Үлкен спорттың жолы жеңіске деген құлшыныстан ғана емес, табандылық пен тынымсыз еңбектен басталады. Шаршы алаңда ел намысын қорғап, халықаралық додаларда қазақ бокс мектебінің әлеуетін танытып жүрген жас спортшылардың бірі – Мурсал Нұрбек. Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының жүлдегері, 22 және 23 жас аралығы бойынша Азия чемпионаттарының екі дүркін финалисі. 2026 жылы ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы атанған Нұрбек бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып, спорт пен оқуды қатар алып келеді. Жас болса да, шаршы алаңда өзіндік тәжірибе жинақтап, үлкен бәсекелерде шыңдалып келе жатқан спортшының арманы асқақ. Ол үшін әрбір жеңіс – жаңа белеске бастар баспалдақ, әрбір жарыс – шеберлігін шыңдайтын мектеп. Алдағы мақсаты – Олимпиада чемпионы атанып, ел мерейін үстем ету. Біз Нұрбек Мұрсалмен спортқа келу жолы, жеңіс пен жеңілістен түйген тағылымы, отбасы тәрбиесі, бапкер еңбегі және болашаққа құрған жоспарлары жөнінде әңгімелестік.
Алты жаста басталған жол
– Адамның тұлғалық болмысы туған жерінен, өскен ортасы мен алған тәрбиесінен бастау алады. Қай өңірдің тумасысыз? Балалық шағыңыз бен отбасыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Мен Алматы қаласында дүниеге келдім. Ал әкемнің кіндік қаны тамған жері Қызылорда облысы, Жаңақорған ауылы. Адам қай жерде дүниеге келсе де, оның тұлға болып қалыптасуына ең алдымен отбасының тәрбиесі мен өскен ортасының ықпалы зор деп ойлаймын. Менің өмірлік ұстанымдарымның қалыптасуына да ата-анамның берген тәлімі ерекше әсер етті. Отбасымызда әкем Есенбаев Абдуллахан, анам Ерденова Нұржамал, ағам Мұрсал Айбек және інім Мұрсал Ерасыл бар. Әрқайсысының менің өмірімде орны бөлек. Отбасым – қуанышымды бөлісетін, қиын сәтте демеу болатын, қандай жағдайда да маған сенім артатын ең жақын адамдарым. Ата-анам бала кезімнен бойыма еңбекқорлықты, жауапкершілікті, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді сіңірді. Әсіресе әкемнің тәрбиесі мен өмірге деген көзқарасы мінезімнің қалыптасуына айрықша ықпал етті. Ол маған қандай істі қолға алсам да, оған адалдықпен қарап, бастаған ісімді соңына дейін жеткізуді үйретті. Бүгінде спорттағы тәртіп пен табандылықты өмірлік қағидама айналдыруыма осы тәрбиенің де әсері бар деп білемін. Спорт жолында жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Кейде қиындыққа мойымай, қайта күш жинауға тура келеді. Сондай сәттерде отбасымның маған деген сенімі мен қолдауы үлкен күш береді. Сондықтан қандай жетістікке жетсем де, оның артында тек өз еңбегім ғана емес, жақындарымның тілеулестігі мен маған артқан үміті тұрғанын жақсы түсінемін. Мен үшін биік белестерді бағындырумен қатар, адамдық болмысты сақтау да маңызды. Болашақта спортта қанша жетістікке жетсем де, ата-анамның тәрбиесін ұмытпай, қарапайым қалпымды жоғалтпай, отбасымның сенімін ақтауға тырысамын. Өйткені адамның шынайы биігі – жеткен жетістігімен ғана емес, сол жолда сақтап қалған адамгершілік қасиетімен де өлшенеді.
– Боксқа келуіңізге не себеп болды? Алғаш рет бокс қолғабын қанша жаста кидіңіз?
– Боксқа келуіме себепкер болған – әкем. Алғаш рет алты жасымда бокс қолғабын кидім. Мені спорт залына жетелеп әкелген де, осы жолға алғашқы қадамымды жасауға ықпал еткен де – әкем. Бала күнімде бокстың қыр-сырын терең түсінбесем де, жаттығу залына деген қызығушылығым ерекше болды. Алғашқыда бәрі әуестікпен басталғанымен, уақыт өте келе бұл қызығушылық үлкен мақсатқа ұласты.Әкем менің спортпен тұрақты айналысуыма айрықша көңіл бөлді. Бірде-бір жаттығудан себепсіз қалмауыма мән беріп, күн сайын дерлік өзі апарып, өзі алып жүретін. Ол кезде мұның қаншалықты үлкен еңбек екенін бала көңілмен бағамдай бермеген шығармын. Қазір өткенге көз жүгірткен сайын әкемнің сол қамқорлығының, табандылығы мен маған деген сенімінің мәнін тереңірек түсінемін. Спортқа баланы алып келу – алғашқы қадам ғана. Ал оның бойындағы қабілетті шыңдап, таңдаған жолына деген жауапкершілігін қалыптастыру үшін ата-ананың төзімі мен тұрақты қолдауы қажет. Мен осының бәрін әкемнің ісінен көріп өстім. Оның әр жаттығуға жеткізіп, әр жарысыма алаңдап, жетістігіме менен кем қуанбағаны әлі күнге дейін есімде. Бүгінде бокс мен үшін спорт түрі емес, мінезімді қалыптастырған, тәртіпке баулыған, жеңілістен сабақ алып, жеңіске ұмтылуды үйреткен өмір мектебіне айналды. Алты жасымда қолыма ұстаған алғашқы бокс қолғабының мені осындай үлкен жолға бастайтынын ол кезде білмеппін. Сол алғашқы қадамның бүгінгі мақсаттарыма негіз болғанын мақтанышпен айта аламын. Сондықтан боксқа келу тарихымды айтқанда, ең алдымен әкемнің есімін атағым келеді. Өйткені менің спорттағы жолымның бастауында әкемнің сенімі мен еңбегі тұр.
Білім мен спорт – қатар өрілген қос арна
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім мен ғылымды дамытумен қатар, студенттердің спорттағы жетістіктеріне де ерекше көңіл бөледі. ҚазҰУ басшылығының жас спортшыларға көрсетіп отырған қолдауын қалай бағалайсыз? Бұл қолдау спорттық мақсаттарыңызға жетуге қаншалықты ықпал етеді?
– Мен үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алу – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Өйткені бұл оқу орны тек білім мен ғылымның ордасы ғана емес, сонымен қатар жастардың жан-жақты дамуына, оның ішінде спорттағы әлеуетін шыңдауына мүмкіндік беретін үлкен орта. Университет басшылығының студент-спортшыларға көрсетіп отырған қолдауын өз тәжірибемнен сезініп келемін. Спортшы үшін жаттығу алаңындағы еңбектің нәтижелі болуы ғана емес, сапалы білім алып, зияткерлік тұрғыдан да дамуы маңызды. Себебі нағыз жеңіс тек спорттық көрсеткішпен өлшенбейді. Ол – тәртіптің, табандылықтың, білімнің және үздіксіз ізденістің жемісі. Осы тұрғыдан алғанда, университеттің бізге жасап отырған жағдайы спорт пен білімді қатар алып жүруге зор мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың отандық спортты дамытуға, жас спортшыларды қолдауға және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын өрендерге ерекше назар аударуы бізге үлкен жігер береді. Әрбір спортшының арманы халықаралық ареналарда көк байрағымызды биікте желбіретіп, Әнұранымызды шырқату. Менің де алдыма қойған ең үлкен мақсаттарымның бірі – әлемдік деңгейдегі жарыстарда топ жарып, елімнің мерейін үстем ету. Болашақта Мемлекет басшысының қолынан марапат алу да – сол биік арманымның бір бөлігі. Мұндай құрмет спортшының маңдай тері мен тынымсыз еңбегіне берілген баға деп білемін. Университет ректоры, Басқарма төрағасы Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың қолдауының арқасында қазіргі таңда оқу жеңілдігімен білім алып жүрмін. Бұл – мен үшін үлкен мүмкіндік қана емес, артылған сенімді ақтауға деген жауапкершілік. Ректорымыздың жастардың білім алуына, спорттық әлеуетін дамытуына жасап отырған қамқорлығын ерекше бағалаймын. Спортшыға осындай жағдай жасау – оның ертеңгі жетістігіне, жалпы ел спортының болашағына салынған инвестиция деп ойлаймын. Осы орайда Жансейіт Қансейітұлына көрсеткен қолдауы мен сенімі үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ білім алуымда түсіністік танытып, спорттық дайындықтарым мен жарыстарға қатысуыма қолдау көрсетіп жүрген профессор-оқытушылар құрамына да ризашылығым зор. Мен үшін ҚазҰУ – тек білім алып жатқан оқу орным емес, спорттық мақсаттарыма қанат бітіріп, болашағыма сеніммен қарауға мүмкіндік берген үлкен орта. Алдағы уақытта осы сенімді ақтап, университетімнің абыройын асқақтатып, еліміздің көк туын биік белестерде желбіретуге бар күш-жігерімді жұмсаймын.
