологиясының желісімен түсірілуде. Түркі мифологиясындағы 140 кейіпкер картинаға арқау болып отыр. Тіпті, Грек мифологиясында осыншама кейіпкер жоқ. Бұл ұзақметражды сериал. Жылына 14 серия жарық көреді. Он жыл түсіріледі. Барлығы 140 серия болады. Біз қазір үлкен платформалармен келісім жасасып жатырмыз. Бүкіл түркі әлемі қамтылатындықтан, біз 250 миллиондық аудиторияға өнім ұсынбақпыз. Бұл өте ауқымды, әрі табысты жоба болмақ. Бір серияның өзіне 200 миллион теңге қаражат керек. Қазір демеушілермен келіссөздер жүріп жатыр. Киноға кететін қаражатты ақтап алатын тың дүние жасап жатырмыз деп ойлаймын. Оның үстіне барша түркі халықтарын біріктіретін тілден басқа не бар? Әрине, ортақ мифология. Бұл өз алдына бөлек әлем, өз алдына бөлек қауымдастық.

– Қазіргі отандық киноиндустрия туралы ойларыңыз қандай? Біз қайда бет түзеп жатырмыз?

– Бүгінгі таңда отандық киноның тасы өрге домалап жатыр деп айта аламын. Себебі, салаға келіп жатқан жастардың қарасы қалың. Олардың көзқарастары мен құндылықтары мүлде бөлек. Олар риясыз. Олардың бойында аға буынның бойындағы қорқыныш жоқ. Олардың санасында шектеу жоқ. Біз соңғы жұрнағын көрген жоқшылық сияқты дүниелерді көрмеген. Олар тіпті мұның не екенін де білмейді. Өмір жақсара түскен сайын кино саласы да дамып, жанданып келе жатыр. Түсірілім алаңында санасы еркін жастармен жұмыс істесең, бойыңа қан жүгіріп, екінші тынысың ашылғандай күй кешесің. Олармен жұмыс істеу өте жеңіл. Бұл табиғи құбылыс. Осы беттен таймасақ алдағы уақытта «Оскар» алып қалуымыз да мүмкін.

Мен бірде Алматыдағы кино мектебіме әйгілі «Моана» мульфильмінің сценарисі Памела Рибонды шақырттым. Бізде ашық шеберлік сағаты өтті. Шарадан соң мен ол кісіні Алматының тауындағы бір орынға алып бардым. «Осы жерде құдайдан тілек тілесеңіз болады. Ол міндетті түрде орындалады. Себебі, бұл жер энергетикалық тұрғыдан құдайға жақын орналасқан. Бірақ, Тарковскийдің «Сталкеріндегідей» тілеген тілегіңіз емес, расында жүрегіңізбен қалаған дүниеңіз орындалады» дедім. Кейін АҚШ-қа оралған соң «менің тілегенім басқа еді, бірақ жүрегіммен қалаған дүнием орындалды, «Оскар» номинанты атандым» деді. Салтанатты рәсімге мен сыйлаған шапанмен барыпты. Егер «Оскар» иегері атансам, марапат алуға шыққанда, «Алматы, енді сендердің кезектерің» деп айтамын» деп ағынан жарылған болатын. Сондықтан біздің «Оскар» алуға мүмкіндігіміз бар деп есептеймін. Себебі, деңгейіміз күн сайын өсіп келеді…

Таразда «Taraz Film School» киномектебінің негізін қалап, бірнеше лек шәкірт тәрбиеледіңіз. Қазір бұл жоба тоқтап, «Almaty Film School»-ға айналды. Таразда киномектепті қайта жандандыру жоспарыңызда бар ма?

– Тараздағы киномектебіміздің ауқымы үлкейді десек те болады. Біздің шәкірттеріміздің біразында өз агенттіктері, студиялары, продакшндары бар. Барлығы осы салада жүр. Көбісі халықаралық жобаларға қатысып жатыр. Тіпті, New York киноакадемиясында оқып жүргендер бар. Өзін іздеген жастардың біразы өз жолдарын тауып кетті. Өзіне не керек екенін білетін жастарға біз бәрін береміз. Біздің мектеп ақысын алып, сертификатын табыстап, қоштаса салатын орын емес. Біз білетінімізді соңына дейін сарқып, тәжірибе бөлісіп, кино алаңына шақырып, бірлесіп жұмыс істеп, киноның бар атмосферасын сезіндіреміз. Менің өзіме дәл осылай үйрететін адам болған жоқ. Бұл кәсіпке жаңадан аяқ басқанда түрлі жайтқа кезіктім. Түсірген жұмысыма ақысын төлемеген кездер де бастан өтті.

Өз шәкірттеріме кинодағы мақсаттарына қиналмай жетуге жол ашқым келеді. Осы саладағы Қуаныш Бейсек, Айсұлтан Сейітов сынды әріптестеріме үнемі «өз білімдеріңді өзгелермен бөлісіңдер» деп айтып жүремін. Шәкірттерім де дәл мен сияқты, менімен бірдей өсіп келеді. Көп жағдайда біздің үлкендеріміз білетінін бөлісуге келгенде аздап сараңдау келеді. Тіпті, бір ғана дүние түсіріп, бізге биіктен қарап отыратындары да бар. Киноиндустрияда не болып жатқанынан бейхабар. Бірақ, бізді менсінбейді. Ал, біз осы салада қызу жұмыс істей жүріп, айналамызбен білетінімізді бөлісуге машықтанғанбыз. Аядай ғана Таразда жүріп барша мәдени кеңістікке біздің жүйеміз арқылы шәкірт тәрбиелеп кино саласының мамандарын оқытуға болатынын дәлелдедік. Өз кезегінде бұл мектеп қазір үлкен ауқымға ие болып, жұмысын Алматыда сәтті жалғастыруда.

– Соңғы сауалымыз болсын, «Капитан Байтасов» көрерменге қашан жол тартады?

– Қазір фильмнің ең маңызды жұмысы атқарылуда. Ол – монтаждау кезеңі деп аталады. Бұл ұзаққа созылатын процесс. Мұнда біршама бюрократиялық жұмыстар жасалады. Жасалған жұмыстарға есеп беріледі. Ғазиз Байтасов ағамыз қаза тапқан 12 қарашаға үлгермейміз. Шамамен ақпан айында жарық көреді деп ойлаймын.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here