Тағылымды тұлға еді

0
3673

Қылыштың қынында тұрғаны жарасады. Қынсыз қылыш орынсыз жұмсалып, жүзі мұқалады. Талант та сол секілді, алғаш жарқ еткен күннен бастап қандай қалыпқа түсуіне байланысты. Әрі өскен орта жасаған мүмкіндікті сарқа пайдаланып, талабын, тәртібі мен еңбегін өзінің өмірлік шыңдаушысына айналдыруы қажет. Сонда ғана ол алмас қылыштай жарқырайтын болады.

Өзін-өзі осындай шыңдаудан өткізген, әркез бабында жүрген Кенжеғали Әбенұлы көрнекті ғалым-педагог, жоғары мектеп пен ғылымның ұйымдастырушысы, қоғам және мемлекет қайраткері еді. Ол – экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының және Пәкістан Ғылым академиясының академигі. Қазақстанның бес бірдей жетекші оқу орнының ректоры және ҚР ҰҒА президенті қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасының үшінші және төртінші шақырылған Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланды, оның Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды. Экология және табиғатты пайдалану комитетінде де табысты қызмет істеді.

Кенжеғали Сағадиев Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданының бұрынғы 1-ауылында дүниеге келген. Балалық шағы тауқыметі көп соғыс жылдарына тура келгендіктен, өз қатарлары секілді ерте есейіп, оқу-білімге талпыныс жасады, оны кейін өмірінің өзегі мен мәніне айналдырды.

Кенжеғали Әбенұлы алты балалы (үш ұл, үш қыз) отбасында өсті. Оның ата-анасы өмірдің өзі үйреткен, таңның атысы, күннің батысы бала-шаға қамын ойлаған колхозшылар болған. Әкесі Сағади Тыныштықбаев ферма меңгерушісі қызметін атқарды, ауылға сыйлы азамат болған, 1950 жылы дүние салды. Әбен Сағадидің енші алмаған немере ағасы екен. Кенжеғалидың бала кезінде бәрі бір отбасында өскен. Сондықтан ол әкесі жағынан Әбенұлы болып жазылған. Кенжеғали Әбенұлының шешесі – Қаламқас Сардарбекқызы ұзақ жылдар колхоз жұмысында болған, балаларының бәрін аяғына тұрғызып, қиындығы мен қызығы мол ұзақ өмірін солардың қасында өткізіп, 1985 жылы дүниеден озған.

Кенжеғали Сағадиевтің жас кезіндегі білімге талпынысы сәтті болды. Ол Жангелдин және Семиозер (Әулиекөл) аудандарының мектептерінде оқып, 1955 жылы 10 жылдықты күміс медальмен аяқтады. Сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқуға түсіп, ондағы жастар ұйымының белсенді мүшесі болды, ғылыми зерттеулерге араласты, Алматыда, Самарқандта, басқа да қалаларда өткен ғылыми конференцияларда мазмұнды баяндамалар жасады, үздік оқығаны үшін Сталин (кейін Ленин) атындағы стипендияның иегері болды. Университетті өнеркәсіп экономикасы мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шықты. Осындай алғашқы қол жеткізген жетістіктер жас маманның үміт-арманын алға жетелеп, ғылыми-педагогикалық ізденістерге бет бұруына мүмкіндік берді.

Кенжеғали Әбенұлының зерттеушілік қабілеті Мәскеу ғылыми орталықтарында сыналып, шынықты. Оның алғашқы ғылыми жұмыстары материалдық-техникалық жабдықтауды ұйымдастырудың келелі мәселелеріне байланысты болды. Ол осы бағытта өнімді ізденістер жасап, өндіріс құралдарының айналу заңдылықтарын ашты. КСРО-да бірінші болып осы саланың тиімділігін анықтайтын өлшемдерді таңдау әдістерін негіздеп, пайдалануға ұсынды. Республикада материалдық-техникалық жабдықтауды аумақтық ұйымдастыруды және өндіріс құралдарын көтерме сауда арқылы таратуды жетілдірудің ғылыми негізін қалады. Осы ізденістерінің негізінде кандидаттық, докторлық диссертацияларын табысты қорғады. 39 жасында экономика ғылымдарының докторы, ал 40 жасында профессор атағын алды. Бұл сол жылдары үлкен Одақ көлемінде экономист-ғалымдардың арасында сирек кездесетін өзгеше оқиға болып есептелді.

Кенжекең материалдық-техникалық жабдықтау мәселелерін зерттеу бағытының Одақтық көшбасшысына айналды. Осы мамандық бойынша жоғары білімді кадрлар тәрбиелеудің, аспирантура мен кафедра ашудың басы-қасында болды. Өзінің ғылыми мектебін ашты.

Кенжеғали Әбенұлы өзі көп жыл зерттеген саланың өндіріс және тұтыну жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіндегі рөліне көз жеткізіп, қазіргі кезде елімізде әлеуметтік бағытта дамып келе жатқан нарықтық экономикаға жеткізетін көпір екенін анық сезді.

Осыған байланысты Кенжеғали Сағадиевтің зерттеулері жалпы экономикалық сипат алып, оның негізгі бағыттарындағы ізденістермен толықты. Ол агроөнеркәсіп кешенінің шаруашылық механизмдерін жетілдіру, ұлттық валюта енгізу және оны тұрақтандыру, шетелдік инвестицияларды тарту мәселелеріне арналған ұсыныстар жасады.

Кейінірек Қазақстандағы экономикалық реформаларды жақсартуға арналған жұмыстарын кеңейте де күшейте түсті. Мысалы, ол алғашқылардың бірі болып кластерлік дамудың тиімділігіне назар аударды, республикамыз үшін Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің жағымды-жағымсыз жақтары туралы баспасөзде сараптама жасады. Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігінің факторларын, оның ғылыми-техникалық, әлеуметтік, тіпті адамгершілік жақтарын зерттеуге отызға жақын жұмыстарын арнады.

Кенжеғали Сағадиев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде еліміздің бюджет жүйесін өркендету және оның тұрақтылығын дамыту мақсатында көп еңбек етті. Оның ұсынысы бойынша экономика салаларының бюджет жобалары бөлек қаралатын болды. Бұл жол бюджет бағдарламалары бойынша әкімдіктерге бөлінетін қаржы бюджет ресурстарын жіті де дәл зерттеуге мүмкіндік береді. Сондықтан осы тәжірибе 4-шақырылған Парламент Мәжілісінің жұмыс әдісіне де енді.

Оның экономикадағы голландтық сырқат, бәсекелестікке кері әсер ететін себептер, республиканың салық саясаты, салық мөлшерін жеңілдету, қор нарығы, рейдерлікке қарсы тұру туралы зерттеулері мен ұсыныстары да өте құнды. Академиктің «Қазақстандағы реформалар: талдамалық көзқарас» атты төрт кітаптан тұратын еңбегі осы бағыттағы күрделі үрдістердің жоғарғы мәнді ғылыми хроникасы әрі олардың жетістігі мен кемшіліктерінің шын бейнесі секілді. Автордың онда жазған келелі ұсыныстары мен кеңестері өз мәнін болашақта да жоғалтпайды.

Кенжеғали Әбенұлының қызметінде ғылыми ұйымдастыру жұмысы да ерекше орын алады. Оның бұл бағыттағы қабілетінің қалыптасып, дами түсуіне Алматы халық шаруашылығы институтындағы атқарған жұмыстары көп әсер етті. Ол осы жоғары оқу орнын алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болды, оның қалыптасуы мен өркендей түсуіне ғылыми-педагогикалық ұйымдастырушылық қызметінің жиырма жылын арнады.