Жеңіс жолындағы табандылық
– 2025 жылы Үндістанда өткен Әлем кубогында күміс жүлдегер атанып, 2026 жылы Қазақстан чемпионы болдыңыз. Осы жетістіктерге жету жолында қандай қиындықтардан өттіңіз?
– Спорттағы әрбір жетістіктің артында көзге көріне бермейтін үлкен еңбек, төзім мен табандылық жатады. Мен үшін әр жарыс өз мүмкіндігімді сынап қана қоймай, тәжірибе жинап, шеберлігімді шыңдайтын маңызды мектеп. 2025 жылы Үндістанда өткен Әлем кубогында күміс жүлдегер атануым спорттық жолымдағы елеулі белестердің бірі болды. Әлемнің әр түкпірінен жиналған мықты қарсыластармен шаршы алаңда кездесіп, халықаралық бәсекенің деңгейін сезіндім. Мұндай жарыстар спортшыдан тек физикалық дайындықты. психологиялық тұрақтылықты, тактикалық сауаттылықты және әр сәтте дұрыс шешім қабылдай білуді талап етеді. Үндістандағы дода маған осы қасиеттердің қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Сонымен қатар жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып, жастар арасындағы Азия чемпионатында жүлдеге қол жеткіздім. U22 және U23 жас санаттарындағы Азия чемпионаттарында екі мәрте финалға шықтым. Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленуім де осы жылдардағы жүйелі дайындық пен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Ал 2026 жылы ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы атануым мен үшін айрықша маңызды болды. Себебі ересектер бәсекесіне бейімделу, тәжірибелі қарсыластармен күш сынасу – спортшының жаңа деңгейге көтерілуін талап етеді. Ел біріншілігінде топ жару оңай болған жоқ. Әр кездесу үлкен жауапкершілікті, тыңғылықты дайындықты және сабырлы шешім қабылдауды қажет етті. Бұл жеңіс алдағы мақсаттарыма деген сенімімді нығайта түсті. Әрине, осы нәтижелерге жету жолында қиындықтар да аз болған жоқ. Спортшының өмірі сырт көзге тек жарыстар мен жеңістерден тұратындай көрінуі мүмкін. Алайда оның ар жағында күнделікті жаттығу, қатаң тәртіп, физикалық және психологиялық салмақ, кейде өзіңмен өзің күресу сәттері бар. Кей жарыста ойлаған нәтижеге қол жеткізе алмайсың. Бірақ мен жеңілісті жолдың соңы емес, кемшілігіңді танып, тәжірибе жинайтын мүмкіндік деп қабылдаймын. Әр жекпе-жектен кейін өз өнеріме талдау жасап, жіберген қателіктерімді түзетуге тырысамын. Меніңше, спортшының деңгейін тек алған медалімен бағалау жеткіліксіз. Оның қиындыққа көзқарасы, жеңілістен кейінгі жігері, күнделікті еңбегіне деген адалдығы да маңызды. Өйткені шаршы алаңда қарсыласпен жұдырықтасқанымен, ең әуелі адам өз бойындағы қорқынышпен, күмәнмен және әлсіздікпен күреседі. Қол жеткізген нәтижелерімді үлкен жолдың бір кезеңі деп санаймын. Алдымда бұдан да биік мақсаттар тұр. Ең бастысы шеберлігімді жетілдіріп, халықаралық аренада елімнің намысын абыроймен қорғау. Мен үшін ең үлкен жеңіс – Қазақстанның көк байрағын әлемдік додаларда биікте желбірету.
