Бейімбет Майлинді неге ұмыттық?

0
7656

Қазақтың үш бәйтерегі атанған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды аяулы азаматтарымыз бір жылы туып, бір жылы өмірден өтті (1894-1938). Қатар туған жұлдыздар шын мәнінде ұлт руханиятының асқарына айналды. Биыл осы үш бәйтеректің туғанына 125 жыл толып отыр. Осы орайда көкейде жүрген бір ойды айтуға тура келеді.

Сәкен Сейфуллиннің атында Астананың қақ төрінде Қазақ агротехникалық университеті және ақынның мемориалдық мұражайы болса, ал Ілекеңнің (Жансүгіров) атында Талдықорғанның жүрегінде Жетісу мемлекеттік университеті және қаланың қақ ортасында ақынның әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Оның сыртында туған жұртындағы ауылдық округ Ілияс Жансүгіров есімімен аталады. Бұған Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасын, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрын, Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайын (Талдықорған) қосыңыз. Міне, ұлттық мүдде жолында өз жандарын құрбан еткен Алаш ардақтылары осылай әспеттелуі керек. Бірақ, үш бәйтеректің бірі, қазақтың дәл өзіндей қарапайым баласы Бейімбет Майлиннің атында не университет, не мұражай, не кітапхана, не театр жоқ. Ұят!

Өткен жылы ғана сең қозғалып, Таранның аты тұғырдан түсіп, оның орнына Би-ағаң жайғасатыны белгілі болды. Жалпы, Қостанай облысындағы Таран ауданына Бейімбет Майлиннің есімі лайық екені осыдан 15 жылдай бұрын көтеріліп, зиялы қауым арасында жиі айтылды. Алайда, тәуелсіздігімізді алғанымызға ширек ғасырдан асса да, осы істің бір оңтайы түспей жүр еді. Қазақ әдебиетінде өзінің көшелі орны бар Бейімбет Майлин енді ғана туған жерінде аудан атын иеленетін болыпты.

Жә, мехнатты тағдырына осындай құрмет жазылса, оған кімді кінәларсың?! Ғабең, аяулы Ғабит Мүсіреповтей намысшыл інісі тірі болғанда, Би-ағаңның даңқы тұтас Қазақстанда жаңғырып тұрар еді! Оған еш күмәніміз жоқ!

Қайран Би-ағаңды ғұмырының соңына дейін аялап, қастерлеп, шығармашылығы мен әдеби мұрасын түгендеп, насихаттап өткен шын ғалым, шын зерттеуші марқұм Тоқтар аға Бейісқұлов та ортамызда жоқ. 70-тен асқан шағында Би-ағаңның шығармашылық мұрасынан кандидаттық диссертация қорғап, қайраткерді танытқан осы кісі еді. Десек те, Бейімбеттей классик жазушы екі күннің бірінде туар болса, бүгінгі әңгіме басқаша болар еді ғой!..

Бейімбет Майлин – қазақ әдебиетінің дара жүйрігі, қайталанбас қаламгері! Қазақ десең, Бейімбет! Бейімбет десең, қазақ есіңе түседі емес пе?! Демек, Қостанай облысының басшылығы сөз жүйрігінің 125 жылдық мерейтойы аясында ақынның туған өлкесінде әдеби-мемориалдық мұражайын жасақтап, оны Қостанайдың қақ ортасынан ашса, жарасымды болар еді. Сосын Л.Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына осы топырақтың даңқты тумасы Бейімбет Майлиннің есімін беру күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселеге айналуы керек-ақ!

Үш бәйтеректі бір-бірінен аласартпай, Би-ағаңды жетімсіретпей және алаламай дұрыс бағалап, құрметпен қастерлейік, ағайын!

Елдос ТОҚТАРБАЙ,«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here