Алаштың Айдарханы немесе еленбей жүрген бір есім

0
13
Дисклеймер: Бұл сурет жасанды интеллект көмегімен өңделген. Өңдеген: Айнұр Қайратбекқызы

Айдархан Тұрлыбаев – ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының шоқтығы биік өкілі, Алашорда үкіметінің мүшесі, заң ғылымын терең меңгерген қайраткер. Ол бүкіл өмірін өз халқының азаттығына, құқықтық тендігіне және ұлттық мемлекеттілігін құруға арнады.

ҚАЗАҚТЫҢ ПЛЕВАКОСЫ

Айдархан Тұрлыбаев 1877 жылы Ақмола облысына қарасты Көкшетау уезінің Мезгіл болысында дүниеге келген. Арғын руынан шыққан, көп балалы отбасында тәрбиеленген. Әкесі Тұрлыбай көзі ашық, сауатты, балаларының болашағын ойлаған көреген адам болған. Оқуға қабілетті бар Айдарханды ауылда арнайы сауатын аштырып, кейін Көкшетау қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебінен оқытады. Одан ары білімге құштар болған Айдархан Омбы қаласындағы гимназияға 1889 жылы түсіп, оны үздік бітіреді.

1897 жылы Омбы гимназиясын бітіріп, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Осы оқу орындарында Райымжан Мәрсековте онымен бір мезгілде бірге оқып, бірге бітірген. Р.Мәрсеков кейін белгілі қайраткер болғаны мәлім. А.Тұрлыбаев университетте «Қырғыздардың неке құқығы» тақырыбындағы дипломдық жұмысын жоғары деңгейде қорғап шығады. Ол университетте оқып жүрген кезінде көп қосымша сабақтарға қатысатын, өте ізденімпаз болды. Бірнеше шет тілдерін жақсы білген, латынша, грекше, французша өлең де айтатын.

1902-1917 жылдары университетті бітіріп, Омбы қаласында заң орындарында адвокаттық қызметте «присяжный проверенный» болады. 1903 жылы Палатаның Азаматтық істер департаменті хатшысының көмекшісі, 1905 жылы Тобыл округі соты Есіл уезі 6-шы учаскесінің бітістіруші судьясы, 1910 жылы Есіл уезінің аға сот тергеушісі болып, 1912 жылы сол кездегі Сарай кеңесшісі деген жоғары лауазымға көтерілген. Замандастарының айтуы бойынша сол кездегі зиялылар ортасы оны «Қазақтың Плевакосы» деп атаған, себебі ол ерекше сөз шебері еді. Сондықтан да, оны басқалар шешен адвокат деп бағлаған. Айдархан Тұрлыбаев заң ғылымын жетік меңгерген, іскер адам болған.

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ КЕЗЕҢІНДЕГІ АЙДАРХАН ТҰРЛЫБАЕВТЫҢ  ҚЫЗМЕТІ

Адвокаттық қызметпен қатар А.Тұрлыбаев саяси өмірге де белсене араласты. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң ол елдегі саяси үдерістерге бел шеше кіріседі. Патша өкіметі құлаған соң қазақ даласының аумағында жер- жерде ұлттық қозғалыс белең алып, ұлттық мәселелер саяси сахнаға көтеріле бастады. 1917 жылы Омбы қаласында өткен Ақмола облыстық қазақ съезі қозғалыстың маңызды кезеңі болды. А.Тұрлыбаевтың жетекшілігімен Ақмола облыстық қазақ съезі өткізілді. Бұл съезде көптеген мәселелер талқыланды: өлкедегі бұрынғы жергілікті билік тармағын таратып, земство енгізу, ана тілінде білім беру, мұғалімдер дайындау, халықтың діни мұқтаждарын орындау мәселелері көтерілді. Әсіресе, жер мәселесі арнайы қаралды. Отарлау саясатынан бұрын тартып алынған жерлерді жер иелеріне қайтарып беру мәселесі де көтерілді. Бұл съезге әр уезден келген 150 делегат А.Тұрлыбаевты Ақмола облысы қазақ комитетінің төрағасы етіп сайлайды.

Айдархан Тұрлыбаев Алаш партиясы құрылатын I жалпықазақ съезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын II жалпықазақ съезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына белсене қатысқан. Ол I съезде Ақмола облысынан Бүкілресейлік құрылтайында және Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне депутат болып сайланады. Алаш партиясының Ақмола облыстық комитетін құруға да белсене атсалысты. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы сияқты Алаш қайраткерлерінің ұйымдастыруымен 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында өткен II жалпықазақ съезінде Уақытша ұлттық кеңес – Алашорданың құрамына Қазақстанның барлық аймағынан 15 адам сайланды, бұл тізімде Айдархан Тұрлыбаев та (Ақмола облысы атынан) бар еді.

Большевиктер мен Алашорда ашық күрескен жылдары қайраткер Х.Ғаббасов, Б.Мәмбетұлы, М.Тынышпаев сынды азаматтармен бірлесіп Семейде Алаш әскерінің бір ұлттық полкін жасақтауға жәрдемдеседі. 1919 жылы ақпан айында Омбы қаласында Колчак үкіметі Iшкі істер министрінің орынбасары П.Ф.Коропачинскийдің төрағалық етуімен алдын ала талданған «Қазақ халқының әкімшілік-шаруашылық құрылымы туралы мәселе» бойынша жиналысқа Алашорда төрағасы Ә.Бөкейхан, мүшелері У.Танашев пен А.Тұрлыбаев қатысып, сындарлы ой айтады.

Азамат соғысы аяқталған соң, 1920 жылы БОАК (ВЦИК) және РСФСР ХКК «Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Социалистік Советтік Республикасын құру туралы» декрет қабылдайды. Омбы облысының аумағында сол кезде ҚазАССР өкілдігі құрылады. 1923 жылға дейін қызмет еткен бұл өкілдікті А.Тұрлыбаев басқарған еді.

Үкіметтік қызметінен сырт ол Омбыда оқитын студенттердің оқуына қаражат, оқу құралдарын бөлумен де айналысты. 1922 жылы А.Тұрлыбаев ҚазАССР БОАК-ке студенттерге 500 пұт ұн және 200 пұт ет бөлу туралы батыл ұсыныс жасады. 1921 жылы Қазақстан аумағында аштық басталғанда, ҚазАССР-нің Омбыдағы өкілеттігі РСФСР Омбы уезінің қазақтарына азық-түлікпен көмек көрсету туралы үндеу жариялайды. Бұл көмек те аздаған уақыт ішінде жүзеге асырылады.

АТЫЛЫП КЕТКЕН АЛАШ ЗАҢГЕРІ

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басына дейін А.Тұрлыбаев облыстық тұтынушылар одағында заңгер-консультант болып жұмыс істеді. 1931 жылға дейін Омбы қаласында, одан соң 1934 жылдың қазанына дейін Возвышенка бидай совхозында, 1934 жылдан 1935 жылдың сәуіріне дейін Ақмола қаласындағы Қазақжелезнодорожстрой басқармасында қызмет етеді. Кеңес өкіметі тұсында А.Тұрлыбаев Омбы қаласының түрлі заң орындарында адвокат, кеңесші, сот жүргізуші болып қызмет атқарды.

1934 жылы Омбы қаласында тұтқындалып, абақтыға жабылып, мұнда 6 ай азап шегеді. А.Тұрлыбаев 1937 жылы 14 маусымда қайта ұсталып, «ұлтшыл», «ұлттық буржуазия өкілдерінің сойылын соғушы» ретінде айыпталып, ату жазасына кесілді. Тек 1957 жылы ғана оның есімі ресми түрде толық ақталды.

Айдархан Тұрлыбаев өз заманының озық ойлы, білімді, батыл тұлғаларының бірі болған, сонымен қатар, ол Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері ретінде де белгілі. Оның бүкіл өмірі өз халқына риясыз қызмет етудің үлгісі болды.

Алаш заңгері Айдархан Тұрлыбаев жарық ғұмырында Омбы жерінде көбірек қызмет атқарғандығынан, бүгінгі таңда Қазақстанның ғылыми ортасында қайраткердің өмір жолы мен үлесі толыққанды, жүйелі зерттеле қойған жоқ. Еліміздің тәуелсіздігі үшін ұлт көшбасшыларымен бірге етене қызмет атқарған Алаш зиялысының қоғамдық тарихи орны тереңірек зерделенуі керек.

Шара БОЗДАҚОВА,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚҚ
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here