– Спортшының жетістігінің артында бапкер мен отбасының қолдауы тұрады. Сіздің қалыптасуыңызға ерекше ықпал еткен жандар кімдер?
– Адамның үлкен белестерді бағындыруына өз еңбегімен қатар, оған сенім артқан жандардың ықпалы зор. Менің спорттағы жолымда да орны ерекше адамдар бар. Солардың ішіндегі ең жақыны әрі ең үлкен тірегім – әкем. Әкем мені алты жасымда алғаш рет бокс залына алып келді. Содан бері спорттағы әр қадамымда жанымнан табылып, қолдауын аяған емес. Жаттығуға апарып, жарыстарыма бірге барып, жеңісіме қуанып, қиын сәттерде жігерімді жанып отырды. Оның маған деген сенімі мен үшін әрдайым үлкен күш болды. Әкемнің «Сен менің ұлым болғаның үшін мақтанамын» деген бір ауыз сөзі әлі күнге дейін жадымда. Бұл сөзді естіген сәтте оның мен үшін қаншалықты қымбат екенін терең сезіндім. Шынымды айтсам, мұндай сөз кез келген марапаттан да бағалы. Өйткені жақын адамыңның сеніміне ие болу үлкен бақыт әрі зор жауапкершілік. Мен де сол сенімге лайық болуға, әкемнің үмітін ақтауға барымды саламын. Спорттағы қалыптасуыма ерекше ықпал еткен тағы бір жан – бапкерім Медеу Жұмашев. Бапкер мен спортшының арасындағы байланыс тек жаттығу барысындағы қарым-қатынаспен шектелмейді. Ол шәкіртінің мүмкіндігін танып, қабілетін ашып, мінезін шыңдайды. Медеу ағай маған осы жолда көп нәрсе үйретті. Оның талапшылдығы, тәжірибесі, әр жаттығуға жауапкершілікпен қарауы кәсіби тұрғыдан өсуіме үлкен ықпал етті. Жеңіске жеткенде, сәтсіздікке тап болғанда сағымды сындырмауды, әрдайым өзіммен жұмыс істеуді үйретіп келеді. Бүгінгі нәтижелерімде бапкерімнің маңдай тері мен еңбегі бар екенін жақсы түсінемін. Сондықтан оған айтар алғысым шексіз. Анамның ақ тілегі, ағам мен інімнің қолдауы да мен үшін қашанда маңызды. Әр жарыс алдында алаңдап, нәтижемді асыға күтетін жақындарымның бар екенін сезіну маған ерекше күш береді. Маған сенім артқан жандардың еңбегін ақтау – менің азаматтық та, перзенттік те парызым. Қанша биікке көтерілсем де, осы адамдардың қадірін ұмытпау мен үшін маңызды.
Арманым – Олимпиада, мұратым – чемпион тәрбиелеу
– Рингтегі Нұрбек пен күнделікті өмірдегі Нұрбектің арасында қандай айырмашылық бар? Спорттан тыс уақытта немен айналысқанды ұнатасыз?
– Рингтегі Нұрбек пен күнделікті өмірдегі Нұрбектің арасында белгілі бір айырмашылық бар. Шаршы алаңға шыққанда барынша жинақы, сабырлы болып, әр қимылыңа жауапкершілікпен қарауың керек. Өйткені бокста бір сәттік шешімнің өзі жекпе-жектің нәтижесіне әсер етуі мүмкін. Сол себепті рингте эмоцияға берілмей, қарсыластың әрекетін бағалап, тактиканы дұрыс ұстануға тырысамын. Ал күнделікті өмірде мен көпшілік сияқты қарапайым тіршілікті ұнатамын. Достарыммен кездесіп, бірге уақыт өткізгенді, әңгімелесіп, серуендегенді жақсы көремін. Әсіресе ата-анам мен бауырларымның жанында болғанды бағалаймын. Жарыстар мен жаттығулардың арасында отбасыммен өткізген аз ғана уақыттың өзі көңіліме ерекше қуаныш сыйлайды. Өйткені олардың ортасында спорттағы нәтижелеріңе қарамастан, сен бәрібір отбасының сүйікті перзенті, бауыры болып қала бересің. Спорт өмірімде маңызды орын алғанымен, оны өмірдің жалғыз өлшемі деп қарамаймын. Адамның бақыты тек жеңіп алған медальдарымен немесе бағындырған белестерімен шектелмейді. Жақындарыңның амандығы, отбасыңның тыныштығы, айналаңдағы адамдармен жақсы қарым-қатынасың да үлкен байлық. Сондықтан мен үшін спортта биік нәтижеге жетумен қатар, өмірде қарапайым қалпымды сақтап, адамдық қасиетімді жоғалтпау маңызды.
– Алдағы мақсаттарыңыз бен бағындырғыңыз келетін белестер қандай? Болашақта өзіңізді спорттан бөлек қай салада көресіз?
– Алдымда әлі бағындыратын белестерім, жүзеге асыратын арманым көп. Ең басты мақсатым – Олимпиада чемпионы атану. Бұл – әрбір спортшының жүрегіндегі биік мұраттардың бірі. Мен де Қазақстанның көк байрағын әлемдік аренада желбіретіп, Әнұранымызды шырқатуды армандаймын. Ол үшін әлі талай тер төгіп, шеберлігімді шыңдап, өзімді жан-жақты жетілдіруім керек екенін жақсы түсінемін. Алдағы жарыстарға үлкен жауапкершілікпен дайындаламын. Дегенмен болашақтағы жоспарымды тек спортпен шектемеймін. Алдағы уақытта бизнес саласында да өзімді сынап көргім келеді. Қазір осы бағытта жүрген, мемлекеттік қызметте еңбек ететін ағаларыммен араласып, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, тәжірибесінен үйреніп жүрмін. Адамның қалыптасуына ортасының ықпалы зор. Әсіресе өзінен бұрын жол жүріп өткен азаматтардың бағыт-бағдары жас буын үшін үлкен мектеп деп ойлаймын. Олардың жастарға қолдау көрсетіп, мүмкіндіктерге жол ашуы мені де болашақта сондай игі іс жасауға ынталандырады.
Ерекше армандарымның бірі – өзімнің жеке бокс залымды ашу. Әсіресе ауылдық жерлердегі спортқа қабілеті бар, бірақ тиісті жағдайдың жоқтығынан өз мүмкіндігін толық пайдалана алмай жүрген балаларға көмектескім келеді. Ауылда да талай талантты бала өсіп келеді. Оларға керегі дер кезінде берілген мүмкіндік, дұрыс бағыт және сенім. Егер болашақта осындай орта қалыптастырып, білікті бапкерлердің басын қосып, жас спортшылардың кәсіби деңгейде дайындалуына жағдай жасай алсам, бұл мен үшін үлкен жетістік болар еді. Өйткені чемпион болу тек өзіңнің жеңісіңмен өлшенбейді. Меніңше, нағыз азаматтық биік – өзің жеткен жетістікті өзгелермен бөлісіп, өзіңнен кейінгі буынға жол көрсете білу. Бүгін мен біреулердің қолдауымен өсіп, тәжірибе жинап келемін. Ертең сол жақсылықты кейінгі жастарға қайтарғым келеді. Бір күні өзім ашқан спорт залында жаттыққан ауыл баласының ел чемпионы атанып, әлемдік жарыстарда жеңіске жетіп, тіпті Олимпиада тұғырынан көрінуі – мен үшін кез келген атақтан артық қуаныш болар еді. Себебі өзіңнің ғана биікке көтерілуің емес, өзгелердің де биікке көтерілуіне себепші болуың маңызды. Сондықтан менің алдымда екі үлкен мақсат бар: бірі – өзім армандаған Олимпиада алтынына қол жеткізіп, елімнің намысын қорғау, екіншісі – сол жолда жинаған тәжірибем мен мүмкіндігімді кейінгі ұрпақтың игілігіне жұмсау. Бүгін мен чемпион болу үшін еңбек етіп жүрсем, ертең чемпион тәрбиелейтін азамат болғым келеді. Мен үшін нағыз жеңістің мәні де осында.
– Нұрбек Мұрсал, әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ












