Жастар саясаты: Жастарды қолдаудың жаңа бағыты

0
2207

Алатаудың баурайындағы Алматы қашанда жаңашылдық пен серпіннің қаласы. Мұнда күн сайын жаңа идеялар туып, тың бастамалар қанат жаяды. Ал, сол өзгерістердің алдыңғы қатарында – ел болашағын айқындайтын жалынды жастар тұр. Бүгінде мегаполис тек экономикалық және мәдени орталық қана емес, сонымен қатар жас буынның арманы мен мақсаты тоғысқан, мүмкіндіктерге толы үлкен алаңға айналды. Қаланың қарқынды дамуы жастардың белсенділігімен тығыз байланысты. Осындай бастамалардың қалай жүзеге асып жатқаны, жастарға арналған жаңа жобалар мен бағдарламалардың мазмұны, сондай-ақ алдағы жоспарлар туралы білу үшін Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының баспасөз хатшысы, «Jas LIVE» медиа орталығының жетекшісі Мейіржан Ерболатұлымен ашық әңгімелескен едік. Қаланың тынысын жастармен байланыстыратын бұл әңгімеде NEET санатындағы алматылық жастардың үлесі, жаңа мүмкіндіктер, тың жобалар мен белсенді буынның болашағы туралы кеңінен сөз қозғалды.

АЛМАТЫ ЖАСТАРЫ: МҮМКІНДІКТЕР МЕКЕНІ

– Алматы қаласында жүзеге асып жатқан жастар саясатының негізгі басымдықтары қандай?

– Алматы – қашанда жасампаз жастардың қаласы. Сондықтан, мегаполистегі жастар саясатының басты мақсаты – жас буынның әлеуетін толық ашып, олардың өмірде өз орнын табуына жан-жақты жағдай жасау. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жастардың әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығын нығайтуға негізделіп отыр. Ең алдымен, сапалы білім алуға мүмкіндік беру, кәсіби бағдарды дұрыс қалыптастыру және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге жол ашу басты назарда. Сонымен қатар, жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, олардың бастамалары мен тың идеяларын қолдау, кәсіпкерлікке бет бұрған жас азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру да маңызды міндеттердің бірі. Алматыда еріктілік қозғалысы да ерекше серпін алып келеді. Жастар қоғамдық өмірге белсенді араласып, түрлі әлеуметтік жобаларға атсалысу арқылы азаматтық жауапкершілігін танытып жүр. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал санаттағы жастарға жүйелі қолдау көрсету, олардың психологиялық саулығын сақтау, құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері де назардан тыс қалған емес. Жалпы, қалада жастар үшін ашық әрі инклюзивті орта қалыптастыру бағытында нақты жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл – жастардың тек бүгінгі күніне емес, олардың жарқын болашағына жасалып жатқан маңызды қадамдардың бірі.

– Қала жастары үшін қандай нақты жобалар іске қосылды? Жастар ұйымдары мен еріктілер қозғалысының рөлі қаншалықты артты?

– Соңғы жылдары белсенді жастардың білімін жетілдіруге, қабілетін шыңдауға бағытталған бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Солардың бірі – қысқа мерзімді курстар арқылы тегін білім беруге мүмкіндік жасаған «Skill All» жобасы. Бұл бастама көптеген жасқа жаңа мамандық игеріп, еңбек нарығында өз орнын табуға жол ашып отыр. Қысқа уақытта сұранысқа ие дағдыларды меңгерген жастар бүгінде түрлі салада өз кәсібін бастап, жаңа мүмкіндіктерге қадам басуда.

Жастардың шығармашылығын, белсенді өмір салтын және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі мәдени-спорттық жобалар да ұйымдастырылды. Соның бірі – Халықаралық жастар күні аясында өтетін «Alma love» фестивалі. Бұл шара қаланың жас тұрғындарын біріктіріп, олардың өнері мен бастамаларын кеңінен танытуға мүмкіндік беретін ерекше алаңға айналды. Ал, жастар арасында өткізілетін «Youth Nomads» ұлттық ойындар фестивалі дәстүр мен заманауи серпінді үйлестіріп, жастарды ұлттық спорт түрлеріне баулудың жарқын үлгісін көрсетті. Бұдан бөлек, мегаполисте жастардың еркін ой бөлісіп, жаңа жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін комьюнити-орталықтар мен ашық креативті кеңістіктердің жұмысы айтарлықтай кеңейді. Бұл орталықтар бүгінде жас азаматтардың идеяларын талқылайтын, тәжірибе алмасатын және қоғамға пайдалы бастамаларды іске асыратын маңызды алаңға айналып отыр.

Осы үрдісте жастар ұйымдары мен еріктілер қозғалысының рөлі де айрықша күшейе түсті. Бүгінде еріктілер тек іс-шараларға қатысушы ғана емес, көптеген әлеуметтік жобалардың бастамашысы әрі сенімді серіктесі ретінде қалыптасып келеді. Соңғы екі жылдың ішінде Алматыдағы еріктілер саны 50 мыңнан 58 мыңға дейін артса, ірі еріктілер қозғалыстарының саны 26-дан 32-ге дейін көбейді. Бұл көрсеткіштер қала жастарының қоғам өміріне бейжай қарамай, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастырып келе жатқанын айқын аңғартады. Демек, бүгінгі Алматы жастары – тек болашақтың иесі ғана емес, қазіргі қоғамның дамуына нақты үлес қосып жүрген белсенді күш.

ЗАМАНАУИ ҚОҒАМДАҒЫ ЕРІКТІЛЕР ҚОЗҒАЛЫСЫ

– Қазақстан бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл шешімнің маңызы қандай?

– 2026 жылдың Халықаралық еріктілер жылы болып жариялануы – еріктілік мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін тарихи маңызы бар бастама. Бұл шешім еріктілер қозғалысының қоғамдағы беделін арттырып қана қоймай, азаматтық жауапкершілік пен өзара жанашырлық құндылықтарын нығайтуға үлкен серпін береді.

Шын мәнінде, еріктілік – қоғамның бірлігі мен адамгершілік қағидаларын айқындайтын маңызды әлеуметтік құбылыс. Сондықтан, мұндай халықаралық деңгейдегі бастама еріктілер еңбегінің маңызын әлемге тағы бір мәрте танытып, олардың қызметін жүйелі дамытуға жол ашады.

Алматы қаласында да еріктілердің әлеуметтік мәртебесін көтеру, олардың қызметін қолдау және дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, еріктілерді оқыту бағдарламаларын жүйелеу, волонтерлік сағаттарды есепке алу жүйесін жетілдіру, олардың еңбегін лайықты бағалап, марапаттау және ынталандыру тетіктерін кеңейту секілді бастамалар қолға алынуда. Еріктілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тұрғыда қорғалуын күшейту мәселесі де басты назарда. Осы бағытта Алматы қаласында «Almaty Volunteers – 2026» атты жаңа қалалық бағдарлама іске қосылмақ. Бұл жоба қаладағы барлық еріктілерді бір ортақ цифрлық алаңға біріктіретін заманауи экожүйе құруды көздейді. Бағдарлама аясында бірыңғай цифрлық база жасақталып, волонтерлік сағаттарды есепке алудың ашық әрі тиімді жүйесі енгізіледі.

Сонымен қатар, әр ауданда еріктілер қозғалысының дамуына серпін беретін арнайы амбассадорлар бекітіледі. Бұдан бөлек, еріктілердің кәсіби әлеуетін арттыру мақсатында «Volunteer Academy Almaty» атты оқыту мектебін ашу жоспарланып отыр. Бұл орталықта волонтерлерге көшбасшылық, әлеуметтік жобаларды басқару, коммуникация және қоғамдық бастамаларды тиімді жүзеге асыру бағытында арнайы білім беріледі.

Жалпы алғанда, мұндай бастамалар еріктілік қозғалысының ауқымын кеңейтіп қана қоймай, жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Өйткені, еріктілік – тек көмек көрсету ғана емес, ол адамды жауапкершілікке, жанашырлыққа және ортақ игілік жолында қызмет етуге тәрбиелейтін үлкен мектеп.

NEET САНАТЫНДАҒЫ АЛМАТЫЛЫҚ ЖАСТАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

– Алматы қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытында қандай бағдарламалар тиімді нәтиже беріп отыр?

– Бүгінде жастарды жұмыспен қамту мәселесі жүйелі түрде қолға алынып, нақты нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. Қаланың 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді жоспары аясында жастарды әлеуметтендіруге арналған арнайы кешенді бағдарлама әзірленді. Оның басты мақсаты – қоғамда ерекше назарды қажет ететін NEET санатындағы, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін және білім беру жүйесінен тыс қалған жастардың үлесін азайту. Жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде бұл бағытта оң өзгерістер байқалып отыр. Мәселен, NEET санатындағы жастардың үлесі 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы 6,4 пайыздан 2025 жылдың үшінші тоқсанында 5 пайызға дейін төмендеді. Яғни, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,4 пайызға қысқарды.

Мысалға Jasalmaty.kz платформасын алайық. Бұл цифрлық алаң арқылы 20 мыңнан астам қолданушы мен 3 мыңға жуық жұмыс беруші бір жүйеге біріктіріліп, 5 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Платформа жастарға өзіне лайықты жұмыс табуға қолайлы әрі тиімді мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар, жастардың жаңа мамандық игеруіне жағдай жасаған «Skill All» жобасы да тиімді бастамалардың бірі ретінде танылды. Аталған жоба аясында 12 мыңнан астам жас тегін білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік алды. Жұмыс іздеп жүрген жастарды жұмыс берушілермен тікелей байланыстыру мақсатында қала базарларында ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де өз тиімділігін көрсетті. Бұл шараға 18 мыңнан астам жас қатысып, оның 2,8 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, 12 мыңға жуық жас тегін оқыту курстарына жолдама алды.

Жалпы алғанда, мұндай жобалар жастардың еңбек нарығына бейімделуіне, өз қабілетін танытып, тұрақты табыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадамдардың бірі.

– Алматы жастарының өз бастамасымен жүзеге асқан ерекше жобаларды атап өтсеңіз.

– Біздің жастар қоғамдық өмірдің түрлі саласында белсенді. Әсіресе, әлеуметтік, экологиялық және қайырымдылық бағытындағы жобалар жиі қолға алынуда. Мысалы, қаланың экологиялық мәдениетін дамытуға бағытталған «Eco Patrul» қозғалысы жастар арасында үлкен қолдау тапты. Сонымен қатар, тұрғындарға тегін тіл үйретуге арналған «Тілдер саябағы» жобасы да тиімді бастамалардың бірі.

Тағы бір қызықты жоба – ашық аспан астында ұйымдастырылатын кинокөрсетілімдер. Бұл бастама арқылы 30 мыңнан астам қала тұрғыны отандық туындылармен танысуға мүмкіндік алды.

КОМЬЮНИТИ-ОРТАЛЫҚТАР НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ?

– Жастар ресурстық орталықтарының жұмысы қаншалықты нәтижелі?

– 2023 жылдан бастап Алматыда жастарға арналған жаңа форматтағы комьюнити-орталықтар ашыла бастады. Қазіргі уақытта қалада 11 комьюнити-орталық жұмыс істейді, ал биыл тағы 5 жаңа орталық ашу жоспарланып отыр. Бұл орталықтар – жастарға арналған көпфункционалды қоғамдық кеңістік. Мұнда мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беріледі, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі, NEET санатындағы жастар қысқа мерзімді курстар арқылы жаңа мамандық игеріп, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.

– Жастар саясатының тиімділігін арттыру үшін қандай жүйелі реформалар қажет деп ойлайсыз?

– Ең маңызды мәселе – жастармен тұрақты кері байланыс орнату. Жастардың пікірін ескеріп, олардың шешім қабылдау процестеріне қатысуын кеңейту қажет. Жастар саясаты тек жоғарыдан қабылданатын шешімдермен шектелмеуі тиіс. Ол жастардың нақты қажеттіліктері мен ұсыныстарына негізделген кезде ғана нәтижелі болады.

– Бүгінгі алматылық жастардың басты артықшылығы мен мәселесі неде?

– Бүгінгі жастардың басты артықшылығы – жылдамдық, креативті ойлау және ашықтық. Олар жаңа идеяларды тез қабылдайды, трендті ғана бақылап қоймай, оны нақты жобаға айналдыра алады.

Алматы – мүмкіндіктер қаласы. Бірақ, мүмкіндік күтіп отырған адамға емес, әрекет еткен адамға ашылады. Сондықтан, жастарға айтарым: уақыттарыңызды тиімді пайдаланып, пайдалы дағдылар жинап, қоғамға үлес қосуға ұмтылыңыздар. Жастардың ең үлкен капиталы – уақыты, денсаулығы және таңдауы. Осы құндылықтарды дұрыс пайдалана білген жас буын ел болашағын қалыптастырады деп сенемін.

– Ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз.

Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here