Кенжекеңнің АХШИ-да жетекшілік қызметтерде бойына сіңірген тәжірибесі мен ұйымдастырушылық таланты Целиноград ауыл шаруашылығы институтының (қазіргі С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университеті) ректоры қызметіне тағайындалуына негіз болды. Ол осы қызметті 8 жыл мінсіз атқарып, институт ұжымының есінде өшпес із қалдырды. Өзінің қажырлы ісі мен жемісті еңбегінің, биік парасаты мен эрудициясының, нәтижелі қоғамдық жұмысының арқасында тек Ақмола өңірінің ғана емес, бүкіл елдің көрнекті азаматына айналды.

Оны 1989 жылы республиканың ғылыми қауымдастығы ҚазКСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі етіп сайлап, 1990 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Президиумының Бас ғылыми хатшысы қызметіне шақырды.

Мен Кенжеғали Әбенұлын осы кезде көріп, тани бастадым. Ол уақытта Кенжекең Қазақстан ғылымы мен ғылыми-техникалық саясаты туралы заңның жобасын жасаушы жұмыс тобын басқарып жүрген, ал біз Қазақ ауыл шаруашылығы ғылым академиясы (ҚазАШҒА) президиумының атынан оған ұсыныстарымызды беруіміз керек болатын. Шамасы, 1992 жылдың соңы, не 1993 жылдың басы болуы керек. Осы академияның вице-президенті академик З.Қ.Қожабеков екеуміз Жоғарғы Кеңесте осы заң туралы өтетін бір отырысқа қатынастық. Жиналғандар 10-12 адамнан аспайды. Әркім өз ойларын білдіріп, жазып әкелген ұсыныстарын өткізіп жатыр. Кезегім келгенде мен де үш-төрт минут сөйлеп, «ғылым мен ғылыми-техникалық саясат туралы жеке-жеке заңдар болуы керек, ал олар туралы дайындалып жатқан заң едәуір жетілдіруді қажет етеді» дедім де, мысал ретінде оның кіріспесін өзгертуге байланысты ұсыныс жасадым. Жиналысты басқарып отырған кісіге мұным ұнамай қалды. Ол асығыс екенін, ал оның қасында отырған Кенжеғали Әбенұлы соңғы ұсынысымды жазбаша түрде қалдыруды сұрап, мен оны сол жерде дайындап, жиналыс тарағанша қолына тапсырдым.

Менің Кенжекеңмен алғашқы кездесуім осымен бітіп, екі жылдай үзілістен кейін қайта жалғасты. Осы аралықта ол өзі оқып, тәрбие алған және көп жыл басшыларының бірі болған Қазақ мемлекеттік экономикалық университетінің ректоры қызметін атқарды. Онда экономикалық кадрлар даярлауға республика өмірінде болып жатқан өзгерістерге сай түбегейлі бетбұрыс жасады. Университетті басқарудың жаңа үлгісін ұсынып, ҚазМЭУ Қазақ мемлекеттік басқару академиясына айналды. Бұрынғы факультеттер оқу-ғылыми кешені болып өзгертілді, жаңа кафедралар ашылды. Оқу жоспары өзгертілді, оқытушылар құрамы қайта даярлаудан өтті. Ғылыми жұмыстар зерттеу институттары мен орталықтарын ашу арқылы едәуір күшейтілді. Нарықтық экономикасы дамыған мемлекеттерден мамандар шақырылды, қажет оқу құралдары мен әдістемелік әдебиеттер жазылуына жағдай жасалды. ҚазМБА-дағы Кенжеғали Сағадиевтің орасан іс-әрекеті үлкен нәтиже берді. Оның қызметі жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарының біріне айналды. Сонымен қатар, университет ректорының да абыройы асқақтады. Оның реформаторлық қабілеті мен табысты ғылыми ізденістерін көпшілік мойындады.

Кенжеғали Әбенұлының осындай ауқымды ғылыми және ғылыми ұйымдастырушылық қызметі оны республика деңгейіне көтерді. Ол 1994 жылдың 2 ақпанында балама негізде ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, ал 14 ақпанда оның толық мүшесі (академигі) болып сайланды. Бұл шешімдер ҰҒА мүшелерінің Кенжекеңе деген үлкен сенімін көрсетіп, оның Ғылым академиясына қайта оралып, өзі жоспарлаған істерін жалғастыруына, әрі қарай дамыта түсуіне мүмкіндік берді.

Өзім осы кезден бастап екі жерде 7 жылдай Кенжекеңнің қарамағында қызмет істедім. Оған дейін Қазақ ауыл шаруашылығы ғылым академиясының президентінің Бас ғылыми хатшысы болатынмын. Бір күні жұмыста отырғанымда телефон шыр ете қалды. Көтеріп жауап беріп едім, арғы жақтан Сағадиев: «Сәбит қалқам, амансыңдар ма?» – деп бұрыннан танитын адамдарша сәлемдесті де, сөзін жалғастырып: «Сен бізге келсей, жұмыс көп, көмектес», – деді. Мен сасып қалып, түрлі сылтаулар айтып көрдім. Аз-кем тыңдап, «ойлас» деп трубкасын қоя салды.

Әрі қобалжып, әрі таңғалып қалдым. Жақында ғана Ұлттық статус алған үлкен академияның президенті көмекшілері арқылы хабарласып, шақыртпай тура сөйлесіп тұр. Әрі ол атақты ғалымдар жиналған қазақ ғылымының қара шаңырағы ғой. Іргелі ғылымдарды басқаруға араласуға менің мамандығым, өрем, жинаған тәжірибем жете ме деген сұрақтар мазаны алып, біраз жүрдім.

Осыдан кейін Кенжекең тағы да 2-3 рет тура телефон соқты. Енді әңгіменің жай бітпейтінін сезіп, үй-ішімен, Сайлау, Қоғабай, Фазылхандармен, бұрыннан ақылдас, кеңестес болып жүрген қызметтес кісілермен сөйлесіп, іштей дайындала бастадым. Тіпті, Ұлттық академияға қызметке бару көпке бұйырмаған құбылыс екенін анық сезсем де, Кенжекеңнің соңғы бір хабарласқан кезінде тағы бір дәлел ретінде «ҚазАШҒА президенті академик Ғани Әлімұлы Қалиевқа бірге істеуге берген уәдем бар еді, кетіп қалсам ренжиді ғой» дегенді айттым. Оған Кенжеғали Әбенұлы «Ғанимен өзім келісемін. Сені жақсы қызметке шақырсам, ол өз кадрларының өскеніне қуанбай ма» деп сөзін тоқтатты.

Сонымен, әңгіме менің 1994 жылы мамыр айында ҚР ҰҒА-ның Бас ғылыми хатшысының міндетін атқарушы қызметіне ауысуыммен аяқталды және осы жұмысым екі жылға жақын созылды. Кенжекең айтқандай, жұмыс көп әрі күрделі болып шықты. Мен барлық қабілетімді салып қызмет істеуге тырыстым. Кенжеғали Әбенұлы жұмысымды, әсіресе құжат даярлауға байланысты ісімді екі-үш ай қадағалап, байқаған соң толық сеніп кетті. Ал мен ол кісінің ғылыми-ұйымдастыру жұмысындағы шексіз мүмкіндіктеріне, ауқымды істерге лайықты басшылық жасап, нәтиже ала алатындығына күн сайын көз жеткізе бастадым. Академия мүшелерінің Кенжекеңе деген сенімінің ішкі логикасын түсіндім, оның академияға екінші рет оралуының негізінде ерекше іскерлігі мен терең білімі жатқанын анық сездім.

Шындығында да, академик Кенжеғали Сағадиевтің зор ғылыми деңгейі мен ұйымдастырушылық қабілеті ҚР ҰҒА президенті кезінде толық ашылды. Бұл қызметке ол өзінің негізгі мақсаты ретінде Қазақстанның ғылыми-техникалық егемендігі мәселесін қойып, ең алдымен осы мақсатқа қол жеткізу бағытындағы Ұлттық Ғылым академиясының міндеттерін белгіледі, мемлекетіміздің тұрақты экономикалық дамуының басты негізі жаңа білім мен техникалық прогресс болуы тиіс деген идеяны дәйекті түрде ұстанды.

Өз пайымдауларында Кенжеғали Әбенұлы іргелі ғылым – қоғамның, жалпы халық мәдениетінің бір бөлігі, ұлт өркениеттілігінің сенімді көрсеткіші, қоғам құрылымындағы, әлеуметтік прогрестегі, сондай-ақ техника, технология және өндірісті ұйымдастырудағы барлық ілгерілеу үрдістерін сезетін халықтың көзі мен құлағы, ал оның деңгейі – ұлттың әлемдік қоғамдастыққа кірігу қабілеті, өркениетті халықтар қауымдастығына қосылу мүмкіндігі, ел ішінде дүние, табиғат пен болашаққа прогресшіл көзқарастардың қалыптасуының алғышарттары, сондай-ақ бұл үздік қолданбалы ғылыми-техникалық нәтижелер алудың негізі деген түбегейлі қағидаға сүйенді. Сонымен қатар, ол заман талабын жақсы түсіне отырып, ҚР ҰҒА-ның ғылыми құрылымдарын түбегейлі қайта құру шараларын жүзеге асырды.

ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 1994 жылдың 9 ақпанындағы №1556 «ҚР Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесі және ғалымдарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы» Жарлығына және ғылымды реформалау жөніндегі басқа да құжаттарға сәйкес академия құрылымдары мен академия мүшелерінің қызметін реттейтін жаңа нормативтік материалдар дайындалып, қабылданды, іргелі және іргелі қолданбалы зерттеулердің басым бағыттары белгіленді. Ғылыми құрылымдардың қызметі, мамандар әлеуеті және материалдық-техникалық база тексеріліп, аттестацияланды. Іргелі зерттеулердің технологиялық бағдары және ҒЗИ ғылыми зерттемелерін іс жүзінде қолдану бағыттары күшейтілді.

Күрделі ғылыми-техникалық мәселелерді мүдделі министрліктер мен ведомстволардың қатысуымен ҚР ҰҒА Президиумының бірлескен және кеңейтілген мәжілістерінде қарастыру тәжірибесі енгізілді.

Академия мен ғылыми бөлімшелердің жалпы жиналыстарында өздерінің қызметтері туралы жылдық есептерімен қатар, ҚР ҰҒА-ның басшылары мен жетекші мүшелерінің өзекті мәселеге қатысты баяндамалары жиі тыңдалатын болды. Ғылыми кадрлардың басқа салаларға кетуін азайту, олардың диссертациялар қорғауын ынталандыруға, ҚР ҰҒА, ҒЗИ және ғылыми қызметкерлердің мәртебесі туралы заңдар мен қаулы жобаларын дайындауға, ғылыми қызметкерлердің зияткерлік меншігі мен оларды әлеуметтік қорғауға байланысты салмақты шаралар қабылданды.

Осындай шараларға қарамастан республикамыздың әлеуметтік-экономикалық өміріндегі дағдарыстар іргелі ғылымның жай-күйіне мықты әсерін тигізді. Сол себепті 1994-1996 жылдары ҚР ҰҒА-да ғылыми-техникалық қызметкерлерге үш рет қысқарту жүргізіліп, зерттеулер ауқымы азайды. Кәсіпорындарда ғылыми нәтижелерге сұраныс көп төмендеп кетті. Бірақ, осы қысқарту жұмыстары жариялы түрде өткізіліп, институттардың соңғы 5-15 жылдар аралығындағы зерттелінген ғылыми тақырыптарын ұқыпты салыстырудың нәтижелерімен байланыстырылды. Бұл жол академияның ғылыми кадрлары мен материалдық-техникалық базасының негізін ыдыраудан сақтап қалуға көмектесті.

Сол жылдары белгілі қиындықтарға қарамастан ҰҒА құрамында ғылымды дамытудың үздік бағыттары бойынша жаңа төрт ҒЗИ ұйымдастырылды (Жалпы генетика және цитология институты, Әлеуметтану және саясаттану институты, Фитохимия институты және Аймақтық экономика институты). Олардың бірі (Фитохимия институты) бүгінгі күні шет елдерде сұранысқа ие нәтижелі дәрілік препараттар жасап, халықаралық аренаға шығып отыр.

ҚР ҰҒА-ның директорлық құрамы айтарлықтай жасарып, жаңаланды. Президент ҒЗИ-дың бюджетке иек артушылық қалпын өзгертіп, олардың басшыларын шет елдермен қарым-қатынас жасауға, түрлі ғылыми қорлардың конкурстарына қатысуға, коммерциялық істерге белсене араласуға бағыттады.

1994-1996 жылдары ҚР ҰҒА және оның Президиумы жалпы республикалық шараларды ұйымдастыру орталығына айналды. Бірақ, Кенжеғали Әбенұлының біраз ойларын жүзеге асырудың сәті түспеді. Оның іске асыруға мүмкіндігі жетпеген бағдарламаларының ішінде қазақ халқының рухани және тарихи мұралары мен оның түп-тамырын зерттеу, «Көрнекті адамдар өмірі» бойынша тарихта белгілі жазушы, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы ғылыми-публицистикалық серия шығару, ҚР ҰҒА ҒЗИ-дың халықаралық қарым-қатынастарын нығайту және зерттеу жобаларын шетел ғалымдарымен бірлесе орындау, ғылыми ұйымдар мен қолданбалы тақырыптардың біразын бюджеттен тыс қаржыландырумен зауыттық жағдайға көшіру, біртіндеп түрлі шетелдік гранттар мен келісімшарттар арқылы қаржыландырылатын ғылыми жұмыстардың санын көбейту сияқты жоспарлары болатын.

Басталған жұмыстарды дамытуға әрі жаңа бағытта жұмыс істеуге тек қаржы тапшылығы ғана емес, субъективті себептер мен әрекеттер де кері әсерін тигізді. ҚР ҰҒА айтыс-тартыстың нысанына айналды. Оны «кеңестік анахронизм», «конституциядан тыс әрі заңсыз мекеме» ретінде тарату туралы ұсыныстар етек алды.

Кенжеғали Сағадиев осының бәріне ҚР ҰҒА президенті ретінде де, ғалым ретінде де, жай азамат ретінде де бейқам қарай алмай, академиялық ғылымның ерекшеліктері мен мән-маңызы туралы өз пікірін республикалық ғылыми және мерзімдік баспасөз беттерінде жариялап отырды: «Ғылымсыз ғұмыр тұл» («Қазақ үні», наурыз, 1995 жыл), «Академия наук на перепутье» («Казахстанская правда», 24 қаңтар, 1996 жыл), «Нельзя растаскивать единый работающий организм, нельзя разбазаривать великое народное достояние» («Казахстанская правда», 24-25 қаңтар, 1996 жыл), т.б.

Әңгіме ҚР Ғылым академиясы – Ғылым министрлігі құрылуымен аяқталып, академик Кенжеғали Сағадиев бұрынғы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік және Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институттарының негізінде құрылған Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры болып тағайындалды.

Бұлар бірінен соң бірі 1929 және 1930 жылдары ашылған, бай тарихы бар, дәстүрлері қалыптасқан жоғары оқу орындары болатын. Менің екіншісінде оқып, өскенімді, жиырма бес жылдай онда жұмыс істеп, декандық қызметі кезінде ҚазАШҒА-сына ауысқанымды Кенжеғали Әбенұлы білетін. Сондықтан болар, бір ай шамасы өткен соң «университетке кел, проректорлықтың біреуін таңда» деп тағы шақырды. Өзім жақсы білетін жерге қуана ауысып, 1996 жылдың көкек айында жаңа университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректорының қызметіне кірісіп, Кенжекеңнің қарамағында тағы бес жылдай бірге қызмет істедім. Бұл жолы ол кісінің жұмысын бұрынғыдан да жақынырақ жерден көріп-білуге мүмкіндік алдым.

Кенжеғали Әбенұлы бұл күрделі қызметін де ерекше байыппен, өзіне ғана тән шеберлікпен бастап жіберді. Қысқа мерзім ішінде бұрынғы факультеттердің негізінде ірі оқу-ғылыми өндіріс кешендері ұйымдастырылып, сапалы мамандарды даярлау жолға қойылды. Олардың әлемдік ақпарат кеңістігіне шығуын қамтамасыз ету мақсатында республикада алғаш рет компьютерлік және тіл үйрету орталықтары, сондай-ақ гуманитарлық білім беру орталығы құрылды. Мамандықтар тізімі қайта қаралып, жаңартылды. Олардың жалпы санының үштен бірі қысқарып, елімізде тапшы, жаңа бағыттағы биотехнология, агробиология, халықаралық аграрлық-экономикалық байланыс, аграрлық құқық, кедендік іс сияқты мамандық иелерін даярлау қолға алынды. Маңызды оқу объектілері күрделі жөндеуден өткізіліп, материалдық база едәуір жөнге келтірілді.

Кенжеғали Әбенұлы қызметінің алғашқы күнінен бастап оқытушылардың біліктілігіне, студенттердің сапалы білім алуына қатаң талап қойды. Мамандарды оқыту мен даярлауды тексерудің рейтинг-тестік жүйесін енгізіп, шет тілдерін үйретуді, компьютерлік сауаттылықты күшейтуді, оқытушылардың жаңа аграрлық-экономикалық саясат бойынша білімін жетілдіруді ұйымдастырды.

Университет ұжымы алдына ғылым және оқыту үрдісін үндестіру және зерттеу қорытындыларын жаңа әлемдік деңгейге шығару мәселесін қоя білді. Университеттің оқытушы-ғалымдарының ғылыми қызметі оның еңбегін бағалаудағы негізгі белгі болып анықталды.

Жаңа оқу орны әлемнің белді жоғары оқу орындарымен, шетелдік қорлармен, басқа интеллектуалдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас жасай бастады.

Қорыта айтқанда, университет оқыту мен ғылыми зерттеулер және басқа да негізгі бағыттары бойынша түпкілікті өзгерістерге ұшырады. Оның ұжымы, өз басшысының сөзімен айтқанда, «Жаңа, қазіргі заман талабына сай жоғары ауыл шаруашылық білім берудің философиясын жобалап, қазақстандық қоғамның жаңару үрдісінің белсенді құрылысшыларын, өз елінің тарихы мен мәдениетін, оның рухани негізін құрметтейтін ҚР азаматын, жалпы әлемдік адамгершілік бағамдарын ұстанушы болашақ ауыл зиялысын тәрбиелеуге бетбұрыс жасады». Ал академик Кенжеғали Сағадиев осы екі жоғары мектептің оқу үрдісін жаңа арнаға салып, оның профессорлары мен оқытушылары қауымын ешқандай айғай-шусыз тұтас салиқалы құрылымға айналдыра білді.

Осындай өзгерістердің нәтижесінде Қазмемагроуниверситетінің абыройы аспандап, 2001 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның бірқатар жоғарғы оқу орындары қатарында ұлттық мәртебеге ие болды.

Қазақстан ғылымы мен жоғарғы мектебі тарихында бір адамның қатарынан республиканың 5 жоғары оқу орнын және ҚР Ұлттық Ғылым академиясын басқаруы, сондай-ақ ҚР жоғары заң шығарушы органдарына 2 рет сайлануы сирек құбылыс. Мұның бәрі Кенжеғали Сағадиевтің ғылыми-интеллектуалдық деңгейі мен жоғары біліктілігінің белгісі. Ол мұндай кемелдікке тынбай еңбек етуі, жүйелі ізденісі мен сирек табиғи талантының арқасында жетті.

Кенжеғали Әбенұлы жауапкершілігі мол жоғарғы қызметте жүрсе де, 14 ғылым докторын және 39 ғылым кандидатын дайындап, 240-тан астам ғылыми еңбек, олардың ішінде 32 монография, кітаптар мен кітапшалар жазуға уақыт тапты.

Кенжекеңді білетініме көп жылдар өтсе де, ол кісіні неге ертерек танып, араласа алмағанмын деген ой мені жиі мазалайды. Өйткені, Кенжеғали Әбенұлымен әр кездесу, әңгімелесу ағамыздың жаңа қырын тани түсіп, ғибрат алуға жәрдем береді. Тағы көрсем деп келесі кездесуді сағынып жүресің.

Кенжеғали Сағадиев кейінгі жастар түгіл, біздің қатарымызға да үлгі боларлық тағылымы мол азамат, биік тұлға, ғұлама ғалым, сөйлесе шешен, бастаса көсемдігі де кем емес шебер ұйымдастырушы. Бұл жай мерейтойда ғана айтыла салатын жел сөз емес. Мен Кенжекеңнің осы ерекшеліктерін, жоғарыда көрсеткендей, жақыннан байқаған, көрген адаммын.

Кенжеғали Әбенұлы қызметте өзін де, өзгені де босаңсытпайтын, қатаң талап қоятын. Кімнің қандай іске икемі барын тез танып, адамдарды өз қабілетіне байланысты орналастыратын. Жүздеген, тіпті мыңдаған адамдарды бір мақсатты орындауға жұмылдыру оның үйреншікті қасиеті еді.

Кенжекеңнің жүректілігі мен шешендігі де ерекше. Қандай да үлкен аудиторияларға тайсалмай кіретін. Мүдірмей сөйлейтін. Бір сөзге қайта соқпайтын. Сөйлеген сайын тыңдаушыны өзіне тарта түсетін. Оның қатынасуымен өткен күнделікті отырыстар, шағын конференцияларға, ал ғылыми семинарлар үлкен форумдарға айналып кете баратын.

Кенжеғали Әбенұлы жазуға да шебер болатын. Маржандай ұсақ сөз тізбектерінің талай беттері бір түзетусіз компьютерлерге беріліп жатқанын талай көрдік.

Әдебиетші болмаса да, қазақ халқының біртуар азаматтары Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұханбетов, Қаныш Сәтбаев, Шахмардан Есенов, Евней Бөкетов, Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазиннің көркем портреттерін асыл сөзбен жаза білді. Ол Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатов сынды рухани күш иелерін өмірге әкелген қасиетті кең-байтақ қазақ даласының ұрпағы екенін ешқашан ұмытқан емес. Мұндайды даралық мінез деу орынды.

Кенжекең де, Нағытай жеңгеміз де достық пен сыйластықты жоғары бағалады, зиялы қауым мен ғалымдардың көптеген өкілдерімен жарасымды қарым-қатынас жасады.

Менің байқауымша, үй шаруасын, күнделікті ұсақ-түйек тұрмыстық немесе денсаулыққа байланысты мәселелерді сөз қылу Кенжеғали Әбенұлына жат қылық болды.

Осының бәрі академик Кенжеғали Сағадиевтің сирек эрудициялы интеллект иесі, ерекше шыңдалудан өткен зияткер ғалым, халқымыздың кадрлар қорының саф алтындай көрнекті мүшесі, даланың дара дарынды тұлғасы болғандығының дәлелі.

Сәбит БАЙЗАҚҰЛЫ, ҚР ҰҒА академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here