Сәбит ИСАХАН: «Қазақстан тек технологияны тұтынушы емес, оны жасаушы елге айналуы тиіс»

0
1770

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Цифрлық елге айналуды мақсат еткен ел үшін бұл – стратегиялық жоспарды орындауға деген нақты қадам. Бүгінде елде IT саласы қалай дамып жатқанын IT-кәсіпкер, IssakhanLabs IT агенттігінің және VektaOS AI платформасының негізін қалаушы Сәбит Исаханнан сұраған едік.

– Сәбит Досалыұлы, Сіз IT саласының маманысыз, соған орай алғашқы сұрағым: соңғы жылдардағы Қазақстандағы IT саласының даму қарқынын қалай бағалайсыз?

– Елімізде IT саласы соңғы бірнеше жылда айтарлықтай қарқынмен дамып келеді. Бұрын негізгі назар цифрландыру мен аутсорсингке аударылса, бүгінде өз өнімдерін жасап, халықаралық нарыққа шығуға ұмтылатын стартаптар саны артты.

Бұл бағытта Astana Hub маңызды рөл атқарып отыр. Ол стартаптардың дамуына қолдау көрсетіп, кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастырып, халықаралық бағдарламалар мен инвесторларға шығуға мүмкіндік беретін экожүйеге айналды. Осындай бастамалардың арқасында Қазақстандағы технологиялық кәсіпкерлік жаңа деңгейге көтерілді.

Дегенмен, біз әлі де өнімдік (product) компаниялардың санын арттыруымыз керек. Себебі, ел экономикасын алдағы болашақта қарқынды дамытып, құндылық әкелетін негізгі бағыттардың бірі – дәл осындай жаһандық нарыққа жұмыс істейтін технологиялық өнімдер. Қазақстанда мұндай әлеует күші бар, ендігі міндет – оны толық пайдалану.

– Қазіргі таңда жасанды интеллект IT саласына қалай әсер етіп жатыр?

– Жасанды интеллект бүгінде жай ғана тренд емес, ол кез келген IT өнімінің маңызды бөлігіне айналуда.

Бұрын бағдарламашылар көптеген жұмысты қолмен орындаса, бүгінде ЖИ код жазуға, дизайн жасауға, аналитика жүргізуге, контент дайындауға көмектеседі. Бұл өнімділікті бірнеше есе арттырады.

Сонымен қатар, ЖИ-дың мүмкіндігі мұнымен шектелмейді. Оны тек цифрлық өнімдер жасау үшін ғана емес, қауіпсіздік саласында қауіптердің алдын алуға, медицинада ауруларды ерте анықтауға, экологияда қоршаған ортаны бақылауға, ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыруға, сондай-ақ ірі қалалардағы көлік қозғалысын талдап, кептелістерді азайтуға пайдалануға болады.

Сондықтан жасанды интеллектті тек технологиялық құрал ретінде емес, көптеген салалардың тиімділігін арттыратын әмбебап шешім ретінде қарастыруымыз керек.

Ең бастысы – ЖИ адамның орнын басу үшін емес, оның мүмкіндігін арттыру үшін қызмет етеді. ЖИ-ды тиімді қолдана білетін мамандар мен компаниялар алдағы жылдары үлкен артықшылыққа ие болады.

– Қазақстан ЖИ саласында қай деңгейде деп ойлайсыз?

– Қазақстанда талантты мамандар жеткілікті. Көптеген біздің инженерлеріміз халықаралық компанияларда жұмыс істеп жүр.

Ендігі басты міндет – тек кадр дайындау емес, өзіміздің ЖИ өнімдерін жасау. Біз тек технологияны тұтынушы емес, оны экспорттайтын мемлекетке айналуымыз керек.

– Жастарға қандай бағыттарға көңіл бөлуге кеңес берер едіңіз?

– Бүгінде тек бағдарламалау тілін білу жеткіліксіз. Менің ойымша, үш негізгі бағыт маңызды:

  • Жасанды интеллектпен жұмыс істеу;
  • Өнімдік ойлау (Product Thinking);
  • Бизнесті түсіну.

Кез келген инженер пайдаланушының мәселесін түсініп, оны шешетін өнім жасай алуы қажет.

IT саласының маманы ретінде елімізде IT компанияларын дамыту үшін не қажет деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, халықаралық нарықты ойлау керек. Көп жағдайда біз өнімді тек жергілікті нарыққа арнап жасаймыз. Ал егер алғашқы күннен бастап әлемдік аудиторияны көздесек, компанияның өсу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. Сонымен қатар, инвестиция, менторлық (тәлімгерлік) және тәжірибелі өнім мамандарының саны көбейгені маңызды.

Қазіргі таңда өзіңіз қазір қандай жобалармен айналысып жүрсіз?

– Қазіргі таңда бірнеше ЖИ бағытындағы цифрлық өнімдерді дамытып жатырмын. Негізгі жобам – VektaOS. Бұл жасанды интеллектпен жұмыс істейтін жеке өнімділік жүйесі. Қосымша адамның күнделікті тапсырмаларын, мақсаттарын, уақытын және әдеттерін бір жерден басқаруға мүмкіндік береді.

VektaOS-тың басты ерекшелігі – ЖИ тек ақпарат көрсетіп қана қоймай, пайдаланушының жұмысын талдап, қай бағытқа көбірек көңіл бөлу керектігі жөнінде ұсыныстар береді. Яғни, жүйе адамның өнімділігін арттыруға көмектесетін жеке цифрлық кеңесші рөлін атқарады.

Сонымен қатар, туризм саласы және басқа да ЖИ негізіндегі цифрлық сервистерді әзірлеу бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

Қазақстанның технологиялық болашағын қалай елестетесіз?

– Менің ойымша, алдағы бес-он жылда ең үлкен өзгерістер дәл жасанды интеллекттің арқасында болады. Қазақстанда талантты жастар жеткілікті. Егер біз білімге, өнім жасау мәдениетіне және инновацияға тұрақты инвестиция құя берсек, халықаралық деңгейдегі технологиялық компанияларымыздың саны бірнеше есе өседі. Ең бастысы – дайын технологияларды қолданумен шектелмей, өзіміздің әлемдік нарыққа арналған өнімдерімізді жасау.

– Сәбит Досалыұлы, әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен: Есбол ҚУАТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here