Берік Сұлтанғалиев: «Қазақтың қолдауы маған ауадай қажет»

0
2570

Жергілікті спорт сүйер қауымның көз алдында қарсыласынан қаймықпайтын, шаршы алаңда өзін еркін ұстайтын болашағы зор спортшы ретінде бейнесі қалып қойған Ресейдегі қандасымыз Берік Сұлтанғалиев туралы «Qazaq» газетінде 2015 жылы жазғанбыз (Қараңыз: «Байрақты бәсекелерге Қазақстанның атынан шыққым келеді», №33 (757), 14.08.2015). Бүгін қандасымызды тағы да әңгімеге тарттық.

– Берік, сұхбатымызды туған жеріңіз, өскен ортаңыздан бастайықшы…

– Әрине! Алдымен қандас бауырларыма, ынтымағы мызғымас қазақ халқына ыстық сәлем жолдағым келеді. Мен 1996 жылы 23 қаңтарда Ресей Федерациясының Волгоград облысына қарасты Среднеахтубинск ауданындағы Звезда ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген қазақпын. Атым да, болмысым да – қазақ. Қазақ болғаныма мақтанамын. Сондағы орта мектептің 9 сыныбын аяқтаған соң Волжский қаласындағы Политехникалық техникумға оқуға түстім.

– Спорттың бірнеше түрімен айналысады екенсіз…

– Иә. Спорт – ұшы-қиыры жоқ үлкен әлем секілді. Бір белес бағынса, келесісі күтіп тұрады. Спортты бастаған соң түр-түрімен айналысқың келеді, қызығушылығың арта түседі. Ушу-саньдадан өзге ережесіз жекпе-жек, кикбоксинг, бокс, самбо, панкратион атты спорт түрлерімен де айналысамын. Спортты тереңірек білмейтін жандарға бұл атаулар қызық естілуі заңды дүние. Алғашқы әрі салмақты жетістігім – ережесіз жекпе-жектен Ресей Федерациясының біріншілігінде күміс жүлдегері атанғаным. Кикбоксинг, бокс, самбо, панкратионнан Волгоград облысының чемпионымын. Мұның бәрі еңбек пен табандылықтың нәтижесі деуге болады. Кәсіби шаршы алаңға 2014 жылы Саранск қаласында Сергей Жаткин ұйымдастырған турнирде қадам бастым. Сол кәсіпқой алғашқы жекпе-жекте Иван Тапинды жеңгенім есімде.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

– Алдағы жоспарларым өте көп. Алдымен, елімнің атынан әлемдік жарыстарға қатысып, қазақ спортына үлесімді қосқым келеді. Сонымен қоса, қазақстандық спорт жанкүйерлерінің алдында бағымды сынап көруге де аңсарым ауып жүр. Өйткені, өз ұлтымның қошеметі мен махаббаты ерекше екенін сеземін. Қазақ халқы – ешбір қиындыққа мойымаған, армандарына табандылықпен ұмтылған, болашағына бағдар жасай білетін көреген халық. Қазақтың қайсарлығы мен батылдығы ешкімде жоқ деуге болады. Елімнің қошеметі мен қолдауы маған ауадай қажет. Алдағы уақытта Қазақстанға барып, Отаныма үлес қосу да жоспарымда бар.

– Ол үшін арнайы шақыру керек пе?

– Иә, ұйымдастырушылардың тарапынан арнайы шақыру болуы тиіс. Қазіргі кезеңде сол шақыруды күтудемін. Қазақстанда болашақта өтетін турнирге дайындығым жақсы. Қалай болғанда да, асқақ рухты елдің ұрпағымын ғой. Бойымдағы сенім мен күш-жігердің сарқылмауы нағыз қазақ екенімнің тағы бір дәлелі емес пе?!

– Әрине! Ал, биылғы жыл жадыңызда жағымды естеліктер қалдырған болар?

– Солай деп толықтай айтуға болады. Себебі, биылғы жылы еңбегім еленіп, құрмет қоржыным толықты. Айталық, Бүкілресейлік турнирдің екі мәрте жеңімпазы атандым. 18 жасымнан бері осындай елеулі жүлделерге ие болдым. Қазір 22 жастамын. Бір қарағанда әлі жас секілдімін. Алайда, менің жасымда әлемге әйгілі болған қазақтың біртуар азаматтары бар ғой. Мені осындай ойлар жиі мазалайды. Тарих беттерінде қайсар қазақ, намыс пен арды бірінші орынға қоятын азамат ретінде қалсам деп армандаймын.

– Өзіңіз тұратын аймақта қазақтар бар ма? Қазақ тілінің жай-күйі қалай?

– Иә, мұнда қазақтар жеткілікті. Дегенмен, көпшілігі қазақ тілінде сөйлемейді. Балалық шағым орыстар көп қоныстанған ауылда өткендіктен менің де қазақшам ақсап тұр. Алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысамын. Қазақ тілі – ана тілім болғандықтан, менің танымымдағы басты құндылықтардың бірі.

– Көптеген спортшылар бастапқыда спортқа хобби ретінде қарағандарын айтады. Сізде де солай ма?

– Шынымды айтсам, бұрын біз ауылда тұрғандықтан спортпен мүлде айналысқан емеспін. Кейін 18 жасымда қалаға көшіп келген соң спорттың кез келген түрімен хобби ретінде шұғылдануды жөн көрдім. Спортпен дос болу жігіт болған соң алдымен өзіңді қорғау үшін керек қой. Осы ойым уақыт өте келе нағыз спорттың айдынына жетеледі. Қазір спортсыз өмірімді елестете алмаймын. Әркімнің сүйікті ісі болуы керек. Сонда ғана өмір мәнді-мағыналы болады. Мен осы салада өзімді жетілдіріп, алға қарай ұмтылып жатырмын. Кез келген мүмкіндікті бос жібермей, уақытты тиімді пайдалану да жетістікке жетелейді.

– Сіздің әр жетістігіңізге қуанып, жеңіске жету жолында сөз көмегін беретін, жігерлендіретін жандар көп пе?

– Жалпы, спортты жанындай жақсы көретін, әрбір сайыста қолдауын аямайтын жанкүйерлерім бар. Арамызда ешбір туыстық қатынас болмаса да рухани демеу болатын жақсы адамдардың бар екенін жиі сезінемін. Осы дүние күш-қуат сыйлайды. Ал кез келген қуанышымда қасымнан табылатын қос «қанатым» бар. Әрине, жетістікке қол жеткізуімде мені жарық дүниеге әкелген анамның еңбегі өлшеусіз. Анам мені мақтан тұтқанын қалаймын. Осы жолда талмай еңбек етіп, өзімді жетілдірудемін. Анам мені жалғыз өзі өсіріп, тәрбиелегендіктен ол кісіге құрметім мәңгілік. Сонымен қоса, болашақ жарым да мені күн сайын кешегіден де мықты болуға ынталандырады. Ол ешқашан қолдауын аяған емес. Менің алға қадам басуыма демеу болатын осы екі жақыным бар.

– Негізгі мамандығыз программист екен. Алайда қазір спортқа толықтай бет бұрған тәріздісіз…

– Иә, спортқа хобби ретінде қарап жүрген кезімде нақты бір мамандықты меңгеруім керек деген мақсат болды. Сол себепті компьютер әлемін таңдаған едім. Дегенмен, біздің ойлағанымыз болмайды ғой. Өмір өзі осы арнаға бұрды. Техниканың тілін білу де артық емес. Бүгінде Волгоград облысында келісімшартпен танк әскерінде жұмыс істеймін.

– Сұхбат соңында қазақстандықтарға 105 жылдық тарихы бар «Qazaq» газеті арқылы ақжарма тілегіңізді айтуыңызға болады…

– Алдымен, газет ұжымына алғысымды айтқым келеді. Әрдайым ізденіп, жаңашылдыққа ұмтылып жүретін газеттің мерейлі мерекесімен де құттықтаймын. Сіздердің газеттеріңізге мен жайлы ақпарат бұдан бұрын да жарық көрген болатын. Қазақстандағы жастардың алар асуы алда. Бастысы, бір-біріне тірек болып, қолдауларын аямаса, мақсаттарына жетері анық. Кез келген жаста спортты серік етіңіздер. Адамның жасы – өмірінің өлшемі емес. Қазақ елін жақсы көремін! Тек қана алға!

– Армандарыңыз орындалсын!

Сұхбаттасқан: Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті

РЕДАКЦИЯДАН: Берік Сұлтанғалиев жұдырықтасуды ұнатады, шаршы алаңда өзін еркін сезінеді. Соққысы зілдей. Енді біраз ысылса ушу-саньда бойынша Ресей Федерациясындағы мықты спортшының бірі болғалы тұр. Қазірдің өзінде мамандар назарына ілікті. Тіл-көзден сақтаса, болашақта 34 жастағы ресейлік атақты ушу-саньдист Муслим Салихов (ушу-саньдадан бес дүркін әлем чемпионы, «Кунг-Фу патшасы» атағын жеңіп алған әлемдегі жалғыз қытай емес өзге ұлт өкілі, – ред.) сынды саңлақтың ізін басатын жас талантты жанкүйер қауым талай биіктен көретін күн де алыс емес. Айтпақшы, Беріктің өзі жоғарыдағы сұхбатында Қазақстанға келіп, спортшы ретінде қалыптасқысы келетінін жасырмай айтты. Несі бар, 22 жастағы спортшының тарихи Отанына оралуына құзырлы орындар тарапынан да қадам жасалуы керек. Өйткені, Беріктің жұлдызы тарихи Отанында жанатынына еш күмән жоқ. Редакцияның тілеуі де осы!

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here