Ана денсаулығы – ұлт саулығының кепілі

0
278

Жер бетіне жаңа өмірдің алғашқы үні тарайтын, ананың жүрегі қуаныш пен толқынысқа қатар бөленетін ерекше мекен перзентхана. Сол бір алғашқы нәресте үні естілетін қасиетті шаңырақта қуаныш пен жауапкершілік, үміт пен мейірім астасып жатады. Бір отбасының бақытына айналған сол сәттің қауіпсіз әрі сәтті өтуі дәрігерлердің біліміне, тәжірибесіне және адам өміріне деген адалдығына тікелей байланысты. Сондықтан перзентхана мыңдаған отбасының ең қымбат естелігі басталатын өмір мектебі. Алматы қалалық №5 перзентханасы  ана мен бала денсаулығын қорғау саласында өзіндік орны қалыптасқан, кәсіби тәжірибесі мен заманауи медициналық мүмкіндіктерді ұштастыра білген жетекші медициналық ұйымдардың бірі. Мұнда әрбір анаға қауіпсіз босану жағдайын жасау, нәрестенің өмірінің алғашқы сәтінен бастап сапалы медициналық көмек көрсету, халықаралық стандарттарға сай инновациялық технологияларды енгізу және пациентке жанашырлықпен қарау күнделікті жұмыстың басты қағидасына айналған.

Ана денсаулығын сақтау – ұлт денсаулығын сақтаудың негізі. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар, заманауи босандыру әдістері, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктері, жас аналарды қолдау тетіктері және перзентхананың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы Алматы қалалық №5 перзентханасының директоры Жарқынбеков Берік Құзарұлымен кеңінен әңгімелестік.

МӘМС: аналарға қандай мүмкіндіктер береді?

– Берік Құзарұлы, Алматы қалалық №5 перзентханада биыл 3329 сәби дүниеге келді. Бұл көрсеткіш нені аңғартады және жүкті әйелдер МӘМС аясында қандай қызметтерді тегін ала алады?

Биыл біздің перзентханада 3329 сәбидің өмірге келуі жай ғана статистикалық көрсеткіш емес. Мыңдаған отбасының қуанышы, аналардың бізге артқан сенімі және ұжымымыздың тәулік бойы атқарып келе жатқан қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әрбір дүниеге келген нәрестенің алғашқы тынысы, әрбір ананың аман-есен құшағына сәбиін басуы біз үшін ең үлкен жетістік. Алматы қалалық №5 перзентханасы ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында заманауи медициналық технологияларды қолдана отырып, қауіпсіз әрі сапалы медициналық көмек көрсетуді басты міндет санайды. Біз үшін әрбір жүкті әйелдің жүктілік кезеңінен бастап босанғаннан кейінгі қалпына келуіне дейінгі барлық кезеңде сапалы медициналық қызмет алуы өте маңызды.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, жүкті әйелдерге Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында босандыру қызметі, медициналық көрсетілім бойынша кесар тілігі, шұғыл акушерлік көмек, босанғаннан кейінгі бақылау мен емдеу, сондай-ақ жаңа туған нәрестеге қажетті медициналық көмек толық көлемде тегін көрсетіледі. Қажеттілік туындаған жағдайда ана мен нәрестеге жоғары мамандандырылған медициналық көмек те қолжетімді. Біздің басты ұстанымымыз әрбір ана өзін қауіпсіз сезініп, сәбиін аман-есен дүниеге әкелуі үшін барлық жағдайды жасау. Өйткені ана мен баланың саулығы  дені сау ұлттың, жарқын болашақтың берік негізі.

Қауіпсіз босандыру – басты басымдық

– Перзентханада вертикалды босану әдісі енгізілді. Бұл әдістің дәстүрлі босанудан қандай артықшылықтары бар және оны кімдер таңдай алады?

– Соңғы жылдары акушерия саласында ана мен балаға қолайлы, қауіпсіз әрі дәлелді медицинаға негізделген босандыру тәсілдеріне басымдық берілуде. Солардың бірі біздің перзентханада енгізілген вертикалды босану әдісі. Бұл тәсілдің басты ерекшелігі әйелдің босану барысында өзіне ең қолайлы қалыпты еркін таңдай алуында. Яғни, жүкті әйел тұрып, отырып немесе арнайы тіректердің көмегімен босана алады. Мұндай қалып табиғи босану процесінің физиологиялық ерекшеліктеріне сай келіп, толғақтың тиімді өтуіне ықпал етеді.

Тәжірибе көрсеткендей, вертикалды босану кезінде ауырсыну сезімі салыстырмалы түрде жеңіл өтеді, босану кезеңі қысқарып, ана босану процесіне белсенді қатысады. Сонымен қатар жердің тартылыс күші нәрестенің босану жолымен табиғи қозғалуына көмектесіп, кейбір жағдайларда медициналық араласу қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді. Ең бастысы  әйел өзін еркін әрі сенімді сезінеді.

Дегенмен, бұл әдіс барлық жүкті әйелге бірдей ұсыныла бермейді. Вертикалды босануға рұқсат ана мен нәрестенің жалпы жағдайы, жүктіліктің өту ерекшеліктері және медициналық көрсетілімдер жан-жақты бағаланғаннан кейін ғана беріледі. Босандыру тәсілі әрбір әйел үшін жеке анықталады және оны акушер-гинеколог дәрігер қабылдайды.Біз үшін ең маңыздысы қандай әдіс таңдалса да, ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, босану процесінің барынша жайлы әрі сәтті өтуіне барлық жағдай жасау.

– Жүктілік кезінде қан қысымының көтерілуі ана мен бала үшін қаншалықты қауіпті? Болашақ аналар қандай белгілерге ерекше мән беріп, шұғыл түрде дәрігерге қаралуы керек?

– Жүктілік кезеңі әйел ағзасында үлкен физиологиялық өзгерістер жүретін ерекше уақыт. Осы кезеңде артериялық қан қысымының жоғарылауы қалыпты жағдай ретінде қабылданбауы тиіс. Кей жағдайда бұл ана мен нәрестенің өміріне қауіп төндіретін преэклампсия сияқты ауыр асқынудың алғашқы белгісі болуы мүмкін.Преэклампсия кезінде ананың қан тамырлары мен өмірлік маңызды ағзаларының қызметі бұзылып, ұрыққа баратын қан айналымы төмендейді. Соның салдарынан нәрестенің жатырішілік дамуы тежелуі, мерзімінен бұрын босану немесе басқа да күрделі асқынулардың қаупі артады. Сондықтан жүктілік кезіндегі әрбір өзгеріске бейжай қарауға болмайды.

Болашақ аналар артериялық қан қысымының көтерілуі, қатты бас ауруы, көз алдында жарқылдардың пайда болуы немесе көрудің бұлдырлауы, бет, қол мен аяқтың кенеттен ісінуі, іштің жоғарғы бөлігіндегі ауырсыну, сондай-ақ нәресте қимылының сиреуі сияқты белгілерге ерекше мән беруі қажет. Бұл ағзаның уақытылы медициналық көмекті қажет ететін маңызды дабыл белгілері. Осындай белгілердің бірі байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдауға немесе уақыт өткізуді күтуге болмайды. Дереу акушер-гинекологқа немесе жақын маңдағы медициналық ұйымға жүгінген дұрыс. Себебі дер кезінде қойылған диагноз бен уақтылы көрсетілген медициналық көмек ана мен баланың денсаулығын сақтап қана қоймай, олардың өміріне төнетін қауіпті де айтарлықтай азайтады. Біздің басты мақсатымыз жүктіліктің әр кезеңін қауіпсіз өткізіп, әрбір ананың сәбиін аман-есен дүниеге әкелуіне кәсіби әрі сапалы медициналық қолдау көрсету.

Жазғы кезеңде жүкті әйелдер нені ескеруі керек?

– Тамыз айында Дүниежүзілік омыраумен емізу апталығы атап өтіледі. Ана сүтінің нәресте денсаулығына пайдасы қандай және перзентханада жас аналарға қандай қолдау көрсетіледі?

Ана сүті табиғаттың нәрестеге берген ең құнды сыйы. Оның құрамындағы барлық қоректік заттар сәби ағзасының қажеттілігіне толық сәйкес келеді. Ана сүті баланың иммундық жүйесін нығайтып, жұқпалы аурулардан қорғайды, ас қорыту жүйесінің дұрыс қалыптасуына ықпал етеді және оның дене әрі ақыл-ой дамуына оң әсерін тигізеді. Ана мен сәби арасындағы ерекше эмоционалдық байланысты қалыптастырып, баланың өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне мүмкіндік береді.

Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ нәрестені өмірінің алғашқы алты айында тек ана сүтімен қоректендіруді ұсынады.Бала денсаулығын нығайтудың ең тиімді әрі табиғи жолы.Алматы қалалық №5 перзентханасында біз осы халықаралық ұсынымдарды толық ұстанамыз. Нәресте дүниеге келген алғашқы сағатта-ақ анасымен теріге-тері жанасуын қамтамасыз етіп, емшекке ерте салу тәжірибесін жүйелі түрде қолданамыз. Бұл ана сүтінің уақытылы бөлінуіне, лактацияның қалыптасуына және ана мен сәби арасындағы алғашқы байланыстың нығаюына ерекше ықпал етеді.

Сонымен қатар жас аналар босанғаннан кейін дәрігерлерден, акушерлерден және емізу жөніндегі кеңесшілерден жан-жақты қолдау алады. Оларға нәрестені дұрыс емізу техникасы, қолайлы қалыптарды таңдау, лактацияны сақтау жолдары және емізу кезінде туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу жөнінде тәжірибелік кеңестер беріледі.

Біздің ұстанымымыз әрбір ананың емізуге деген сенімін арттырып, сәбиінің өмірінің алғашқы күндерінен бастап дені сау болып өсуіне қолайлы жағдай жасау. Өйткені ана сүті тек нәр ғана емес, ол баланың өмір бойғы денсаулығына қаланатын берік іргетас.

Жаз мезгілінде жүкті әйелдердің денсаулығына қандай қауіптер жиі кездеседі? Асқынудың алдын алу үшін мамандар қандай қарапайым, бірақ маңызды кеңестер береді?

– Жүктілік әйел өміріндегі ең жауапты әрі ерекше кезең. Ал жаздың аптап ыстығы ағзаға қосымша салмақ түсіретіндіктен, болашақ аналар өз денсаулығына бұрынғыдан да мұқият қарауы қажет. Ауа температурасының жоғары болуы сусыздануға, аяқ-қолдың ісінуіне, артериялық қан қысымының ауытқуына, жалпы әлсіздікке және тез шаршауға себеп болуы мүмкін. Мұндай өзгерістердің барлығы ана мен құрсақтағы сәбидің жағдайына әсер етуі ықтимал.

Сондықтан қарапайым көрінгенімен, күнделікті сақталатын ережелердің маңызы зор. Ең алдымен ағзаның сұйықтыққа деген қажеттілігін қамтамасыз етіп, жеткілікті мөлшерде су ішу қажет. Күннің ең ыстық мезгілінде ұзақ уақыт далада жүрмеуге, табиғи матадан тігілген жеңіл әрі кең киім киюге, дұрыс әрі теңгерімді тамақтануға және дәрігер белгілеген жоспарлы қабылдауларды үзбей өтуге ерекше көңіл бөлген жөн. Болашақ аналар өз ағзасындағы кез келген өзгеріске бейжай қарамауы керек. Егер қатты бас ауруы, қан қысымының жоғарылауы, көрудің бұлдырлауы, аяқ-қол мен беттің айқын ісінуі немесе нәресте қимылының сиреуі байқалса, уақыт жоғалтпай дәрігерге немесе жақын маңдағы медициналық ұйымға жүгінген дұрыс. Мұндай белгілер кейде шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайлардың алғашқы көрінісі болуы мүмкін. Біздің барлық жұмысымыздың өзегі ана мен баланың амандығы. Сондықтан әрбір жүкті әйелге денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігердің ұсынымдарын бұлжытпай орындауға кеңес береміз. Себебі дені сау ана  дені сау ұрпақтың кепілі, ал сәби денсаулығына жасалған қамқорлық оның дүниеге келуінен бұрын басталады.

– Әңгімеміздің соңында өзіңізге жеке сауал қойғым келеді. Перзентхана басшысы ретінде мыңдаған сәбидің өмірге келген сәтіне, аналардың қуанышына куә болып келесіз. Осындай жауапкершілігі зор қызметте сізге күш-қуат беретін, алға жетелейтін басты құндылық не?

– Дәрігер үшін ең үлкен марапат ананың амандығы мен сәбидің алғашқы жылаған үнін есту. Сол сәтте біздің бірнеше сағаттық, кейде бірнеше күндік еңбегіміздің нәтижесі көрінеді. Әрбір дүниеге келген сәби бір отбасының ғана емес, елдің болашағы. Сондықтан біз әрбір ананы өз жақынымыздай қабылдап, қауіпсіздігі мен денсаулығын бірінші орынға қоямыз. Басшы ретінде де, дәрігер ретінде де ұжымыма әрдайым бір нәрсені айтып жүремін: медицина адам өміріне деген адалдық пен жауапкершілік. Егер пациент перзентханадан сәбиін құшағына алып, жүзінен қуаныш кетпей шықса, біз үшін одан асқан бақыт та, марапат та жоқ. Ақ халаттың қадірі де, салмағы да осында деп ойлаймын. Бізге артылған сенімді ақтау ең үлкен жауапкершілік әрі ең үлкен бақыт.

Берік Құзарұлы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіремін.

Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here