Әлем елдері энергияның жаңа көздеріне көшудің жолдарын талқылап жатқан кезеңде, Қазақстан үшін табиғи газ мәселесі ең алдымен халықтың тұрмысымен, өңірлердің дамуы және елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығымен тығыз байланысты болып отыр.
Қазіргі таңда газдандыру жай ғана инженерлік жоба емес, тұрғындардың өмір сапасын жақсартатын маңызды мемлекеттік міндеттердің біріне айналды. Елімізде бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Дегенмен, Қазақстанның әрбір елді мекенін көгілдір отынмен толық қамтамасыз ету қаншалықты мүмкін? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.
Өркендеудің өзегі – газ
Қазақстан табиғи газ қоры мол мемлекеттердің қатарына жатады. Алайда, табиғи байлықтың мол болуы барлық өңір бірдей көгілдір отынның игілігін көрді деген сөз емес. Ең ірі кен орындары негізінен Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында орналасқан.
Соған қарамастан, тарихи тұрғыдан алғанда еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінің басым бөлігі ұзақ жылдар бойы газ желілерінен тыс қалып келді. Соның салдарынан тұрғындар көмірге, мазутқа немесе электр энергиясына тәуелді болды. Бұл, бір жағынан, тұрмысқа салмақ салса, екінші жағынан, қоршаған ортаның ластануына да әсер етті. Осы себепті мемлекет газдандыруды стратегиялық басымдықтардың біріне айналдырды. Өйткені, табиғи газ – халықтың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, экологиялық ахуалды оңалтуға, өңірлердің тұрақты дамуына серпін беретін маңызды бастама. Яғни, осындай жұмыстарды жүйелеу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі 2025 жылғы 21 маусымдағы қаулысымен 2025-2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының газ саласын дамытудың кешенді жоспарын бекітті.
Құжатта тауарлық газ қорын ұлғайту, газбен жүретін көлік отынын дамыту, көмір химиясын өркендету және тауарлық газ бағасын қалыптастыру жүйесін жетілдіру саланың негізгі міндеттер ретінде белгіленген.
Ендеше, осы сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге аз-кем тоқталайық.
Соңғы жылдары Қазақстан газдандыру ісінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Соның ең ірі жобаларының бірі – «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры. Бұл жоба арқылы еліміздің батысынан орталық өңірлерге табиғи газ жеткізіліп, Астана қаласын, Қарағанды облысын және Орталық Қазақстандағы бірқатар елді мекендерді газдандыруға жол ашылды. Сонымен қатар, еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарындағы газ желілерін кеңейту жұмыстары да кезең-кезеңімен қарқынды жүргізілуде.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бүгінде 13 миллион адам көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. 2026 жылдың қорытындысында еліміздегі газдандыру деңгейі 64,3 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұл өткен жылдың басындағы 62,4 пайыздық көрсеткіштен жоғары. Ал, өткен жылдың өзінде 94 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, 354 мың тұрғынның тұрмыс сапасы жақсарды.
Елордадағы жұмыстарға да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта Астанада 290 мыңға жуық адам газ пайдаланып отыр. Ал, 2026-2027 жылдары елорда агломерациясына кіретін елді мекендерге де газ тартылып, тағы 26 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынның игілігін көреді деп жоспарланған.
Газ жеткізу көлемін арттыру мақсатында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі салынуда. Биылғы жылдың соңына дейін жылына 10 млрд текше метр газ өткізуге қауқарлы желілік бөлігі аяқталады деп жоспарланған. Ал, екінші кезеңде компрессорлық станциялар салынып, құбырдың өткізу мүмкіндігі жылына 15 млрд текше метрге дейін ұлғайтылмақ.
Сырт көзге қарағанда, бұл нәтижелер көңіл қуантады. Алайда, мәселе Қазақстанды толық газдандыруға келгенде жағдай әлдеқайда күрделене түседі. Мұның себептеріне де үңілік көрелікші…
Газ инфрақұрылымы дамып келеді
Қазақстанды толық газдандыруға кедергі болып тұрған ең басты себептің бірі – оның ұлан-ғайыр аумағы. Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын елде елді мекендердің арасы кейде жүздеген шақырымға дейін созылып жатады. Осындай шалғай ауылдарға магистральдық газ құбырын жеткізу қыруар қаржы мен ұзақ уақытты талап етеді. Мұндай жағдайда аз ғана халық тұратын елді мекенге арнайы магистраль тарту экономикалық жағынан өзін ақтамауы мүмкін.
Сондықтан, мемлекет әр жобаны жан-жақты саралап, қай өңірде газ инфрақұрылымын дамыту тиімді, ал қай жерде балама шешімдерді қарастырған жөн екенін мұқият есептеуге мәжбүр.
Осындай мәселелердің бірі – Павлодар облысын газдандыру. Бір қызығы, кеңестік кезеңде павлодарлықтардың үйлерінде табиғи газ болған. Кейін бұл жүйе тоқтап қалды.
Екі жыл бұрын қазақстандық «Катэк» институты өңірді газдандырудың арнайы жобасын әзірледі. Алайда, жобаны іске асыру мерзімі бекітілмеген. Сол сияқты оның жалпы құны да әлі нақтыланбаған. Бұдан бөлек, газдың қай көзден жеткізілетіні жөніндегі мәселе де толық шешімін тапқан жоқ. Табиғи газ Қазақстанның өз қорынан беріле ме, әлде Ресейден жеткізіле ме деген сауал әлі де өзекті. Бұл мәселе де ашық күйінде қалып отыр.
2024 жылдың маусым айында Ресей Президенті Санкт-Петербургте бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуде Қазақстан үшін Ресейден газ сатып алу жаңа газ бағыттарын салғаннан әлдеқайда тиімді болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа магистральдардың құрылысына миллиардтаған доллар жұмсалуы ықтимал.
Бұл жағдай белгілі бір дәрежеде Солтүстік Қазақстан облысының ахуалына да ұқсайды. Себебі, бұл өңірге де табиғи газды Ресейден жеткізу экономикалық жағынан тиімдірек саналады. Ал, Қостанай облысына Ресейден табиғи газ 1956 жылдан бері үздіксіз беріліп келеді және осы уақыт аралығында газ тасымалына қатысты айтарлықтай күрделі мәселе туындамаған.
Дегенмен, мұнда тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – газдың бағасы. Егер Ресейден келетін газ Еуропа нарығындағы бағадан арзанырақ болғанымен, Қазақстанның ішкі нарығындағы табиғи газдан қымбат болса, оның экономикалық тиімділігіне қайта баға беруге тура келеді. Бұл – үлкен қаржыны, ұзақ мерзімді жоспарды және жан-жақты есепті қажет ететін мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндет.
Алдағы жылдары Қазақстан газ инфрақұрылымын кеңейту жұмыстарын жалғастыра береді. Мамандардың болжамынша, еліміздегі табиғи газ тұтыну көлемі 2025 жылғы 21,2 млрд текше метрден 2028 жылы 32,4 млрд текше метрге дейін өседі.
Бұған еліміздің оңтүстігінде жаңа бу-газ электр станцияларының іске қосылуы, мұнай-газ химиясы мен ауыр өнеркәсіптің дамуы және өңірлерді жедел газдандыру жұмыстары ықпал етеді.
Сонымен бірге Қазақстан энергетика саласын бір ғана табиғи газға тәуелді етуді мақсат тұтпайды. Ел болашағы табиғи газды, электр энергиясын және жаңартылатын энергия көздерін өзара тиімді үйлестіретін теңгерімді энергетикалық жүйе қалыптастырумен тығыз байланысты.
Қазақстан бұл бағытта қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Дегенмен, ұлан-ғайыр аумақты толық газдандыру оңай шаруа емес. Оның әрбір қадамы мұқият есептеуді, мол инвестицияны және тиімді шешімдерді талап етеді.
Ең бастысы, мемлекет үшін газды әрбір елді мекенге жеткізу ғана емес, оны ұзақ жылдар бойы тұрақты әрі қолжетімді ету де маңызды. Өйткені, энергетика саласындағы кез келген шешім бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың да игілігіне қызмет етуі тиіс.
Түйін сөз
Қазақстандағы газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен нәтижесін беріп келеді. Ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы миллиондаған тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартып, өңірлердің дамуына тың серпін беруде. Алайда, еліміздің кең байтақ аумағы, инфрақұрылым шығындарының көптігі және газ жеткізу көздерін айқындау мәселесі толық газдандыру жолындағы басты сын-қатер болып қала береді. Соған қарамастан, жүйелі мемлекеттік саясат пен ауқымды жобалардың арқасында Қазақстан табиғи газдың қолжетімділігін жылдан-жылға арттырып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағыт алған.
Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ












