Бала – болашақтың бейнесі, ел ертеңінің асыл үміті. Әр баланың бойындағы талантты танып, қиялына қанат бітіріп, шығармашылыққа жол ашу – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осындай игі мақсат жолында талай жас таланттың талабын шыңдап, өнері мен білімін ұштап келе жатқан ерекше орданың бірі – Алматы қаласындағы Оқушылар сарайы. Бұл шаңырақта сан түрлі үйірмелер мен шығармашылық бағыттар арқылы балалар өз қабілетін дамытып, арманына жақындай түседі. Осы орайда біз Алматы қаласы «Оқушылар сарайы» мемлекеттік мекемесінің директоры Айгүл Байсымақовамен кездесіп, жас ұрпақтың шығармашылығы, олардың таланты мен мүмкіндігін дамыту бағытындағы жұмыстар жайында әңгімелескен едік.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА ЖОЛ АШҚАН ОРТАЛЫҚ
– Айгүл Болатбекқызы, Оқушылар сарайында қанша үйірме жұмыс істейді, қанша бала қосымша білімін жетілдіріп жатыр және қаланың барлық ауданынан балалар келе ме?
– Оқушылар сарайы – жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін шыңдап, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін білім мен тәрбие орталығының бірі. Бүгінде бұл ордада балалардың қызығушылығы мен талғамына сай 8 бағыт бойынша 237 балалар бірлестігі (үйірмелер мен секциялар) жұмыс істейді. Атап айтқанда, мұнда экологиялық-биологиялық бөлімі, туристік-өлкетану бөлімі, классикалық музыка мектебі, балалар джаз музыка мектебі, көркемдік-эстетикалық және қолданбалы шығармашылық бөлімі, балалар ынтасын үйлестіру бөлімі, спорт бөлімі, сондай-ақ ғылыми-техникалық шығармашылық бөлімі бар. Осы бағыттар арқылы мыңдаған бала қосымша білім алып, қабілетін дамытып, шығармашылық әлеуетін шыңдап жатыр. 2025-2026 оқу жылында Оқушылар сарайында 15 мыңға жуық бала түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысып, өнер, ғылым, спорт және техника салаларында өз мүмкіндіктерін кеңейтуде. Оқушылар сарайының есігі Алматы қаласының барлық ауданынан келетін балаларға айқара ашық. Сондықтан бұл жер – қаланың әр түкпірінен жиналған талапты да талантты балалардың басын қосып, олардың арманы мен қызығушылығын тоғыстыратын ерекше шығармашылық ортаға айналған.
– Оқушылар сарайындағы үйірмелерге қатысу үшін қандай да бір талап немесе арнайы тест қарастырылған ба?
– Оқушылар сарайындағы үйірмелердің басым бөлігіне қабылдау баланың жеке қызығушылығы мен ынтасына негізделеді. Яғни, әрбір бала өзіне ұнайтын бағытты таңдап, сол үйірмеге еркін қатыса алады. Үйірмелерге тіркелу bilimalmaty.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Бұл үдеріс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы №385 бұйрығымен енгізілген «Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының қызметінің үлгілік қағидаларына» сәйкес жүргізіледі. Ата-аналар алдымен өздерінің электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) арқылы порталға тіркеліп, баласының қызығушылығына сай үйірмені таңдайды. Кейін сол бағыт бойынша онлайн өтінім жіберіп, белгіленген құжаттарды тапсырғаннан кейін бала үйірмеге қабылданады.
Ал, классикалық музыка мектебі мен балалар джаз музыка мектебіне қабылдау кезінде балдырғандардың музыкалық қабілеті ескеріледі. Қағидалардың 37-тармағына сәйкес, музыка мектептеріне қабылдау барысында баланың өнер саласына, әсіресе музыкаға бейімділігін анықтау мақсатында арнайы әңгімелесу өткізіледі. Бұл кезде баланың музыкалық есту қабілеті, ырғақты сезінуі және шығармашылыққа икемі бағаланады. Сонымен қатар, 38-тармаққа сәйкес негізгі оқу бағдарламасына дайындық ретінде музыка мектептерінің дайындық топтарына 8 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Олардың қабілеті мен бейімділігін анықтау үдерісі тәжірибелі педагогтардан құралған арнайы комиссияның қатысуымен өтеді. Мұндай тәсіл әр баланың табиғи дарынын дұрыс бағытта дамытып, оның шығармашылық әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.


ӘР БАЛАҒА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН ОРТА
– Тарихы терең Оқушылар сарайынан шыққан танымал тұлғаларды айта аласыз ба?
– Алматы қаласы Оқушылар сарайының тарихы бай әрі тағылымға толы. Бұл білім ордасы 1983 жылдың 30 қыркүйегінде ашылып, оның құрылуына Алматы қалалық атқару комитеті мен Қазақ КСР Білім министрлігі бастамашы болды. Сондай-ақ, бұл игі іске мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ерекше қолдау көрсеткен. Ал, сарай ғимараты 1984 жылдан бастап республикалық маңызы бар тарих және сәулет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде бұл шаңырақ талай дарынды жастың қанатын қатайтып, үлкен өмірге жол ашқан қасиетті білім ордасына айналды. Оқушылар сарайында кәсіби әрі тәжірибелі педагогтар еңбек етіп келеді. Солардың қатарында бокс жаттықтырушысы Нұрлан Мұхамбетқалиев, Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі Сәуле Садықова, шахмат клубының түлегі әрі оқытушысы Вероника Кулакова, «Жібек жолы» хореографиялық ансамблінің жетекшісі Альфида Когут, «Алақай» вокал үйірмесінің жетекшісі Татьяна Кулинова және «Арай» жоғары сынып оқушылары клубының жетекшісі Оксана Лаврушенко бар.
Оқушылар сарайының қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттердің арасында ғылым, мәдениет, өнер және спорт саласында танылған көптеген тұлғалар бар. Солардың қатарында белгілі қазақстандық журналист Геннадий Бендицкий, танымал тележүргізуші, шоумен әрі театр актері Роман Альманский, Наталия Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры актрисасы Галина Табала, Алматы қаласындағы инклюзивті бағдарламалар жетекшісі Салтанат Мурзалинова-Яковлева бар. Сондай-ақ спорт саласында да сарайдың түлектері зор жетістіктерге жетіп келеді. Мәселен, қазақстандық боксшы Виктория Графеева 2024 жылы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, 2025 жылы International Boxing Association ұйымдастырған әлем чемпионатында күміс және қола жүлдегер атанды. Мұның бәрі – Оқушылар сарайының жас таланттарды тәрбиелеп, олардың қабілетін ұштап, үлкен өмірге бағыт-бағдар беретін ерекше білім мен шығармашылық ортасы екенін айқын көрсетеді.
– Былтыр қанша бала республикалық және халықаралық байқауларға қатысты және соның қаншасы жүлделі орынға ие болды?
– Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері жыл сайын республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулар мен фестивальдерге белсенді қатысып, ғылым, өнер, техника және спорт салаларында өз білімдері мен таланттарын паш етіп келеді. Бұл жарыстар жас дарындардың шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, олардың үлкен белестерге ұмтылуына жол ашады. Мәселен, Оқушылар сарайының түлегі, ғылыми-техникалық бағыттағы дарынды жас зерттеуші Шолпан Аманкелді ғылыми жобалары үшін «Елбасы медалімен» марапатталып, «CubeSat» жобасымен халықаралық MILSET Expo-Sciences Vostok 2022 көрмесінде жоғары бағаланды. Сондай-ақ Индонезияда өткен өнертабыстар мен инновациялар форумында алтын медаль иеленді. Ол бұдан бөлек АҚШ-та өткен әлем чемпионатында Алматы құрамасының сапында өнер көрсетіп, командасын үздік ондыққа енгізсе, жеке есепте алтын жүлдеге қол жеткізді. Қазіргі уақытта жас ғалым Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында білімін жалғастырып жатыр.
Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдары мен жеке орындаушылары да халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетуде. 2025 жылы олар Испанияда өткен Festalonia Milenio халықаралық байқауында, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырылған беделді өнер сайыстарында Гран-при мен лауреат атақтарына ие болды. Жетістіктерінің ішінде джаз оркестрін ерекше атап өтуге болады. Ұжым бірнеше жылдан бері АҚШ-та өтетін халықаралық джаз конференциясының тұрақты қатысушысы. 2025 жылы джаз-бэнд жетекшісі Тагир Зариповтың бастамасымен Америкада өткен JJF джаз фестивалінде жас музыканттарымыз бірінші орынға ие болды. Бұл жеңіс жас өнерпаздардың орындаушылық шеберлігі мен шығармашылық деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, спорттық және туристік-өлкетану бағытында білім алып жүрген оқушылар да түрлі жарыстарда Алматының намысын абыроймен қорғап келеді. Олар «Менің Отаным – Қазақстан» республикалық туристік-экспедициялық жасақтар слетіне және халықаралық турнирлер мен жарыстарға тұрақты түрде қатысады. Жалпы, 2024-2025 оқу жылында Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері 8 бағыт бойынша 704 байқау мен жарыста лауреат атанып, 328 оқушы ғылыми-практикалық және шығармашылық көрмелерде жүлделі орындарға ие болды.
Бүгінде Оқушылар сарайының түлектері бірқатары шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Мәселен, Төребаева Камила АҚШ-тың Майами қаласындағы музыкалық университетке оқуға түсуге дайындалуда, ал Баймолдаева Алтынай Сан-Франциско қаласындағы музыкалық университеттің екінші курсында білім алып жатыр. Осының барлығы – жас дарындардың тынымсыз еңбегі мен ізденісінің, сондай-ақ ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен табанды еңбегінің жарқын нәтижесі.
– Оқушылар сарайындағы оқытушылық құрам туралы айтып өтсеңіз, мамандардың білімі мен тәжірибесі қандай?
– Оқушылар сарайында жоғары білікті, тәжірибесі мол педагогтардан құралған шығармашылық ұжым еңбек етеді. Мұнда өз ісіне адал, балалардың қабілетін ашуға бар күш-жігерін жұмсап жүрген кәсіби ұстаздар, өнер мен спорт саласының білікті жетекшілері қызмет атқарады. Олардың басым бөлігі – жоғары білімді, көпжылдық тәжірибесі бар. Ұстаздарымыздың еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланған. «Құрмет» ордені, «Шапағат», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» секілді беделді медальдар мен төсбелгілермен марапатталған педагогтар бар. Оқушылар сарайының оқытушылары шәкірт тәрбиелеуде де айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Бүгінде олардың жетекшілігімен 102 лауреат пен 45 дипломат тәрбиеленіп, қалалық, республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Спорттық бағытта да жоғары нәтижелер бар: мұнда спорт шебері және спорт шеберіне үміткер дәрежесін иеленген жаттықтырушылар жұмыс істейді. Сонымен қатар, 62 педагог Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған. Кейбір ұстаздар авторлық куәліктерге ие болып, туризм саласында да арнайы атақтарға қол жеткізген. Бұл жетістіктер – Оқушылар сарайындағы педагогтардың кәсіби шеберлігін, шығармашылық белсенділігін және балаларға сапалы білім мен тәрбие берудегі қажырлы еңбегін айқын көрсетеді.


МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ – БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА СЕРПІН
– Балалар шығармашылығын қолдауға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?
– Балалардың шығармашылық қабілетін дамыту – мемлекет саясатының маңызды әрі басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта елімізде қосымша білім беру ұйымдарын қолдауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет тарапынан материалдық-техникалық база нығайтылып, жаңа үйірмелер ашуға, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге және балалардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған түрлі қолдаулар бар.
Сонымен қатар, дарынды балаларды қолдау мақсатында республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысуына мүмкіндік жасалып, олардың өнерін, ғылыми ізденісін және спорттағы жетістіктерін дамытуға арналған бағдарламалар іске асырылуда. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың өз талантына сенімін арттырып, үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашады.
Бұдан бөлек, шығармашыл әрі дарынды балаларға арналған гранттар, білім беру бағдарламалары, фестивальдер мен ғылыми жобалар конкурстары ұйымдастырылып келеді. Осындай қолдаулар арқылы жас буын өз мүмкіндігін кеңінен танытып, елдің мәдениеті мен ғылымының, өнері мен спортының дамуына үлес қосатын тұлға болып қалыптасып келеді.
Оқушылар сарайы – талантты балалардың қанатын қатайтып, арманын асқақтататын ерекше орта. Мұнда әрбір бала өз жолын тауып, шығармашылыққа қадам жасап, болашақта қоғамға пайдасын тигізетін білімді әрі қабілетті тұлға болып қалыптаса алады.
– Ашық әңгімеңізге алғыс білдіреміз.
Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ












